Ауғанстан билігі әйелдер жазған кітаптарды университеттерде қолдануға тыйым салды
Ауғанстандағы «Талибан» қозғалысының билігі университеттерде әйелдер жазған кітаптарды пайдалануға тыйым салды.
Сонымен қатар үкімет шариғатқа қайшы деп танылған 18 пәнді оқытуға шектеу қойды. Олардың қатарында адам құқықтары сияқты пәндер де бар. Сондай-ақ университеттерге жыныстық бопсалау тақырыбын талқылауға рұқсат етілмейді.
Жалпы, мазмұны «шариғатқа қайшы» деп танылған 679 кітаптың ішінде шамамен 140-ы әйелдер жазған еңбектер болып шықты. Мәселен, «Химиялық зертханада қауіпсіздік» атты оқу құралы да тыйым салынғандардың қатарынан табылды.
Әйелдер құқығын таптау
Бұл жағдай – «Талибан» билігінің әйелдердің құқығын жүйелі түрде шектеуінің бір көрінісі ғана. Соңғы жылдары олар қыздарға орта және жоғары білім алуға тыйым салды, әйелдердің қоғамдық өмірге араласуына шектеу қойды.
Тіпті табиғи апат кезінде де әйелдерге әділетсіздік жасалды. Ауғанстандағы жер сілкінісі кезінде тәліптер құтқару жұмыстарын жүргізгенде әйелдерді елемей, оларға көмек көрсетпегені жөнінде халықаралық ұйымдар сынға алды.
Мұндай әрекеттер Ауғанстандағы әйелдердің қауіпсіздігі мен негізгі құқықтарының аяқасты етіліп отырғанын тағы да дәлелдеп отыр.