Ауғанды басқан түнектен өзбек неге шошып отыр?
Ауғанстандағы жағдай мен оның алдағы уақытта Өзбекстанға тигізуі мүмкін әсері туралы өзбек экономисі, экономикалық сараптама мен реформалар жөніндегі зерттеу орталығының жетекшісі Бахтиер Эргашев өз пікірін білдірген екен.
– Ауғанстанда адам сияқты дұрыс мемлекет құрамыз деген кезекті құлшыныс сәтсіз аяқталды. Тағы да қаланы қышлақ жеңіп кетті. Молда бастаған қараңғы ауыл адамдары Кабулдағы орталық билікті жеңді. Талибан деген радикалды, қараңғы, фундаменталистік, антимодернизаторлық әскери-саяси қозғалыс. Олар ауған ауылдарындағы сауаты төмен халықтың дәстүрлі патриархаттық сезімдерін қоздыру арқылы жеңіп отыр. Сондықтан талибанды біреу қолдан жасаған деуге болмайды. Талибан – Ауғанстанның әр түкпіріндегі ауылдықтардың антимодернизаторлық арманы. Армандарына қолы жетті, міне.
Қазіргі талибан басқа бірақ. Бұлар мықтап келді билікке, ұзаққа келді. Солтүстік альянс жоқ, Ахмад шах Масуд сықылды фигура жоқ. Бұған дейін де Ауғанстанда билікте болған бірінші талибанды бес жылдың ішінде небәрі үш-ақ мемлекет мойындаған. Енді бұл талибанды, меніңше, одан әлдеқайда көп мемлекет мойындайын деп отыр. Ертең-ақ мойындауға дайын отыр баз бір елдер.
Қазіргі талибанның күші дөрекі, тұрпайы екенін айтайын. Ауғанстанның ауылдарына арқа сүйеп, билікті басып алған бұл талибан экономикалық және әлеуметтік оң серпіліс жасай алмас. Елдегі барлық тайпалар мен ұлттардың, бизнес-топтардың көңілін табуға ебедейсіз болуы мүмкін. Қазіргі талибанның қатарында ары кетсе 12-20 мыңдай ғана нағыз тәліп бар, қалғаны түрлі тайпалар мен ауылдардың қаруланған қарақшылары мен содырлары. Олар қайтіп экономиканы дамыта алады, қалайша инвестиция әкеле алады елге? Олар инвестиция мен инвесторлардың қауіпсіздігіне кепілдік бере ала ма? Талибан ең алдымен осы сұрақтарға жауап беруі керек.
Ал Өзбекстан үшін бұдан қандай қорытынды жасай аламыз? Өзбекстан бұл талибан өзгерді дегенге еш сенбеуі керек деймін. Қасқырдың түсі ақ па, қара ма, сұр ма, көк пе – бәрібір. Қасқыр боп қала береді. Талибан Өзбекстанды жау көреді. Тікелей қарсы шаппаса да, қауіп зор. 90-жылдардың екінші жартысында ауған билігіне талибан келгенде бірден Баткен оқиғасы орын алғанын ұмытпайық. Содырлар Сурхандарияға басып кірмек болған. Бұл жолғы сценарий бойынша тәліптер билікті қолына алған соң, халықаралық террористердің бандылары Орталық Азияға қарай сүңгіп кетуге тырысуы бек мүмкін. Қазір бұрынғыдай НАТО әскері сияқты кедергі жоқ боп тұр олар үшін.
Өзбекстанның сыртқы экономикалық саясаты Ауғанстанмен бірге ірі экономикалық немесе инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асырарда сақтық пен прагматизмді ұмытпаса екен. Енді Ауғанстанмен «ойнағанда» біздің саясатымыздағы басты принцип біреу ғана болуы тиіс: «Өзбекстан Ауғанстанға ештеңе қарыз емес» деген. Иә, сауда-саттық керек, өз өнімдерімізді экспорттау керек. Қалған ірі жобалардың бәрін жоқ дегенде орта мерзімді болашақта қарастырамыз деп, барынша кейінге шегере тұру қажет. Бәрі талибанның экономикалық мәселелерді қалай шешетіні мен ішкі саяси жүйесін қалай реттейтініне байланысты. Бұл талибан үшін оңайға соқпайды, – дейді өзбек сарапшысы.