Ауғанстан Пәкістанмен қақтығыстар барысында 400-ден астам әскери қызметшісінен айырылды
Ауғанстан Пәкістан күштерімен болған қақтығыстар кезінде кемінде 415 әскери қызметшісінен айырылып, 580 сарбазы жараланған.
Бұл туралы Пәкістанның ақпарат және телерадио хабарларын тарату министрі Аттаулла Тарар X әлеуметтік желісіндегі парақшасында мәлімдеді.
Оның айтуынша, көрші елдің 46 нысанына соққы жасалған.
Пәкістан армиясы 182 блок-бекетті жойып, тағы 31 бекетті өз бақылауына алған.
Сондай-ақ Пәкістан қарулы күштері 185 бірлік броньды техниканы жойғанын хабарлады.
26 ақпанда Ауғанстан Қорғаныс министрлігі Пәкістанның шекаралық аймақтарында әскери операция бастағанын мәлімдеді. Ведомство бұл операция Пәкістанның әрекеттеріне жауап ретінде жүргізіліп жатқанын атап өтті. 21 ақпанда Пәкістан қарулы күштері Нангархар және Пактия провинцияларында «террористердің жеті лагеріне» әуе соққысын жасағанын хабарлаған еді.
27 ақпанда Пәкістан Ауғанстанның бірнеше қаласына, соның ішінде ел астанасы Кабулға әуе шабуылдарын ұйымдастырды. Пәкістан қорғаныс министрі Хаваджа Асиф X әлеуметтік желісінде бірнеше айға созылған қарулы қақтығыстардан кейін екі көрші мемлекет арасындағы шиеленіс «ашық соғысқа» ұласқанын мәлімдеді.