Ауыз су мен коммуналдық инфрақұрылым – стратегиялық міндет

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің жолдауында осы жылдың соңына дейін барлық аймақтағы қалалар мен ауылдарды 100 пайыз ауыз сумен қамтамасыз етуді тапсырған болатын.
Бұл тапсырманы орындау үшін мемлекеттік бюджеттен 1 трлн теңге бөлінді. Соның нәіижесінде былтыр ауыз суға қолжетімділік қалаларда 99,4 пайызға, ауылдық мекендерде 97,8 пайызға артты. Бұл туралы Өнеркәсіп министрлігі жанындағы Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық комитетінің өкілдері хабарлады.
ҚР Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Бақытжан Жүнісбековтың айтуынша аталған ауыз сумен қамтамасу ету бойынша 10 қала мен Маңғыстау облысындағы аууылдық аймақтар президент тапсырмасын 100 пайыз орындаған. Тек Абай облысындағы қалалар мен Қостанай облысындағы ауылдарда ауыз сумен қамтамасыз ету әлі де жүріп жатыр.

«Биыл осы жұмыстарды ары қарай жалғастыру үшін бюджеттен 176 млрд теңге бөлінген. Оған 410 жаңа жоба қарастырылып жатыр. Соның аясында халқы аз ауылдарда алдағы уақытта су тазалайтын қондырғылар қойылуы жоспарланған. Оның ішінде 199 ауыл өздерінің артизан құдығы болғандықтан мұндай қондырғы қоюдан бас тартып отыр. Қазіргі күнде еліміздегі су жүйелерінің ұзындығы 136 мың шақырымды құрайды. Оның 49 пайызы тозып кеткен. Бұл – сапалы ауызсуды үздіксіз жеткізу жолындағы ең үлкен кедергілердің бірі. Егер бұларды нақтылап айтар болсам: Сумен жабдықтау жүйелері – 39 пайыз тозған, су бұру (канализация) – 55 пайыз тозған, жылу жүйелері – 52 пайыз тозған», - дейді Бақытжан Жүнісбеков.
Айта кетейік, жылу желілерімен байланысты саясат былтырдан бастап Энергетика министрлігінің құзыретіне өтті. Қазіргі күнде еліміздің жеті қаласында кәріз құбырларын жөндеу жүргілізіп жатыр. Оған бюджеттен 30 миллиард теңге бөлінген. Былтыр Форт-Шевченко мен Сарыағаш қалаларында кәріз құбырларын жөндеу аяқталды. Ал биыл Қызылорда мен Ленгір қалаларында кәріз құбырларын жөндеу бойынша үкіметтен 11-70 миллиард теңге бөлінді. Бұдан бөлек еліміздің 45 қаласындағы кәріз жүйелерін жөндеуге елімізден 830 миллиард теңге бөлінген.

«Саладағы басты мәселелер — ескірген технологиялар, жиі апаттар мен сапасыз қызмет көрсету. Бұл жағдай азаматтардың тұрмыс сапасына тікелей әсер етеді. Осы олқылықтарды жою мақсатында «ТҮКШ жаңғырту және даму орталығы» техникалық оператор ретінде анықталды. Ал қаржылық оператор — «Бәйтерек» холдингі. Бұл мекемелер жобалардың сапасын бақылап, қаржыландыру мен субсидиялау тетіктерін іске асырады.Жаңғыртуға тартылатын инвестиция көлемі — шамамен 13 трлн теңге. Оның ішінде 1,1 трлн теңге ауызсу және кәріз жүйесін жетілдіруге, ал 830 млрд теңге 45 қалада кәріз-тазарту кешендерін салу мен жаңартуға бағытталады. Сондай-ақ 20 қалада SCADA деп аталатын коммуналдық қызметті автоматтандыру жүйесі іске қосылады. Бұл — ресурстарды нақты уақытта есепке алу мен басқаруға мүмкіндік беретін технология. Аталған автоматтандыру есебінен су шығыны 15-40%-ға, апаттар 30-50%-ға, электр энергиясы 15-20%-ға дейін азаюы мүмкін деп күтілуде», - дейді ҚР Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы.
Коммуналдық қызметтерді алған кезде тұрғындардың қандай құқығы бар?
Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы істері комитеті төрағасы орынбасары Нұрсұлтан Керемқұлов та аталған брифингте президент тапсырмасы бойынша шекарада орналасқан елді-мекендер ауыз сумен қалай қамтылып жатқанын айтып берді. Оның айтуынша, Елімізде мыңнан аса шекарада орналасқан ауылдық елді-мекендер бар. Оларды да таза ауыз сумен қамту жүріп жатыр. Жалпы елімізде 6756 ауылдық елді-мекен болса, соның 709-ы ғана ауыз сумен қамтылмаған.
Нұрсұлтан Керемқұлов коммуналдық қызметтерді алған кезде тұрғындардың қандай құқығы барын да айтып берді.
«Бірінші кезекте айтарым, сумен жабдықтау және су жүйелерін бұру деген заң министрлік бұйрығымен енгізілген. Ол жердегі басты қағиданы айта кетер болсам әрбір азамат коммуналдық қызметті алуға құқылы. Себебі қаражатын төлеп отырғасын үздіксіз қызметін алуға құқығы бар», - дейді Нұрсұлтан Керемқұлов.
Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы істері комитеті төрағасы орынбасары Астана қаласында ауыз су сапасы талапқа сай емес деген сұраққа жауап бере отырып, ол қазіргі күнде Астана қаласында ауыз су мәселесі толықтай шешілгенін де тілге тиек етті.
«Астана су қоймасынан су алып отырмыз. Былтыр суға байланысты халық тарапынан наразылық болған еді. Оған себеп насостың себебінен судың жеткіліксіздігі болды. Қазір бұл мәселе шешілді. Жаңадан қосымша насос қойылды», - деді Нұрсұлтан Керемқұлов.
Сонымен қатар, брифинг барысында халықтың құқықтары мен мүддесі де назардан тыс қалмайтыны, коммуналдық инфрақұрылымның жаңғыртылуы тек инженерлік мәселе емес, бұл – халықтың тұрмыс сапасын жақсартатын басты бағыттардың бірі. Мемлекет бұл іске жүйелі түрде кіріскенімен, бақылау мен жауапкершілік те қатар жүруі керек. Мақсат – тек көрсеткіштерді емес, шын мәніндегі өмір сапасын арттыру екені де айтылды.