Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:48, 19 Наурыз 2024

«Ауыл аманаты» ауылға не берді?

жоба
Фото: из открытых источников

«Ауыл аманаты» жобасы – «Қазақстан Республикасының ауылды дамыту жөнінде 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы» аясында іске қосылған. Тиісті бұйрыққа мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы 26 қарашада қол қойды.

Бағдарлама бойынша 2029 жылға дейін ауылдарда 350 мың жаңа жұмыс орнын ашып, 1 миллион ауыл тұрғынын жұмыспен қамту жоспарланған. Сол мақсатта мемлекеттік бюджеттен бір триллион теңге көлемінде қомақты қаражат бөлінді.

Мамандар бұл бағдарламаны ауылды дамытудың жаңа драйвері деп атап жүр. Ресми статистика бойынша ауылдарда 7,7 миллион адам тұрады. Бұл – халықтың жалпы санының 41 пайызы. Қазір ауыл жəне қала тұрғындары табысының айырмашылығы 38 пайыз болып отыр. Бұл өте үлкен парық. Сол үшін ауыл жұртының табысын қала халқымен теңестіру мақсатында жұмыстар атқарудың маңызды зор.

«Ауыл аманаты» жобасы ауылдарды дамытуға серпін беруге тиіс. Өйткені жобаға қатысу үшін қойылатын талаптар жеңіл, бюрократиялық кедергілер көп емес. Оның үстіне берілген несиенің жылдық сыйақы мөлшері 2,5 пайыздан аспайды. Шағын несие мерзімі 5 жылға дейін, ал мал шаруашылығындағы жобалар үшін 7 жылға дейін беріледі. Бұл бағдарлама аясында ауылдық елді мекендер мен шағын қала тұрғындары ең көп болғанда 2,5 мың АЕК (8,6 миллион теңге) ала алады. Ал шағын жəне орта шаруа (фермерлік) қожалықтары немесе ауыл шаруашылығы кооперативтері 8 мың АЕК-ке (27,6 миллион теңге) дейін несие рəсімдей алады.

ҚР парламенті мəжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов 2,5 пайыздық мөлшерлемемен қазірге дейін 80 миллиард теңге көлемінде 12,7 мың шағын несие берілгенін айтты. «Ауыл аманаты» – президенттің сайлауалды бағдарламасына енгізілген бірегей жоба. Онда ауыл тұрғындарының тұрмысын жақсартудың нақты əрі түсінікті тетіктері қарастырылған. Ең бастысы, қаражаты толық шешілген. Бір жылдың ішінде жобаның тиімділігін көріп отырмыз. Барлық мемлекеттік органдар мен əкімдіктер, біз депутаттар «Ауыл аманаты» жобасын сапалы жүзеге асыруға тиіспіз» деді мəжіліс спикері.

Бірақ жақсы бағдарлама жасау бір бөлек, оны жақсы жүзеге асыру бір бөлек əңгіме. Ауыл жұрты бұл жобадан хабардар ма, олар бағдарлама арқылы жеңілдетілген несие алып, жұмыс бастап жатыр ма деген сұрақ туындайды. Бізге жеткен ақпарат бойынша мемлекеттік органдар бағдарламаны халыққа түсіндіру бағытында қолдан келгенше жұмыс істеп жатыр. Арнайы құрылған мобильді топ өңірлерді аралап, елді мекен тұрғындарына «Ауыл аманаты» жобасын кеңінен таныстырып жүр. Олар ең шалғай деген ауылдарды да ескерусіз қалдырған жоқ.

Түсіндіру жұмысы өз нəтижесін берген сияқты. Алыс ауылдардағы азаматтар да «Ауыл аманаты» жобасы аясында кəсіп ашып жатыр. Мысалы, Қызылорда қаласына қарасты Ақсуат ауылдық округінің тұрғыны Сəрсенкүл Аралбаева осы бағдарлама аясында жеңілдетілген несие алып, шағын кəсібін дөңгелетіп отырғанын естідік. Кəсіпкер шұлық шығаратын шағын цех ашыпты. «Ақсуат» брендімен шығып жатқан шұлықтар Қызылорда халқының игілігіне жарап тұр. Біз кəсіпкерге хабарласып, өндірісі өркендеп келе жатқанын білдік.

«Мұндай бағдарлама бар екенін ауыл əкімдері үй аралап, халықты жиналысқа шақырып жүргенде естідік. Əкіммен кездесуде кəсіпкерлікті қолдауға арналған 2,5 пайыздық жеңілдікті несие жайлы толық ақпарат алдық. Мұндай мүмкіндікті қалайда пайдалануға бел буып, отбасымызбен ақылдастық. Əу баста мал сатып алып, ауыл шаруашылығымен айналысуды жоспарлағанбыз. Бірақ жобаны таныстырған қызметкерлер мал өнімі емес, өндіріс орнын ашқандарыңыз жөн деп, жол сілтеді. Сонымен, ақылдаса отырып, шұлық шығарамыз деп шешім қабылдадық. Өзім бұрын-соңды ешқандай тігін кəсібін оқыған емеспін, мұндай кəсіппен айналысқан жоқпыз. Бұған дейін басқа қаладан азық-түлік əкеліп, көтерме бағамен тарататынбыз. Бірақ болашақта тігін цехы сияқты отбасылық кəсіп ашсақ деген арманымыз бар еді. Мына жоба іздегенге сұраған болып, сол арманымызға қанат бітірді», – дейді Сəрсенкүл Аралбаева.

Кəсіпкер ханым жобаға қатысу үшін қажетті құжаттарды жинау жəне оны ұтып алу еш қиындық тудырмағанын айтады. Ол мемлекеттік бағдарламаға қатысу үшін таныс-тамыр керек деген қауесетті жоққа шығарды.

«Бағдарлама талабы қиын емес. Жеке куəлік, үй құжаты сияқты күнделікті «қағаздарыңыз» дайын болса болды, ешқандай қиындығы жоқ. Мысалы, біз сұраған құжаттарды 2-3 минутта дайындап өткіздік. Жеке кəсіпкерлік болса тіпті жақсы екен, біз де ол да бар болатын. Құжат өткізген соң комиссия келіп тексерді, үш ай ішінде 2,5 пайызбен жеңілдетілген несие алдық.

Менің ойымша, өте тиімді бағдарлама екен. Шарттары да жеңіл. Кепілге қоятын үй жəне өндіріске қажетті қойма керек екен. Бізде жеке үй бар, ауладағы шағын тұрғын үйді қойма ретінде көрсеттік. Тамыр-таныс деген мүлде болған жоқ. Ауылда жиналыс болды, сол кезде барып тіркелдік. Кейін өздері хабарласып, кəсіп ашатын тұрғындар керек екенін айтып шақырды. Сол кезде барып, жобамызды көрсетіп, қорғадық. Сондай-ақ алған несиені қайтаруға 5 жыл уақыт берді. Алғашқы 1,5 жыл қарызды қайтармауға болады. Бірақ біз 6 ай ғана демалыс сұрадық, 6 айдан кейін несиені өтей бастаймыз», – дейді кəсіпкер.

Сəрсенкүл Аралбаева тəуекел етіп, қолға алған жұмысы жүйеге түсе бастағанын айтып отыр. Сəтін салса, алдағы уақытта өндіріс көлемін арттыруға ниетті.

«Былтыр тамыз айында құжат өткіздік. 5 қарашада жеңілдетілген несие ақшасы қолымызға тиді. Қаржыны алған бетте жан-жаққа жүгіріп, қажетті құрылғыларды іздедік. Қытайдан құрылғы алдыруға сол жақтағы қазақтар көмектесті. Олар Қытайдан ең жаңа үлгідегі станок пен сапасы жақсы жіптерді салып жіберді. Ал Өзбекстандағы қандастарымыз сапалы жіп пен шұлық шығаруды үйрететін шеберлерді жіберді. Бағасы қымбатқа түссе де, таза мақтадан жасалған жіп сатып алып, сапаға көп көңіл бөлуді ойлап отырмыз. Жергілікті тұрғындар да қолдан келген көмегін аяған жоқ. Қызылордада бұрын-соңды мұндай өндіріс орны болмағандықтан, жергілікті халық қызығып, өзімізде шыққан өнімді аламыз деп қолдау танытып отыр.

Қажетті құрал-жабықтарды алып, дайындық жүргізуге үш айға жуық уақыт кетті. Биыл ақпанның басында шеберіміз келіп, ресми жұмыс бастап кеттік. Қазір күніне 200-300 дана шұлық шығарып жатырмыз. Бұл санмен өз өңірімізді де қамдай алмайтынымыз анық. Сол үшін алда өндіріс көлемін арттырамыз. Əрі жалғыз шұлықпен шектелмей, өзге өнімдер шығаруға тырысамыз. Қазір Құдайға шүкір, саудамыз жаман емес. Базардың жанынан жалға орын алып, өз бағамызбен сатып жатырмыз. Көтерме бағамен берсек, үстіне ақша қосылып, қымбат болып кетеді. Сол үшін халыққа арзан бағамен ұсынып отырмыз.

Осы жұмыстың бəріне мемлекеттен алған 5 миллион теңге жетпейтіні анық. Қажетті техника бар, жіп бар, жол шығыны бар, шеберлерге жалақы төлейміз. Жетпеген соманы өз қалтамыздан қостық. Бірақ «Ауыл аманаты» жобасы жақсы қолдау, ынталандыру болды. Осы жоба аясында жеңілдетілген несие алып, кəсіп бастауға ниетті тұрғындар аз емес. Мысалы, біз жобамызды қорғауға барғанда, күніне оннан аса адам қорғауға келіп жатқанын көрдік. 10 мың адам тұратын шағын Ақсуат ауылдық округінің өзінен жылыжай ашуға, көрпе-жастық шығаруға, торт пісіретін цех ашуға несие алған азаматтар бар», – дейді кəсіпкер.

«Ауыл аманаты» жобасы тиімділігін көрсетіп жатқанын айттық. Бірақ кішігірім кемшілігі де жоқ емес. Бұл туралы мəжіліс депутаты Мақсат Толықбай айтты.

«2,5 пайызбен несие алып, кəсіп ашқысы келетіндер көп. Бірақ бұл жерде проблема шаш-етектен. Мысалы, Алматы облысына биыл 17,6 млрд теңге бөлініп отыр, бірақ бұл ақшаны беруді күзге дейін созамыз. Бөлінген ақша күзге дейін есепшотта жатады. Өйткені құжат жинап, өтінішті қарайтын маман өте аз. Қазір бар мамандар жұмысты тез істеуге үлгермейді. Ал екінші мəселе, жеке кəсіпкерге ең көп болғанда 8,6 миллион теңге беріледі. Бұл сомаға су жаңа техника алу мүмкін емес. Шаруа ескі техника алайын десе жоба талабы бойынша 2015 жылдан бұрын шыққан өнімді алуға болмайды. Бұл да азаматтарға кедергі болып отыр. Сондай-ақ мал сатып алғысы келетін Алматы облысындағы ауыл тұрғындарына бірқатар талап қойылған. Малды Dinara-Ranch, «Адал» сияқты шаруа қожалықтарынан алуды талап етіп отыр. Бірақ бұл шаруа қожалықтарында малдың бағасы қымбат. Мысалы, жұрт Dinara-Ranch-тан бір сиыр алғанша, базардан екі сиыр алғысы келеді. Сол үшін халықта еркіндік болу керек, ақша бердік екен деп мұндай шектеу қойып тастаған дұрыс емес. Халықта таңдау болуы қажет», – дейді депутат.

Қуан ӨМІРХАН

Фото: ortcom

Тегтер: