Ауғанстанда экстремалды ауа райы салдарынан 17 адам қаза тапты
Ауғанстанда кейінгі тәулікте болған экстремалды ауа райы – су тасқыны, көшкін және найзағай салдарынан 17 адам қаза тауып, тағы 26 адам жарақат алды.
Бұл туралы халықаралық ақпарат агенттіктері хабарлады.
Ауғанстанның табиғи апаттардың алдын алу және жою жөніндегі ұлттық басқармасының мәліметінше, зардап шеккендер саны әлі де артуы мүмкін. Себебі апат болған аймақтар толық тексеріліп жатқан жоқ.
Қазіргі уақытта елдің 34 провинциясының 13-і зардап шеккен. Табиғи апаттар негізінен батыс, орталық және солтүстік-батыс өңірлерді қамтыған.
Апат салдарынан 147 тұрғын үй қирап, 80 шақырым жол жарамсыз күйге түскен. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы алқаптары, суару жүйелері мен кәсіпорындарға да айтарлықтай зиян келген. Жалпы 530 отбасы зардап шеккен.
Ведомство өкілі Юсуф Хаммадтың айтуынша, 30 наурыз күні елдің шығыс және орталық аймақтарында жауын-шашын жалғасып, жаңа су тасқындары болуы мүмкін.
Осыған байланысты тұрғындарға өзендер мен қауіпті аймақтардан алыс болу ұсынылды. Ал жергілікті билік органдарына төтенше жағдайларға дайын болу тапсырылған.
Бұған дейін Гавай аралдарында соңғы 20 жылдағы ең ірі су тасқыны болып, ел экономикасына шамамен 1 млрд доллар көлемінде шығын келгені хабарланған.
Сондай-ақ сарапшылар Эль-Ниньо құбылысының қайта күшеюі мүмкін екенін айтады. Бұл құбылыс Тынық мұхитының экваторлық бөлігіндегі судың жылынуына әкеліп, әлем бойынша су тасқындарына, құрғақшылыққа және рекордтық температураларға себеп болуы ықтимал.