Ауғанстандағы жер сілкінісінен 800-ден астам адам қаза тапты

Ауғанстанның шығысында жер сілкінісі салдарынан 800-ден астам адам көз жұмды, тағы 2800-ден астам адам жарақат алды. Бұл туралы «Талибан» үкіметінің ресми өкілі Забихулла Муджахид хабарлады.
Құтқарушылар үйінді астынан аман қалғандарды іздестіріріп жатыр.
Муджахидтің айтуынша, жергілікті билік пен тұрғындар зардап шеккендерге көмек көрсету үшін барлық шараларды жасап жатыр. «Астана мен көрші аймақтардан көмек топтары жолға шықты. Адамдарды құтқарып алу үшін барлық ресурс жұмылдырылады», – деп жазды ол X әлеуметтік желісіндегі парақшасында.
АҚШ Геология қызметінің дерегінше, жер сілкінісі 31 тамыз күні жергілікті уақытпен 23:47-де болған. Эпицентрі Нангархар облысының Жалалабад қаласынан 27 шақырым солтүстік-шығыста орналасқан. Зілзала 8 шақырым тереңдікте тіркелген. Мұндай таяз жер сілкіністерінен әдетте шығын көп болады.
Шамамен 20 минуттан кейін сол өңірде 4,5 магнитудалы афтершок та болған. Жер сілкінісінен Кунар уәлаятындағы таулы ауылдар да зардап шеккен. Лай мен тастан салынған көптеген үй қирап қалған.
Айта кетейік, Ауғанстанда 2023 жылғы 7 қазанда да күшті жер сілкінісі болған еді. Ол кезде «Талибан» билігінің дерегіне сүйенсек, кемінде 4 мың адам көз жұмған. Ал БҰҰ есебінде қаза тапқандар саны 1500-ден аз деп көрсетілген.