Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:25, 09 Желтоқсан 2021

Ауғаннан келген қазақтардың жағдайы қалай?

None
None

Жақында ғана тарихшы-этнограф Жамбыл Артықбаев әлеуметтік желідегі парақшасында екі ай бұрын Ауғанстаннан қазақ жеріне келген босқын қазақтардың дәл қазір не ішерге асы, не киерге киімі болмай отырғанын жазып, мәселе көтерді.

Бір отбасының фотосуреттерін де салды. «Жансауғалап келген жақынымызға жанашыр болайық!» дейді ол. 

         Қырқүйек айында Ауғанстандағы талибан режимінен қашқан қазақтар Қазақстанға көшіріп әкелініп, 35 этникалық қазақ Ақмола облысына қоныстанған болатын. Төрт отбасының біреуі Көкшетау қаласында, қалғаны Атбасар, Бурабай, Сандықтау аудандарында тұрып жатыр. Барлығына да мемлекет тарапынан әлеуметтік көмек көрсетілетіні де айтылған. Алайда Жамбыл Артықбаевтың жазуынша, Шортанды қаласына (Щучинск) жақын (60 шақырымдай) Кіндік Қарағай ауылына қоныстанған сегіз адамдық отбасының жағдайы қазір қиын екен. «Іштерінде 80-нен асқан әжелері бар, алды 20-да, арты 9-да – бес бала сол ауылдың қазағының қонақжайлығымен күн көріп отыр-мыс. Уәде берілген жұмыс жоқ, жұмыс болуы да мүмкін емес, ауылдың өзі шағын. Мектеп жабылудың сәл ғана алдында, бар-жоғы 20 бала оқиды. Бұл отбасыны осы ауылға алып келу де сол мектепті сақтап қалу ниетінен туындаған, мектеп жабылса, онда ауылдың күні де бітеді», – дейді ол.

         Шортанды қаласында тұратын, иран тілінен хабары бар, «Қазақ ТВ» Өзбек редакциясының жетекшісі Әбдімәлік Сарманов босқын отбасымен танысып, жағдайларын білемекке Кіндік Қарағайға барғанда олардың қиын жағдайда отырғандарына көз жеткізіпті. Қайтар жолында екі қолға бір күрек тауып беру мақсатымен бір қыз, бір ұлын қалаға алып келген екен. Балалары сегіз адамның ішінде тек әкелеріне ғана мектеп гардеробынан жарты ставка жұмыс табылғанын (22 мың теңге), қалғандары үйде екенін, мемлекеттен жәрдемақы берілмегенін, құжаттары ресмиленбегенін айтыпты. Алайда екі-үш күннен кейін Кіндік Қарағай жақтан «балалар ауылға қайтсын» деген хабар жетіп, мектеп мұғалімдері ауғаннан келген отбасы балалары түгел ауылда болуы керек деген талап қойылған соң, балалар қайтарылыпты.

         Жамбыл Артықбаев Кіндік Қарағайда тұрып жатқан ауған қазақтарының          үйі суық, оларға бөлінген көмір қанша жақса да, қызу бермейтін көмір (көмір жағатындар біледі, көмірдің әр түрі болады) екенін, үлкен әжелері суық тиіп ауырып жүргенін, тамақ қоры да жоқтығын айтады.

         «Өмірінде қыс ызғарын сезбеген, қар көрмеген Ауғанстан қазағы Арқаға қалай көндігеді екен деген ішімізде бір сұрақ болды. Оның үстіне бұл жақтың халқының ділі (менталитет) бөлек, тіл мәселесі бар, Ауған қазақтары, негізінен, иранша білім алған, ауызекі өзбек тілінде сөйлейді. Оған қоса, биліктің жағдайы да белгілі, көші-қон бағдарламалары бірталай шенеуніктерге майшелпек. Бұл күмәніміз бекер болмады. Ауған қазақтарын болсын, басқа қазақтарды болсын қыс ортасында солтүстік аймаққа, тіпті жылы аймақтарға көшіру үлкен қылмыс. Мемлекет тарапынан босқындарға, оралмандарға арналған бейімделу орталықтары неге жұмыс істемейді? Біз осы күнге дейін өз қандастарын қабылдап жатқан әлемдегі екі-үш елдің біріміз деп мақтанып келдік. Шын мәнінде бәрі стихиялық түрде, елдің қайырымдылығы, оралманның көнбістігі арқасында атқарылып жатыр. Оралман, әсіресе босқын қазақтар кемі бір жыл мемлекет қамқорлығында, яғни бейімделу орталықтарында болуы керек. Тілді, жазуды, заңды үйрету, денсаулықтарын бақылау осы орталықтарда іске асырылуы керек. Мектепті жаппау үшін алыстан «елім» деп жан сауғалап келген ағайынды не жұмысы жоқ, не медицинасы, не қатынайтын көлігі жоқ алыс ауылдарға мәжбүрлеп қоныстандыру – қылмыс. Мемлекет тарапынан оралманды, «босқынды қолдауға бөлінетін ақшаны ресми құжаттар дайын болғанша бермейміз» деп сіресіп отыру – ол да қылмыс. Мектеп мұғалімдерінің жағдайды көре тұра, балалардан айырылмау үшін ата-ананы «жәрдемақыларың берілмейді, азаматтық алмайсыңдар» деп қорқытып (Ауған босқындары биліктен, қызмет адамынан, ол тіпті мұғалім болсын, қатты қорқады) отырғаны қылмыс, осыған Қазақстан ұстаздар қауымдастығы өз бағасын береді деп сенемін», – дейді тарихшы-этнограф.

