Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:00, 08 Тамыз 2024

Ауыл мен қала баласының арманға жетер жолы

1
Фото: ашық дереккөз

Мамандық таңдау – бұл қоғамда өз орныңды табу. Алға қойған мақсаты мен қызығушылығы айқындалған оқушының ер жетіп, өзі сүйген мамандық иесі болуы үлкен бақыт. Бірақ өкінішке қарай, Қазақстанда ауыл балаларына оның ішінде көпбалалы отбасыдан шыққан балалардың мамандық таңдауы қиынның-қиыны.

 Оларға әлеуметтік-экономикалық жағдайлар, сонымен қатар профориентациялық ресурстардың қолжетімсіздігі сияқты әртүрлі факторлар әсер етіп жатыр. Әлбетте мұндай кезде жасалған таңдау, адамның шынайы қалаулары мен қызығушылықтарына сәйкес келмейді.

Осы қиындықтарға қарамастан, ауыл балаларына қолдау білдіріп, үлкен көмегін тигізіп отырған IQanat олимпиадасы туралы айта кеткен жөн. Өз басым осы олимпиаданың көмегімен үлкен мүмкіндіктерге ие болдым. Мен бір жыл аралығында IQanat мектебінде білім алу арқылы, бұл мектептің ауыл балаларына берері көп екеніне көзім толық жетті. Осы мектепке келу арқылы ауыл балаларының мүмкіндіктерінің шектеулі екенін түсіндім. Өйткені өзім ауыл баласымын. Осы мәселе мені толғандырып, зерттеу жүргізуіме негіз болды. Зерттеу нәтижесінде ауыл балаларына IQ Consulting атты жоба жасадым. Бұл жобаның мақсаты – ауыл балаларына мамандық таңдауда бағыт- бағдар беру, оның ішінде шетелдік ЖОО түсу жолдарын көрсету, үйрету. Себебі ауылда да зерек, қағілез балалар жетерлік, бірақ мүмкіндіктері шектеулі. Яғни қажетті ақпаратпен қамтылмаған. Оның бірден-бір себебі – менің ойымша дәстүрлі мектептерде профориентатор мамандарының болмауы. Осы жоба ауыл балаларына қарлығаштың қанатымен су сепкендей көмегін бере алатынына сенімдімін.

Осы мәселені зерттеу үшін Қазақстан бойынша ауыл және қала мектептерінің оқушыларына ашық әрі анонимді негізде сауалнама жүргіздік. Сауалнама 114 ауыл балаларынан алынды. Сауалымызға жауап берген оқушылардың 80%-ы Алматы облысының оқушылары, қалған жауаптар Маңғыстау, Түркістан, Солтүстік Қазақстан, Абай облыстарынан келді.

Нәтижесінде, 56,8 % оқушы мамандығын өздері таңдамаған, не ата-анасының қалауы үшін, не жоғары жалақысы үшін сол мамандыққа баруға бел буған. 76,6% оқушы профориентацияның не екенін де білмейді. 71,1% оқушы мамандық таңдаудан қиналады. Ортасынан қысым көреді. 74,8% оқушы шетелдік ЖОО туралы және оған түсу жолдарынан бейхабар. 75,7% оқушы 16 Personalities, Principles you секілді жеке тұлғалық тесттерді естімеген де және өтіп те көрмеген.

Біздің сауалымызға барлық оқушылар анонимді түрде жауап берді. Сондай-ақ өзінің болашақ мамандығын нақты таңдаған, мақсаты айқын замандастарым да кездесті. Оларға ашық сауалнаманы сұхбат ретінде жүргіздік. Сауалнамаға қатысқандардың біразының жауабы мынадай:

Нұрланұлы Нұрболсын (Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы, 10-сынып):

– Менің спортқа икемім жақсы. Волейбол, еркін күрес, бокс секілді спорт түрлерін жетік меңгергем. Болашақта дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болғым келеді.

Әбдібек Зере (Алматы облысы Райымбек ауданы, 9-сынып):

– Мен болашақта сәулетші болғым келеді. Қазір құрылыс, оның ішінде сәулет өнері қарқынды дамуда. 1-сыныпта оқып жүргенімде анам мені бейнелеу кружоктарына апарды. Сол сәттен бастап менің кескін және бейнелеу өнеріне сүйіспеншілігім ашылды.

Асанов Жүсіп (Ақтөбе қаласы, 10-сынып):

– Болашақ мамандығым маркетолог. Бұл мамандық өте креативті және қызықты. Өмір – шапшаң, батыл және ерекше адамдарды ұнатады. Бұл қасиеттер менің бойымда бар деп ойлаймын. Сондықтан маркетолог мамандығын таңдағым келеді.

Өтебай Рақымжан (Ақтау қаласы, 10-сынып):

Қазіргі таңда медицинада үлкен сұранысқа ие мамандықтардың бірі тіс дәрігері. Бірақ та осы мамандықты жетік меңгерген, өз ісінің шеберлері өте аз. Жалпы медицина саласы үнемі ізденіс пен дамуды және психологиялық тұрақтылықты, стреске төзімділікті талап етеді. Бұл мамандық маған лайық. Болашақта мықты маман болатыныма сенемін.

Жалпы сауалнама негізінде біздің байқағанымыз: ауыл балаларының 85%-ына жуығы сауалнамаға анонимді жауап беруді таңдауының өзі ауыл балаларының мамандық таңдауда қиналуы, сол таңдауларының дұрыс-бұрыстығын ажырата алмауы оларды сенімсіздікке итермелейтіндей. Ауыл балаларының басым көпшілігі мамандығын ата-анасының ықпалымен, материалдық пайдасына қарай таңдайды. Сөйтіп баланың өз қалауы екінші орында қалады. Ал қала балаларының сұхбаттың ашық түрін таңдауы, олардың өз мақсаттарын айқын білуін, өздеріне сенімділіктерін, қажетті ақпаратпен жетік қамтылғандығының дәлелі. Екі топты салыстыра, біздің анықтаған проблемамыз ауыл мектептерінде профориентатор мамандарының болмауы, ақпараттық ресурстардың жетіспеушілігі ауыл балаларының мүмкіндігін шектейді. Ауыл балаларының көпшілігінің арманы – Алматы мен Астанадан ары аспайды. Сондықтан да, ауыл балаларын қажетті ақпаратпен қамтамасыз етіп, бағыт-бағдар беріп отыру аса маңызды әрі бұл кезек күттірмейтін шаруа.

Әлім Шарғын

Тегтер: