Ауғанстан қазақ ұнынан бас тартпақшы
Қарағандылық диірменшілер осылай деп дабыл қағып отыр. Жаңа зардаптың салдары отандық ұн шығарушылардың сыртқы нарыққа шығуға біржолата жолын кескелі тұр.
Бұған дейін Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстандағы тұтынушыларын уысынан шығарып алған диірменшілер енді экспорттағы жалғыз серіктес — Ауған нарығынан да ысырылмақ.
— Мұндай ақпаратты Ауғанстанның жергілікті телеарнасы таратты. Олар енді біздің елден тек бидай сатып алуды көздеп отыр. Демографиялық өсімі жоғары Ауған елі кейінгі кезде Қазақстан үшін ұн экспорттайтын жалғыз нарық болған еді. Енді олар бізден ұн тасымалына шектеу қою арқылы импортқа тәуелдіктен арылып, өз өнімдерін шығармақ ниетте. Егер диірменшілерге ол жаққа жол жабылса, еліміздегі шағын 170 диірмен кәсіпорны жұмысын тоқтатады. Сәйкесінше жұмыссыздар саны артады, азық-түлік бағасы қымбаттайды, — деп қынжылады «Мутлу» компаниялар тобының директоры Дос-Мұқасан Тәукебаев.
Диірменшілердің талайдан бергі арызына жоғарғы билік үн қатпай келеді. Айтуларынша, Қазақстанның астық өндірушілер одағы үкіметке бұл мәселені бірнеше рет ескерткен. Бірақ ұн өндірушілер министрлер кабинетінен ешқандай қолдау таппай отыр. Ас атасын шығарушылардың проблемасы жергілікті жердегі ауыл шаруашылығы басқармасындағыларға мәлім. Ондағылар еларалық ауқымды түйткілдің үкіметтің араласуымен ғана шешілетінін атап өтті.
— Трансшекаралық аймақта тұрған Өзбекстан қазір Ауғанстанды ұн тауарымен жаулап алды. Бидайға кенде алатақиялы ағайындар өздерінде бірнеше диірмен кәсіпорнын ашып, тоқтаусыз жұмыс істеп жатыр. Олар біздің бидайды алып, оны ұнға айналдырып, пайдасын көріп және екі ортада делдал болып отыр. Осыдан кейін Ауғанстанға Қазақстан астығын бидай түрінде сатып алу әлдеқайда ұтымды әрі қолайлы екені түсінікті, — дейді Қарағанды облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы бастығының орынбасары Сырым Бошпанов.
Экономистердің пайымдауынша, тауар өтпесе, оның өзіндік құнын түсірудің амалын ойластыру керек. Егер де отандық ұн жасаушылар мұндай қадамға барса, таза тақырға отырады. Себебі біздің диірменшілерге тағайындалған несие ставкасы жоғары, салықтан жеңілдік жоқ. Өзбекстан өз диірменшілерін ертеден елеп, жағдайын жасап қойған. Мәселен, Қарағандыдан шыққан ұнның бағасы Өзбекстанға барғанда анағұрлым қымбаттайды әрі өзбектер бізден келген ұнға 10 пайыз кедендік салық алады. Ал бидай кірсе, салықтан босатады. Саудаға сақ ағайынның алға кетуінің тағы бір мысалы — ондағы диірменшілер электр қуатының бір КВТ үшін 10 теңге төлейді. Бізде қызметтің осы түрінің тарифі — 22 теңге. Өзбекстандық банктер диірмен ісімен шұғылданатын бизнесмендерге несиені 4 пайыздық мөлшермен береді.
Ауған тығырығынан қалай шығу керек?
Сұраныс пен ұсыныс — экономиканың дамуын реттейтін механизм. Нарықта кез келген тауарды сату қай кезде де үлкен проблема. Саудада қолайлы бағаны ұстап тұру, тұтынушыны тұрақтандыру ауаны үнемі өзгеріске ұшырап тұратыны аян. Сондықтан өндіруші кез келген тәуекелге дайын болуы керек. Астық жылма-жыл өнім береді. Алайда оны сақтау, тасу, әрқилы жолмен өткізу машақат. Республикамызда ұн шығарудың экспорты тоқтаса, диірменшілердің ісі тоқырайды. Оларды жоғалтып алмау үшін мемлекет кәсіпкерлер мүддесін ойлауға қам-қарекет жасауы қажет. «Үкімет барлық бизнес саласына мейлінше қолайлы орта қалыптастыруы абзал. Атап айтқанда, қосымша салық төлемін азайтуға жәрдемдесіп, басқа да қолайлы қаржылық мүмкіндіктер туғызуға қол ұшын беруі керек. Егер отандық кәсіпкерлерді дер кезінде ынталандырмаса, көптеген адам жұмыссыз қалады. Мұның соңы мемлекетке ауқымды салмақ түсіретіні айтпаса да түсінікті», -деген пікір айтты саясаткер Әзімбай Ғали.
Көрші Ресей елі бидай сатып алатын сыртқы тұтынушыларына ас атасына салынатын баж салығын өсіру арқылы өз кәсіпкерлерін ерте бастан азаптан арылтқан. «Кедендік одаққа әріптестердің осы тәжірибесін бізге де енгізсе, ұтылмасақ, ұтарымыз анық», — дейді диірменшілер.
Үкімет экспорттық бидайға баж салығын өсіру керек. Ұн шығарушыларын қолдаған Ресей қазір сыртқы тұтынушылар үшін бидайдың әр тоннасына 50 евро кедендік салық тағайындап қойған. Осындай ұстанымды біз де құптасақ, шетелге жөнелтілетін астықтың құны қымбаттап, шекара асып келген сұраныс білдірушілер еріксіз ұн алуға мәжбүр болады. Қай елдің болсын диірменшілері шетелге дайын ұн жөнелтуді көксейді. Өйткені 1000 тонна ұн жіберу үшін 100 адам жұмыс істейді, керісінше, 1000 тонна бидай арту үшін үш адам қызмет етеді.
Алтын астықтың несібесінен үміт артқан еліміздің барша ұн өндірушілерінің жанайқайына үкімет тіл қатар деген үмітте.