Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
12:40, 26 Қаңтар 2024

Аулаға қашып шығумен іс бітпейді

алматыдағы жер сілкінісі
Фото: из открытых источников

Алматыда 5 балдық жер сілкінісі болып, әсіресе қалада, көп қабатты үйде тұратындар баспаналарын тастай қашты. Жауаптылар ауыз жаппай, зардап шеккендер жоқ екенін, үйлердің мызғымағанын айтып баққанмен, уақытылы ақпарат ала алмағанын айтып жатқан жұрт кімге сенсін, екінші, үшінші қабаттан секіргендер де бар екен. Бір қайғы мың қайғыны қозғайды, былтыр күзде Ақкенттегі 16 қабат үйдің өртенгенін есіне алғандар да болды. Ол кезде де адамдар терезеден секіріп, бір адам қаза болған.

Іле-шала үкімет күн тәртібінен тыс отырыс өткізіп, жер сілкінісінің салдарын жою жөніндегі жоспар құрып тастады. Төтенше жағдайлар министрлігі үкіметте Алматыда 5 балл, Шымкентте 2 балл, Жамбыл облысында 2-3 балл және Жетісу облысында 4 балл болған сейсмикалық факт туралы айтты. Бұл түн – халықтың сабыры, жергілікті биліктің жағдайды уыста ұстау қабілеті ғана сыналып қойған жоқ, тұтас бір аймақтың төзімділігі қоса сыналды. Ірі мегаполис Алматыдағы көп қабатты үйлер мен нысандардың сапасы туралы сөз бола бастады.

Бұған дейін де Алматыда көп қабатты үйлердің құрылысына қатысты сын жиі айтылатын. Тіпті қалада жер сілкінбей жатып-ақ жантайып, бір жағына қисайып кеткен үйлер де бар. Мысалы, осыдан төрт жыл бұрын Зерделі ықшам ауданында тура осындай оқиға болған. 2019 жылы бұл аудандағы қисайған үйлерге қатысты қылмыстық іс те қозғалған. Осыдан кейін әкімдік мұндағы үйлердің іргесін бекіту жұмысын қолға алған. ҚазҚСҒЗИ 2020 жылы бұл ауданда 7 үйдің, 2021 жылы 10 үйдің іргетасы нығайтылғанын хабарлаған. Аудан тұрғындары үйлері жантайған тұста қала әкімі болған Сағынтаевты «Зерделінің мәселесін толық шешіп кетті» деп есептемейді. Зерделіліктер бүгінде жер сілкінбек түгілі, қатты дауыл мен жел тұрса да шошып отыратын болған. Кешегі жер сілкінісі болғанда бұл аудан тұрғындары «жаңбыр жаумай су болған» төрт жыл бұрынғы жағдайды ойлап, жандарын шүберекке түйіп, түнімен далада жүрген. Шағын ауданның тұрғыны Албина Молдашева:

«Жергілікті әкімдік үйлердің іргетасын бекіту жұмысын құрылыс нормасы мен талаптарына сай істедік деп есеп берген. Ол кезде әкім Бақытжан Сағынтаев еді. Үйіміз аман. Бірақ үш жерден сызат түсіпті. Басқа көршілерде де мұндай жағдай бар. Кеше үйімізді тастап шыққанбыз, қазір қайта оралдық», – дейді А. Молдашева.

«Жас Алашқа» пікір білдірген сала мамандары «бір Зерделі ғана емес, бүкіл Алматыдағы Тұрғын үй құрылыстарының сапасын мемлекеттік комиссия құрып тексеретін кезең жетті» дейді. Себебі сейсмикалық қауіптілігі ең басым аймақ Алматыда Тұрғын үй кешендері стандартқа сай салынбаған. Тұрғын үйлерден бөлек кәсіпорын, зауыт-фабрикалардың ара қашықтықты, техникалық регламентті сақтап салынуы күмәнді. Алматыға президент Қасым-Жомарт Тоқаев келеді, бірқатар ғимараттарды да аралайды деп жатыр, ғимараттар ғана емес, мынадай жағдайдан кейін осындай мәселесі бар бірер үйді көріп шығып, қатаң тексеру жүргізуге бастамашы болуы керек. Себебі 5 балға керегесі шытынаған үйлердің бұдан арттыққа шыдас беруі күмәнді.

Алматыда бізге белгілі ірі жер сілкінісі 1887 жылы болған, 236 адамның өмірін қиып кетсе, бұл оқиға екі жылдан кейін 1889 жылы тағы қайталанған. Одан соң 1910 жылы 9 балдық жер сілкінісі болып, 44 адам қаза тапқан. Ал қираған ғимараттарда есеп жоқ. Бұл арғы тарих десек, берісі – 2016 жылы жапон ғалымы Сэгава Сюке: «Егер сол кездегі 1887-89 жылдардағы 9 балдық жер сілкінісі бүгінгі таңда орын алар болса, Алматы қаласында 25 000 ғимарат құлап, 100 000-нан астам адам шығыны болуы мүмкін» деген болжам жасаған. Мұны сол 2016 жылы біраз БАҚ жазып, улыған-шулыған болып, соңынан ұмытып кеттік.

Үйден қашып шыққанмен қауіп сейілмейді

Қазір қаладағы тұрғын үйлер бір-біріне тым жақын салынып жатқанын, қанша жерден сапалы салынса да арақашықтық ескерілуі керектігін үнемі қаузап жүретіндердің бірі – мемлекет және қоғам қайраткері, экс-әкім, құрылысшы Амалбек Тшанов. 1995 жылдары ҚР құрылыс, тұрғын үй және аймақтарда құрылыс салу министрі болған ол құрылыс мәселесіне атқарушы биліктің атүсті қарайтынын айтады. Қалада саңырауқұлақтай қаптаған, иін тіресіп салынған тұрғын үйлер жылдан жылға көбейіп барады.

«Қаланың сейсмикалық картасында жердің қай аймағында тектоникалық жарық бар екені, қай аймақтың топырағы бос екені бәрі көрсетілген. Мұндай жерлерге үй салуға болмайтынын қала әкімдігі біледі. Бірақ оған қарап жатқан ешкім жоқ. Біздің басшыларды дүниеқұмарлық әбден меңдеді. Қазір қалада сәл бос жер болса сол жерден тұрғын үй кешенін салады. Бұрынғы салынған үйлердің әр этажында төрт-ақ пәтер болатын. Ал қазір әр этажда оншақты пәтерден тұрады. Сонда бір подъезде қанша адам тұратынын есептей беріңіз. Кешегідей жер сілкінген жағдайда адамдар сыртқа шыға алмай, «паникадан-ақ» бірін-бірі таптап өлтіреді», – дейді ол.

Енді мынадай бір үлкен мәселе бар: Алматылықтар үйінен сыртқа шығып үлгерді дегеннің өзінде олар қауіптен құтылды деп айтуға болмайды екен.

«Сыртқа шықсын делік, аула тар, үйлер бір-біріне мінгесіп тұр. Қарама-қарсы тұрған, жапсарлас салынған үйлер төрт жақтан төніп тұр. Бұл үйлер құласа не болады, құламаған күннің өзінде ең алдымен терезесі, шатыры, кірпіші, панельдері ұшпай ма?! Ал ауласы көлікпен сіресіп тұрған, өзі тап-тар алаңқайдан тығылар, бас сауғалар жер таба аласың ба? Құрылыс салу барысында осының бәрі есептелуі керек болатын, ал бізде үй салынса, ақша игерілсе болды, мұндай талаптарды аттап өте салады. Стандарт бойынша өзеннің айналасына да мүлде үй салуға болмайды. Бірақ Алматыдағы өзендердің бойына да сығылыстырып тұрғын үй салып тастады. Мұның барлығына рұқсат беретін бір-ақ адам, ол қаланың әкімі. Осының барлығын қалыпқа келтіру керек. Бұрын үйлер салынғанда жұмсақ жерлер қазылып, оған толтырып су құйып, суды әбден сіңдіретін. Сосын оған арнайы қада (свай) қағылатын. Содан кейін қаданың бетіне теп-тегіс, түп-түзу берік етіп арматура байланатын, сосын барып іргетасы құйылатын. Ол іргетасы әбден отырғанша тосатынбыз. Ал қазір үш айдың ішінде бір тұрғын үй кешенінің құрылысын бітіріп жатқандар бар», – дейді Амалбек Тшанов.

Осылайша, бұрынғы құрылыс министрі құрылыс сапасына мемлекеттік тексеру, қатаң бақылау орнату үшін үлкен реформа керек екенін айтады. Тіпті құрылыс министрлігін қайта құру туралы да ойлану керек.

«Үкіметте біраз министрлікті қайта құрды ғой былтыр, сол кезде де айтқам, құрылыс министрлігі керек бізге. Комитеттің аты комитет, министрліктің аты министрлік. Республикадағы барлық құрылысқа қатысты сапаға, қауіпсіздікке қатысты жауапкершілікті сол ведомстоваға жүктеу керек. Олай етпесек, қазіргідей құрылыс салу – нағыз дұшпанның ісі. Құдай сақтасын, егер Алматыда қатты жер сілкінісі болатын болса, осы сапасыз құрылыстың салдарынан-ақ былтырғы Түркиядағы жағдай түк болмай қалады», – дейді маман.