         Мән-жайды білу үшін Ақмола облыстық жұмыспен қамтуды және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Дина Ахметжановаға хабарласып едік, ол Ауғанстаннан оралған қазақтардың барлық жағдайы жасалғанын, жұмыспен қамтылғанын айтып, сол іспен айналысып жатқандарға шаң жуытпады. «Барлығы 35 адам көшіріп әкелінді. Олар жұмысқа орналастырылды, азық-түлік те, киім-кешек те, тұрмыстық заттар да апарып бердік. Алайда өздері жұмыс істегілері келмейді. Осындағы жұмыс берушінің айтқанына қарағанда, 1-2 күн шығып, кейін жұмысқа бармай қояды екен. Олардың құжаттары болмағандықтан, ұлты анықталмай отыр. Орталық органдар онымен айналысып жатыр. Енді біздің алдымызда олардың статусын анықтау мәселесі тұр. Содан кейін қаржылай көмек жалғаса береді. Бұл жағдайды реттеуге қазір прокуратураның да, ҰҚК-нің де қызметкерлері жұмылдырылып отыр», – дейді Дина Ахметжанова.

Жалпы, Ауғаннан келген азаматтар ғана емес, Қытай, Моңғолия, Өзбектан т.б. елдерден атажұртқа келген қандастар материалдық жағдайдан тыс, тіл мәселесінен қиналып жататынын жиі көреміз. Себебі олардың басым бөлігі еліміздегі ресми саналатын орыс тілін білмейді. Қазақ тілінде сөйлейді. Әлбетте, орысша сөйлейтін орталарда, қоғамдық орындарда оларға ойын жеткізу, адамдармен қарым-қатынас орнату қиындық туғызады.

Мысалы, ҚХР Алтай қаласы Балбағай әкімшілігінде ауыл шаруашылығын басқару маманы болып 20 жыл қызмет еткен Шәмелхан Бұқатхан өзінің де, мамандығы мұғалім әйелінің де жұмыссыз екенін айтады. Өзінің ақындығы да бар. Қазір елордада таксист болып күнелтіп жүр. 2018 жылы балаларымыз қазақ топырағында өссін деп, Қытайдағы жайлы тұрмысымызды тастап келдік дейді. Бұл кісімен мен сол такси шақырғанымда танысқан едім. Сонда көлікке отыра бергенімде, маған бірден: «Кешіріңіз, мен орысша түсіне бермеймін, сізге қазақ тілінде сөйлесем рұқсат па?» – деп сұраған менен. 

‒ Атажұрттың топырағын алғаш басқанда көңіл күй алай-дүлей болатыны рас. Дәл осы көңіл күйім біраз уақыт өткеннен кейін біртіндеп   тұйыққа тіреле бастады. Мен аңсап, шөлдеп келген елімде ең алғашқы    кезіккен қазақ таксист орысшалап шүлдірлеп шыға келгенде төбеме біреу суық суды құйып жібергендей әсерде болдым. Елдің жағдайын білейін деп телеарнаны қосып едім, өз тілінде сөйлемейтін президентті көріп, еңсем түсті. Жер бетінде өз тілінде сөйлемейтін жалғыз мемлекет Қазақстан екен ғой деген ойға қалдым. Тілімді сақтаймын деп келіп едім, қазір алаңдай  бастадым. Қазір де бізге осы тіл мәселесі өте қиын болып отыр, – дейді Шәмелхан Бұқатхан.

Расымен, шетте жүрген қандастарымызды Отанына қайтарып әкелетін кезде тек материалдық жағын ғана емес, олардың ортаға бейімделуіне жауапкершілікпен қарауымыз маңызды. Әлбетте, бұл кезекте неше жылдан бері өз тұғырына қона алмай келе жатқан мемлекеттік тіл мәселесі алдымыздан шығады. Тарих ғылымының докторы, профессор Қаржаубай Сартқожа ағайындарды атажұртына әкелмес бұрын, оларға дұрыс жағдай жасап алуымыз керегін айтады. «Қоныстандыру үшін не керек? Ол жерге өндіріс, шаруашылық орындары салынуы тиіс. Адам тұратындай жағдай жасалып, медициналық жәрдем көрсететін аурухана мен білім ошақтары болуы қажет. Қазір Қытайдың өзінде 3 миллион қазақ тұрады. Ресейде 1 миллионға таяу, Өзбекстанда 5 миллионға жуық, Моңғолияда 300 мыңдай қазақ бар. Ал Түркиядағы қазақтар өмір сүруге жайлы жерін тастап келмейді де. Сондықтан қандастарды елге әкелу жөнінде дұрыс саясат жүргізген абзал», – дейді профессор.   

Тегтер: