Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 08:51

Ауыл жастары неге үмітсіз? Суицид себептері

суицид
Фото: из открытых источников

Жыл сайын әлемде суицид салдарынан шамамен 800 мың адам өмірден өтеді екен. Бұл дүниежүзінде әр 40 секунд сайын 1 адам өзіне-өзі­­ қол салады дегенді біл­­дірсе керек.

 Дүниежүзілік ден­­саулық сақтау ұйы­мы­­ның мәліметінше, Қа­зақ­­стан әлемдегі суицид дең­­гейі ең жоғары елдердің қатарына кіреді. Әсіресе елімізде бүгінде жастар мен кәмелет жасқа толмаған жасөспірімдердің арасында суицидтік әрекет көрсеткіштері өршіп тұр. Биыл қаңтар мен мамыр айындағы статистиканың өзінде, 300-ге жуық жасөспірім суицидтік әрекетке барған. Суицид – күрделі құбылыс. Өзіне-өзі қол жұмсау қауіп факторы ретінде психикалық денсаулық проблемаларымен байланыс­ты әлеуметтік, психологиялық, биологиялық және ситуациялық факторларда қарастырылады. Дәл осы кесел – еліміздегі жасөс­пі­рімдер арасындағы табиғи емес өлім-жітімнің басты себебі. Ұлттық статистика агенттігінің Стратегиялық жос­парлау және реформалар жөнін­дегі бюро­сының 2022 жылғы мәлі­метте­ріне көз салсақ, ауыл­дық жердегі бала­лар мен жасөс­пірімдер арасындағы өзіне-өзі қол жұм­сау қала­дағыларға қарағанда 25 пайызға жоғары екенін аңға­руға болады. Ауылдағы суицид деңгейінің жоғары болуы – жай ғана оқыс оқиға немесе бір сәттік күйзелістің салдары деу жаңсақтық болар, бұл – тамырын тереңге жіберген әлеуметтік, психологиялық және құрылымдық проблемалардың көрінісі. Бұл тек бізге емес, күллі әлемге тән құбылыс. Оған 2004 жылы құрылған және MDPI басып шы­ғаратын рецензияланатын ашық қолжетім­ді «International journal of environmental research and public health» ғылыми журналы­на 2022 жылы жарық көрген мақа­лалар да дәлел. Олай болса, бұл мәселенің негізгі себептері қандай, түп-тамыры қайда жатыр деген сұраққа әлеуметтік психолог Ләззат Бисенғалиева жауап берді.

«Бұл құбылысты түсіну үшін ауылдағы өмірдің болмысын, күнделікті тіршіліктің өзегін, ауыл жастарының үміті мен үмітсіздігі, мүмкіндігі мен мүмкінсіздігін тереңінен қарастыру қажет. Жасөспірімдердің арасында суицидтің көбеюі – бүкіл елдің болашағына төніп тұрған дабыл. Қаламен салыстырғанда ауылдық жерлерде мұндай қайғылы оқиғалардың жиілеуінің түпкі себептері тереңде. Бір қарағанда табиғатқа жақын, дәстүрге берік ауыл баласының өмірі бір қалыпты әрі алаңсыз көрінуі мүмкін. Алайда бұл – сырт көзге ғана солай. Ішкі динамика мүлде бөлек. Ауыл – өзінің шектеулі кеңістігімен, әлеуметтік таңдау мүмкіндігінің аздығымен ерекшеленетін орта. Ондағы жастар үшін өмірлік бағыт, болашаққа ұмтылыс, өзін-өзі табу жолдары шектеулі. Бұл жағдай, әсіресе тұлғалық ізденіс кезеңіне аяқ басқан жасөспірімге ауыр соғады. Оның үстіне ауылдағы психикалық денсаулық мәселелері туралы ашық сөйлесу мәдениеті қалыптаспаған. Психологқа бару – ұят, әлсіздік, «есі дұрыс емес» деген стереотиптермен байланысады. Мұндай жағдайда ішкі күйзеліс пен қорқыныш жинақтала береді. Ал бұл – суицидке апаратын жолдың алғашқы қадамдары. Тағы бір елеулі себеп – экономикалық тығырық. Ауылдық өңірлерде жұмыссыздық деңгейі жоғары, табыс аз, өмір сапасы төмен. Көп жағдайда ата-аналар қалаға нәпақа іздеп кетеді де, бала әжесінің тәрбиесінде қалады немесе жалғыз өседі. Әлеуметтік қолдаудың жетіспеуі, ата-ананың назарынан тыс қалу баланың ішкі жалғыздығын күшейтеді. Ол өзін қажетсіз, елеусіз сезіне бастайды. Әсіресе ерте жастан ауыр еңбекке жегіліп, отбасылық жауапкершілікті иығына арқалап өскен жасөспірімдерде эмоционалды күйзеліс тым ерте басталады», – дейді маман.

Жоғарыда аталған мәселелер еліміздің аумағында емес, еуро­палық одақтың 2021 жылы «Young people in rural areas: diverse, ignored and unfulfilled» жүргізген зерттеуінде де анық­талған. Мәсе­лен, ауыл жастарының негізгі мәселелері ретінде қолжетімді баспана, психикалық денсаулық пен әл-ауқат туралы ақпарат пен кеңестердің жетіспеушілігі, дағды­ларды нығайтатын тренинг­тердің аздығы көрсетілген. Суицид – үнсіз қоғамның айғайы. Егер біз бұл үнді ести алмасақ, болашақта талай тағдыр сол үнсіздікте жоғалуы әбден мүмкін. Ауыл деген де ұлттың рухани тамыры, ал ол тамыр дерттенсе, ұлттың келешегі әлсіреп кетері анық.

Сәруар Бақберген

Тегтер: