Ауғанстанда интернет қайта қосылды

Бұған дейін елде интернет толықтай өшірілген еді. «Талибан» өкілі мұны оптикалық талшықты желілердің жөнделуімен түсіндірді.
Ауғанстанда интернет толық қалпына келтірілді, деп хабарлады Tolo News.
29 қыркүйекте әлемде интернет еркіндігін бақылаумен айналысатын NetBlocks ұйымы Ауғанстанда интернеттің өшірілуін «Талибан» билігінің «қоғамдық моральді қамтамасыз ету шараларының бастауы» деп мәлімдеген болатын.
Алайда 30 қыркүйекте елді басқарып отырған «Талибан» қозғалысы бұл айыптауларды жоққа шығарып, интернеттің істен шығуын «оптикалық талшықты инфрақұрылымның бұзылуымен» байланыстырды.
Associated Press хабарлауынша, бұл – елде интернеттің өшуіне қатысты жасалған алғашқы ресми түсініктеме. Байланыстың үзілуі банк жүйесіне, саудаға және әуе қатынасына айтарлықтай қиындықтар туғызған.
«Талибан» өкілі Забихулла Мужахидтің сөзінше, қазір ел бойынша оптикалық желілер алмастырылып жатыр. Ол қозғалыстың бүкіл елде интернетке тыйым салды деген ақпаратты «алып-қашпа әңгіме» деп атады.