«Ауыл аманаты» ауыл шаруашылығын қолдай ма?

Елімізде кәсіпкерліктің кеңінен дамып келе жатқан түрі – мал шаруашылығы. Мемлекет тарапынан да шаруаларға, агросекторды дамытуға жеңілдетілген несиелер мен субсидиялар көп бөлінеді.
Осындай мүмкіндіктерді пайдаланып, ісін дөңгелетіп отырған кәсіпкерлер қатары да артып келеді. Мәселен, Алматы облысы Райымбек ауданында тұрғындардың тұрмыс-тіршілігі мен күнкөрісі, кәсіптің даму векторы аталған салаға тікелей байланысты.
Ауданның өзі де мал шаруашылығына қолайлы аймақ саналады. Мұнда төрт түліктің бәрі де өсіріледі. Жылқы, қой-ешкі, сиыр төлдерін көбейту арқылы мал басын арттыру жолға қойылған. Әрине, олардың еті мен сүті, жүн-терісі, бәрі-бәрі – кіріс көзі есебінде жүйелі түрде жоспарланған. Аудан халқының осы бейіміне қарап жергілікті билік те агросекторды дамыту мәселесіне айрықша көңіл бөледі, назарда ұстайды. Жыл басынан маусым айына дейінгі есеп бойынша аудандағы ірі-қара саны 70 мыңнан, қой-ешкі 345 мыңнан, жылқы 46 мыңнан асады. Одан бөлек, 27 мыңға жуық үй құсы өсіріледі. Осы саннан сапа шығару, өнім алу, саудалау мақсатында малшылар тиісті шаралардың бәріне белсенді атсалысады екен. Мәселен, биылғы қаңтар-маусым айында тірі салмақты ет өндіруді 19 541 тоннаға жеткізу жоспарлаған болса, қазірге дейін 5061 тоннасы өндіріліп үлгерген. Ал сиыр сүті 32 734 тонна деп жоспарланса, маусымға дейін соның 9726 тоннасы орындалған. Сүт өнімі көбейіп жатқандықтан ауданда сүт өнімдерін қабылдайтын кәсіпорындар да артып келеді. Қазіргі таңда Қайнар және Қақпақ ауылдарында танкерлер орналастырылып, күніне 5 тоннаға дейін сүт жинап отыр. Өз кезегінде олар сүт зауытына жіберіліп, пастерленген сүт, қаймақ, сүзбе, айран, сары май, «Снежок» сүтті сусыны, майлылығы жоғары басқа да 15 түрлі өнім шығаруға қолданылады. Дайын өнімдер сауда нүктелеріне қажетті талаптар мен стандарттарға сай жеткізіледі.
Аталған өнімдердің көлемі мен сапасына, яғни шаруашылықтың өнімділігіне мал тұқымының әсері зор. Сондықтан кәсіпкерлер осы аспектімен көп жұмыс істейтін көрінеді. Райымбек ауданы бойынша бес шаруа қожалығы тұқымды асылдандыру бойынша жұмыс бастап, ірі-қара үшін 297,3 миллион теңге жеңілдетілген несие алған. Бұл қаражатқа 605 бас мал сатып алыныпты. Атап айтқанда, «Қуан» шаруа қожалығы 24,6 миллион теңгеге 63 бас ангус, «Ретай» шаруа қожалығы 76,2 миллион теңгеге 127 бас ангус , «Олжас» шаруа қожалығы 127,7 миллион теңгеге 245 бас ақ бас, «Руслан» шаруа қожалығы 15,5 миллион теңгеге 41 бас ангус, «Aityn Dan-1» АӨК 56,2 миллион теңгеге 129 бас ақ бас ірі-қара малдарын сатып алып, өсіруде. Осы орайда «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша да несиелер беріліп жатқанын атап өткен жөн. Тұрғындардың табысын арттыруды көздейтін жобаға сәйкес аудан кәсіпкерлері 157 өтінім беріпті. Алматы облыстық баспасөз қызметінің мәліметтеріне сүйенсек, оның 108-і мақұлданып, оған 585 миллион теңге қарастырылған. Осы тізімдегі 93 шаруа қожалығы ақшаны алып, іске кірісіп үлгерген.
Мал өсірумен қатар егін шаруашылығының да даму динамикасы жоғары. Райымбек ауданындағы жалпы егіс көлемі 39,5 мың гектарды құраса, соның 12 мың гектары дәнді-дақылдар алқабының еншісінде. Осы аумақтың бәріне дән себіліп, қызу жұмыс жүріп жатыр. Тағы картоп өсіру де жақсы қарқын алған. Тіпті аудан облыс бойынша картоп өндіруден бірінші орын алады екен. Былтыр 120 мың тоннадан астам өнім алған егіншілер биыл да осы көрсеткіштен кем түспейміз деген ойда. Ал оларды сақтайтын қойма жағы күн тәртібіндегі мәселе. Қазір ауданда сыйымдылығы 5 500 тоннаны құрайтын 3 картоп сақтау қоймасы бар. Картоп өсіру көлемі жыл сайын ұлғайып, өнімділік еселеп жатқандықтан бұл қоймалар жеткіліксіз болатыны анық. Сондықтан алдағы уақытта картоп қоймаларының санын арттыруға ден қойылмақ. Одан бөлек, суарудың тиімді әдістеріне өту жағы да талқылануда.
Ақжол Мейірбек
Алматы облысы