Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:08, 28 Наурыз 2024

Ауылды дамыту – мектеп пен аурухана салу ғана емес

ауыл
Фото: из открытых источников

2024 жылы ауылдарды дамытуға 900 млрд теңге қарастырылып отыр. Бұл туралы 19 наурыз күні өткен үкімет отырысында ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров айтты.

Ауылдарда әлеуметтік, инженерлік, көліктік инфрақұрылымды дамытуға, басқа да арнайы жобаларға өткен жылы 1 трлн теңгеден астам қаражат жұмсалған. Бұған қоса, инвесторлар мен кәсіпкерлерден келетін ақша да бар... Жаңалықты естіген жұрт әлеуметтік желілерде «жемқорлар бір байитын болды», «әкімдер ғана қуанатын жаңалық екен», «тым құрыса жартысы да ауылға жетпейді ғой...» деген пікірлер жазып жатыр.

Ауылды дамытамыз, тағы басқа қыламыз деген ұран кеше-бүгін пайда болған жоқ. Аты дардай жобалар мен бөлініп жатқан қомақты қаржының нәтижесіздігіне де етіміз үйренді. Қазір ауылдан көшіп жатқан жұрт пен ит-иесіз қаңырап қалған айдаладағы ауылдар да қалыпты нәрсеге айналып бара жатқандай. Статистика да осыны айтады. Соңғы 12 жылда 3 миллионға жуық адам ауылды тастап, қалаға көшсе, соңғы 10 жылда 600-ге тарта ауыл жойылып кеткен.

Бүгінде Қазақстанда 6 256 ауыл бар, онда өмір сүретін халық саны – 7 млн 600 мың. Бұл республика халқының 38,4 пайызы. Урбанизация жылдан жылға қарқын алып келе жатқанын ескерсек, аталған көрсеткіш тағы бірнеше онжылдықта күрт төмендеп кетуі мүмкін екенін жоққа шығара алмаймыз. Себебі де құпия емес, ауылдарда жұмыссыздық белең алып тұр, күнкөріс деңгейі төмен, өмір сапасы нашар, қажетті әлеуметтік инфрақұрылым әлсіз. Осы мәселелерді шешу үшін президент Қ.Тоқаев 2022 жылы арнайы тұжырымдама әзірлеуді тапсырған. Сөйтіп, үкімет өткен жылы «Ауылдық аумақтарды дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасын» бекітіп тастаған. Бұл тұжырымдама ауылдарды дамыту тәсілдерін институционалды тұрғыда қамтамасыз етіп, оның тиімділігін арттыруы тиіс. Құжатта еліміздегі ауыл тұрғындарының 90 пайызы өмір сүріп жатқан, даму әлеуеті жоғары 3,5 мың ауылдық елді мекенді және шекаралас ауылдарды дамытуға ерекше назар аударылатыны айтылған. Арнайы мақсатты көрсеткіштер де бар: 2027 жылы ауылдардағы табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен аз халықтың саны – 5,8 пайызға дейін (қазір 7,2 пайыз), жұмыссыздық деңгейі – 4,2 пайызға дейін (қазір 4,7 пайыз) төмендеуі керек. Сумен қамту – 100, интернетпен қамту – 97, нормативтерге сай, жағдайы жақсы жергілікті жолдар – 95 пайызға жеткізілмек. Бұған қоса, 655 денсаулық сақтау нысаны, 183 мектеп, 100 спорт ғимараты, 650 мәдениет нысаны салынып, жөндеуден өткізіледі деп жоспарланған.

Десек те, мұның бәрі тұжырымдамадағы индикаторлар ғана. Осы сынды әлеуметтік-экономикалық бағдарламалар мен жобалардағы оптимизмді жіпке тізсек, нәтижесімен қуантқаны аз. Бұл туралы С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің профессоры Қайрат Бодаухан:

«Ауылдың жайы өзекті күйінде. Мұндағы мәселелерді шешуге бағытталған мемлекеттік бағдарламалар көп түйіндерді тарқата алған жоқ. Сол бағдарламалардың нәтижесі көңіл көншітпейтінін мойындасақ та, оның түпкі себептеріне, жасалған қателіктер мен ол қателер кімнен кеткеніне, жауапкершілік пен модераторлық жүктелген қай мемлекеттік орган жұмысын дұрыс атқармағанына мән бермейміз, айтпаймыз. Сондықтан кабинетте дүниеге келген бағдарламалар сүрлеуі әлі де өзгерген жоқ. Шындап келгенде, мемлекет қаржысының жұмсалуы мен нақты нәтижелерге сараптама жасалмайды. Бұл орайда урбанизацияның негізгі себеп-салдарларын анықтау, ауылдардың экономикалық мүмкіншіліктерін есептеу, ондағы халықтың көңіл күйін, талап-тілектерін білу үшін зерттеулер жүргізіліп, соның негізінде тиісті бағдарламалар әзірленсе нәтижелірек болар еді», – дейді.

Не десек те тұжырымдама бекітілген, ақша бөлінді. 900 миллиардтың ендігі тағдыры жоспарлы болса да, нәтижесіне көпшілік күмәнмен қарайды. Бұл тұрғыда премьер-министрдің де күдігі басым сынды. Олжас Бектенов бөлінген қаржыны тиімді жұмсау қажет екенін ескертіп, ақша биыл толық игерілмесе, келер жылдан бастап қысқаратынын айтты. Тағы: «Мектептер мен медициналық мекемелер – ауылдағы ең маңызды объектілер. Қазіргі таңда апатты жағдайда тұрған ауыл мектептері аз емес. Денсаулық сақтау ғимараттары тапшы. Сондай-ақ ауыз су мен жолдардың сапасына, электр қуаты мен ұялы байланыстың жағдайына және интернеттің қолжетімді болуына қатысты мыңдаған шағым келіп түседі. Мұның барлығы ауыл тұрғындарының жаппай көшіп кетуіне себепші болады», – деп, ақшаны қайда жұмсау керегіне дейін тәптіштегендей болды. Алайда тек инфрақұрылым салу ауыл халқын ұстап қала алмайды. Демек, мәселені шешу үшін құрылысқа ақша бөле беру жеткіліксіз. Бұл туралы урбанист маман Асхат Сәдуовпенсөйлестік.

«Халықты ауылда ұстап қалу үшін мектеп пен аурухана салу жеткіліксіз. Әуелі ауылдағы жұмыс орындарын көбейтуге ден қойылуы керек. Мысал үшін, Алматы мен Астана неліктен халыққа толы? Неліктен ауыл халқы, басқа қалалардың тұрғындары осы екі шаһарға ағылып жатыр? Әрине, көп факторлар әсер етеді. Алайда ең бастысы – онда жұмыс бар, ақша көп, күнкөріс жақсы. Яғни ауылға табыс көзі керек, халықты ұстап тұратын ірілі-ұсақты агроөнеркәсіп қажет. Әрі ет, сүт, бидай алу ғана емес, олардан өнім шығару ісі дамытылса, жаңа жұмыс орындары көптеп ашылар еді. Бұл орайда ауылдағы өндірістің қаладағы өндіріспен бәсекелестігі тиісті жолдармен реттелуі тиіс. Өз кезегінде жұмыс пен кәсіп бар жерде, күнкөріс жақсы елді мекенде жол да, инфрақұрылым да, байланыс та болады. Одан бөлек, логистика дамытылып, транспорттық дәліз қалыптасуы қажет.

Және ауылдағы әлеуметтік қатынастар қаладағы деңгейге жеткені жөн. Бір ғана мысал, білім беру саласы. Бұл орайда мектеп салумен ғана емес, кәсіптік білім беру мекемелерін ашумен де айналысу тиімді. Мәселен, белгілі бір ауылдағы өндіріске керек кадрларды осылайша даярлауға болар еді. Одан бөлек, барлық өңірде сұраныс бар мамандарды әзірлеу үшін, медколледж, педколледжер ашу да нәтижелі бастама секілді. Халық саны көп ауылдарда мұндай қадам сәтті болары сөзсіз. Осылайша, институционалды қажеттіліктер қамтамасыз етілген сайын сыртқа көшуді ойлайтындардың қатары сирейді. Бір жағынан, әлем өзгеруде, қазір адамдар қалада, жайлылықта, барлық нәрсе қолжетімді жерде өмір сүргісі келеді. Бұл Қазақстанның ғана басына туып тұрған күн емес, дүниежүзінде солай», – дейді маман.

Бұл пікірге экономист, экономика ғылымының докторы Бейсенбек Зиябеков те қосылды:

«Ауыл маңызды, ауыл керек дегенмен, бұл мәселеге жеткілікті деңгейде көңіл бөлмей келеміз. Қазір өткен 30 жылғы реформалардың нәтижесіздігіне көз жеткізіп отырмыз. Соның әсерінен болар, ауыл халқының үміті үзілуге шақ, дені ыңғайы келсе-ақ қалаға көшіп кетуді ойлайды. Әсіресе жастар сандалып кетті. Адамдар ауылдан кетуді аңсайтын деңгейге жетті. Ал адам мен еңбек жоқ жерде экономика қайдан болсын? Экономиканың дамуы шикізат арқылы емес, ауыл шаруашылығы арқылы жүруі керек дейміз (!). Біздегі табиғи жайылымдардың көлемі – 180 млн га, әлем бойынша 5-орында тұрмыз. Егістік жердің көлемі – 35,4 млн га, дүниежүзінде 10-орын. Осы факторларды ескерсек, еліміздің ауыл шаруашылық арқылы дамуды мақсат етуі – заңдылық. Жалпы, ауыл шаруашылығы – қай елде де болса экономиканың фундаменті. Сондықтан ауылдан қаржыны аямау керек. Иә, ақша бөлініп-ақ жатыр. Жаңа айтқандай, жеріміз жетеді, үлкен. Адами капитал да баршылық. Бірақ осының бәрін ұйымдастыру, қабілет, идея жетіспейді.

Ең сорақысы, кәсіпкерлерге жағдай жасалмаған. Кәсіп болмаған соң, ауыл мен ауыл шаруашылығына баратын маман да қалмай бара жатыр. Бұл мәселенің әрбірін тарқатар болсақ, томдар томға жалғасады. Сондықтан осы күнге дейін жақсы нәтиже көрінбей келеді. Бір нәрсені ұмытпауымыз керек, ауыл дамымай, мемлекет дамымайды».

Соңғы уақыттары халық саны көп ауылдарға қала мәртебесін беру мәселесі де жиі айтылып, ұсыныстар жасалып жүр. Ұлттық экономика министрлігі қала мәртебесін алуы мүмкін ауылдардың тізімін жасаған, олар: Қарғалы, Өтеген батыр, Боралдай, Ұзынағаш, Сарыкемер, Қордай, Жаңақорған, Шиелі, Әйтеке би, Қызылтөбе, Атамекен, Маңғыстау, Басқұдық Рахат, Бейнеу, Манкент, Ақсукент, Қарабұлақ ауылдары. Бұл қадамның қаншалықты қажет екені тағы сұрақ. Урбанист Диас Маратұлы ауылдарға қала мәртебесі берілсе, олардың аудан орталығына тәуелділігі азайып, өз сұрақтарын өздері шешетін болады дейді. Демек, бұл әкімшілік-ұйымдастыру жағынан тиімді болуы мүмкін. Алайда ауылдар бұрын алып келген ауылға берілетін жеңілдіктер мен квоталардан айырылады дейді маман. Ондай жағдайда инфрақұрылымы мен институттары, материалдық-техникалық базасы қала мәртебесіне сай емес ауыл тұрғындары келеңсіздіктерге ұшырауы ғажап емес. Тағы бір мәселе, елімізде шалғай ауыл деген мәртебе қарастырылмаған, оларды анықтайтын критерийлер де жоқ. Бүгінде қалалар мен аудан орталықтарына жақын орналасқан ауылдарға қарағанда алыстағы елді мекендерге көбірек көңіл бөлінуі тиіс деген ұсыныстар да айтылып жүр.

Баян Мұратбекқызы