Ауғанстанда қолайсыз ауа райы 60-тан астам адамның өмірін қиды
Ауғанстанда бірнеше күннен бері толассыз жауған қалың қар мен нөсер жаңбыр салдарынан кемінде 60-тан астам адам қаза тауып, 110 адам түрлі жарақат алған.
Associated Press дерегінше, табиғи апат елдің 34 провинциясының шамамен 15-ін қамтыған. Көптеген өңірлерде тұрғын үйлер, жолдар мен ауыл шаруашылығы алқаптары қираған.
Алыс аймақтардағы үйлердің басым бөлігі саз балшық пен саманнан салынғандықтан, қатты қар мен жауынға төтеп бере алмаған. Соның салдарынан көптеген үйлердің шатырлары мен қабырғалары опырылып, қаза тапқандар мен жараланғандардың басым бөлігі үйінді астында қалған.
Баспанаcынан айырылған тірі қалған тұрғындар, әсіресе балалар, суық пен жағдайдың жоқтығынан түрлі ауруларға шалдығу қаупінде отыр.
Жергілікті билік өкілдері мен төтенше жағдай салдарын жою қызметтерінің мәліметінше, экстремалды ауа райы құтқару жұмыстарын күрделендіріп отыр. Әсіресе, жетуі қиын таулы аудандарда жағдай ауыр. Кейбір өңірлерге көмек дер кезінде жеткізілмей, бұл зардап шеккендер үшін қауіп-қатерді арттыруда.
Сонымен қатар, малдың жаппай қырылуы елдегі онсыз да күрделі гуманитарлық ахуалды одан әрі ушықтырған. Осыған байланысты билік құрбандар саны артуы мүмкін екенін ескертеді. Қашықтағы аудандарда залалды бағалау жұмыстары әлі жалғасып жатыр, ал синоптиктердің болжамы әзірге қолайсыз күйінде қалып отыр.
Айта кетейік, Ауғанстанның кейбір шығыс провинциялары өткен жылдың тамыз және қараша айларында болған жойқын жер сілкіністерінен кейін әлі толық қалпына келіп үлгермеген.