Ауылдағы өртті сөндіру ауыл жұртының иығына артылды

Жаздың аптап ыстығында өңір өңірде өрт қаулайды. Белгі бермей басталатын тілсіз жаумен алысу оңай жұмыс емес, әсіресе ауылдық жерде.
Сол жағдай төтенше жағдайлар министрлігі үшін үлкен мәселеге айналса керек, енді ауылдағы өртпен күресте ауыл жұртын жұмылдыруды қолға алыпты.
«Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы дәл осы мақсатты көздейді. Ел ішіндегі еріктілерден құралған өртке қарсы құрылымдар ендігі жерде қызыл жалынмен алысып жүрген мамандардың сенімді серігіне айналмақ. Алыстағы ауылда, иендегі егістік пен орманның шетінде тұратын жұрт енді оқыс оқиғаға қарап отырмайды.
Қостанайдың шалғайындағы Докучаев ауылы соның бір мысалы. Жаңа өрт сөндіру бекеті 1 300-ден астам тұрғынның тыныштығына кепіл болмақ. Бекеттегілер 4 мың гектар орманды қорғауды өз міндетіне алған. Лермонтов орман шаруашылығының да енді өз қорғаушысы бар. Жаңа көлік, арнайы жабдық – бәрі осы ауылға жеткізілген. Жанындағы Б.Майлин ауданы да бұл істен шет қалған жоқ. Ондағы 4 мыңнан астам адам отқа қарсы тұра алу үшін керек-жарағына қол жеткізіп отыр.
Абай облысының Жарма ауылында да еріктілер бір жерге жиналды. Жалаң ниет жеткілікті болмасын біліп, тиісті дайындықтан өтіп, мамандардың алдынан сабақ алып шыққан. Қолдарына қажетті техника тиген соң өздеріне жауапкершілікті арқалаған. Ал Жамбыл облысындағы Өрнек ауылында бұрыннан бар бекет жаңартылып, еріктілер жаңа құралдармен қамтылыпты. Енді олар тек өрт сөндірумен бірге, ауылды аралап, қызыл жалыннан сақтануды түсіндіріп жүр.
Қызылорда өңірінде де осындай тірлік басталды. Жаңақорған ауданының Манап ауылында ашылған жаңа бекет 4 бірдей ауылды қамтиды. Шамамен 4 600 адамның тыныштығы осы бекетке жүктелген. Ал Батыс Қазақстандағы Алмаз ауылында жаңадан бой көтерген нысан тек бір ауылға емес, көршілес елді мекендерге де қызмет етпек.
Ақтөбе облысында да өрт сөндіру бекеттері жаңарып, қызмет ауқымы кеңейіп жатыр. Мәртөктегі бекет 10 мыңнан астам тұрғынның тыныштығын күзетсе, Қарғалы ауданының Әлімбет ауылындағы тәулік бойы жұмыс істейтін бекет 2 200 тұрғынға сенімді тірек болып отыр.
Ақмола облысы да бұл бағытта белсенді. Бұланды ауданының Партизанка ауылында жаңа бекет ашылды. Бұл ауыл бұрын өрт сөндіру бөліміне дейін 90 шақырым жолды тосып келетін. Аршалы ауданындағы Константиновка ауылында да жаңа өрт сөндіру бекеті жұмысын бастады. Ол 2 700 тұрғын мен 2 500 гектар орманды қорғауға қауқарлы.