Ауғанстан мен Пәкістан Рамазан айтқа байланысты уақытша бітімге келді
Ауғанстан Қатар, Сауд Арабиясы және Түркияның өтініші бойынша Пәкістанға қарсы әскери әрекеттерін уақытша тоқтатты.
Бұл туралы Ауғанстан үкіметінің өкілі Забихулла Мужахид X әлеуметтік желісінде мәлімдеді.
Бұған дейін Пәкістанның ақпарат және телерадио хабар тарату министрі Аттаулла Тарор да X желісінде Пәкістанның Ауғанстанға қарсы әскери әрекеттерді уақытша тоқтатқанын хабарлаған.
Оның айтуынша, Пәкістан бұл шешімді Сауд Арабиясы, Қатар және Түркияның өтініші негізінде қабылдаған. Бітім 19 наурыз түні басталып, 24 наурыз түн ортасына дейін жалғасады.
Тараптар оқ атуды уақытша тоқтату туралы шешімді жақындап келе жатқан Рамазан айт мерекесіне байланысты қабылдаған.
Еске салайық, Ауғанстан ақпан айының соңында Пәкістанға қарсы әскери операция бастаған болатын. Бұған дейін Ауғанстан үкіметі Пәкістанның Кабулдағы наркологиялық аурухана ғимаратына жасаған соққысы салдарынан 400 адам қаза тапқанын мәлімдеді.
Ресми мәліметке сәйкес, аталған соққы нәтижесінде тағы 250 адам жарақат алған.
Ал Пәкістан тарапы ауруханаға шабуыл жасалды деген айыптауларды жоққа шығарып, азаматтық нысандарға соққы жасалмағанын мәлімдеді. Атап айтқанда, Пәкістанның ақпарат және телерадио хабарларын тарату министрі Аттаулла Тарар X әлеуметтік желісінде «Салиқалы қаһар» деп аталған операция барысында тек «Талибанның» әскери нысандары нысанаға алынғанын айтты.
Пәкістан мен Ауғанстан арасындағы кезекті шиеленіс 2026 жылдың ақпанында басталған еді. Пәкістан Қорғаныс министрлігі елдің 2021 жылдан бері Ауғанстанды басқарып отырған «Талибанға» қарсы «ашық соғыс» бастағанын және өңірдегі террористік топтардың лагерлеріне соққы жасағанын мәлімдеген.
Бұл әрекет ақпан айында Пәкістан астанасы Исламабадта, сондай-ақ елдің солтүстік-батысындағы Бажаур округі мен Банну қаласында болған терактілерге жауап ретінде түсіндірілді.