Ауғанстан аумағында болған жер сілкінісінен 8 адам қаза тапты, дүмпулер Қазақстан мен Өзбекстанда да сезілді
3 сәуір күні сағат 22:52-де Гиндукуш таулы жотасы аймағында магнитудасы шамамен 5,8–6,0 болатын жер сілкінісі тіркелді. Бұл туралы "Азаттық Радиосы" жазды.
Жер сілкінісінің ошағы 190–200 км тереңдікте орналасқан. Осыған байланысты сейсмикалық толқындар алыс қашықтықтарға таралған.
Эпицентрі елдің солтүстік-шығысындағы Бадахшан провинциясы аумағында болған. Жерасты дүмпулері көрші елдерде, соның ішінде Пәкістан, Қазақстан және Өзбекстанда сезілген. Кей өңірлерде тербеліс күші 2–3 баллға жеткен.
Өзбекстанның сейсмологиялық орталығының мәліметінше, жұма күні күндіз елдің бірқатар өңірінде тағы бір жер сілкінісі сезілген. Оның эпицентрі Тәжікстан аумағында орналасқан, ал Өзбекстандағы күші 2–3 балл болған.
Алдын ала мәлімет бойынша, табиғи апат салдарынан адам шығыны бар. Түркиялық Haberler басылымының хабарлауынша, Кабул қаласында құлаған ғимараттың астында қалып, кемінде 8 адам қаза тапқан. Сонымен қатар 2 жастағы бала жарақат алған.
Гиндукуш аймағы сейсмикалық тұрғыдан аса белсенді өңірге жатады. Мұнда тектоникалық плиталардың соқтығысуына байланысты жер сілкіністері жиі болып тұрады, сондықтан орташа магнитудадағы дүмпулердің өзі алыс аумақтарға дейін сезілуі мүмкін.