Түркия билігі былтырғы апаттан кейін сапасыз құрылыс салған компанияларды қатаң қылмыстық жауапкершілікке тарта бастады. Тек Түркия ғана емес, өзге елдерде де құрылыс компанияларына қойылатын талап күшті. Қытайда құрылыс компаниялары үй салуда қателік жіберсе, компания басшылары бірден бас бостандығынан айырылады. Ресейде де заң қатты, сапасыз салынған үйлер тексеруден өтпесе, сол заматта сүреді. Құрылыс компаниясы бірден жауапкершілікке тартылып, нарықтан шығарылады. Индонезияда да солай. Ал бізде үй салатын құрылыс компаниялары биліктің ерке баласы сияқты. Өз елінде заңы қатал түріктер біздің елге келіп емін-еркін тұрғын үй кешендерін тұрғыза береді. Өткен жылы өрт шығып, халықты әбігерге салған Ақкент тұрғын үй кешенін сол түрік ағайындар салған. Қазақстанның құрылысында қара жұмысшы болып өзбек те, тәжік те, қырғыз да жүр. Үлкен кешендерді салуда да кейбір құрылыс компаниялары арзан жұмыс күшіне қызығып, құрылыстан аса хабары жоқ адамдарды жұмысқа ала береді.

Сейсмикалық аймақ – Алматы маңынан тағы бір алып қала салынбақ. Алатау қаласы, G4 City арнайы экономикалық аймағы туралы айтып отырмыз. Бұл қаланың құрылысы отыз жыл бойы жыр болған Астананың құрылысынан асып кетпесе, кем түспейтін түрі бар. Одан бөлек, жаңа құрылған облыстарда да құрылыс күшейетіні сөзсіз. Сондықтан құрылыс министрлігін құру туралы арнайы ойланып көру керек шығар.

Үй құрылысының сапасынан бөлек күйіп тұрған тағы бір мәселе бар. Ол құрылыс компанияларының жаңадан салынған баспаналарға авто-тұрақ салмайтындығы. Алматыда көліктердің көп қабатты үйлердің ауласында иін тіресіп тұруы да құтқарушылар үшін ең басты проблема.

Өрт сөндіруші, бөлімше командирі Бекбол Көшкенов:

«Қазір жаңадан салынған кез келген үйдің ауласында көліктер толып тұрады. Арнайы (спец) машиналар өтпек түгілі, ол жерлерде жеңіл машина өтетін орын жоқ. Құрылыс компаниялары тұрғын үй салғанда авто-тұрақ салмайды. Негізгі – қателік осы. Өрт болған жағдайда «спец» машина кіру керек, жедел жәрдем, құтқару қызметі баруы тиіс. Мұның барлығы үйді салғанда ескерілуге тиіс қарапайым нормалар. Әсіресе қарапайым халыққа арнап мемлекеттік бағдарламамен салынған үйлерде бұл талап ескерілмейді. Алдымыздан қырық түрлі кедергілер шығады. Кейде адамдарды құтқару үшін бара жатып аулада иін тіресіп тұрған көліктерден өте алмай, оларды сызып кетіп, көлігін зақымдап алсақ та біз кінәлі боламыз. Рөлде отырған жүргізушіні іздейді, оған сөгіс береді, жалақысынан кеседі. Ақыр соңында мұндай жағдайды басшылыққа жеткізбеу үшін сол арада көлік иесімен келісіп мәселені шешіп кетеміз. Шетелдерде мұндай жағдайда біреудің көлігін сызбақ тұрмақ, мыжып кетсең де құтқарушыға жаза жоқ. Себебі мемлекеттің ең басты құндылығы – адам! Біздің жұмыста адам өмірі, адамды құтқару бірінші кезекте тұруы керек. Елде реформа жасап жатырмыз деп жүр ғой, сол реформаға осы мәселені де қосу керек. Заңға өзгеріс енгізіп, кезі келгенде құтқарушылардың еркін қимылдауына жағдай жасауға тиіс».

Өрт сөндіруші маман былтырғы Ақкент тұрғын үй кешенінде болған жағдайда да осы көліктер көп кедергі келтіргенін айтады.

«Ол жерде үй бірден өртеніп жанып жатқан жоқ, түтін болып тұрды. Арнайы машина діттеген жерге жетемін дегенше адамдар паникаға беріліп, өзі қорқып тұрған адамдарды одан әрі қорқытып, 9-қабаттан «матрасқа» секіртіп жатты. Біріншіден, ол адамдардың секірмеуіне де болар еді. Өртеніп жатқан көрші пәтер және әлі күш алып үлгермеген. Өрт сөндірушілер бірден іске кірісіп кете алмаған соң (кедергілерді айттық) оларда «қазір өрт бізге де жетеді» деген қорқыныш болған. Бұл жерде тағы бір мәселе бар. Ол адамдардың төтенше жағдай кезінде өзін-өзі қалай ұстау керегін білмейтіндігі. Адамдар оқиға орнынан бейнежазба түсіруге әуес, бұл құтқарушыларға да кедергі келтіреді. Бұрын мектептерде жер сілкінісіне қатысты даярлық сабақтары өткізілетін, ЖОО-да өмір қауіпсіздігін сақтау сабақтары жүргізілетін. Қазір мұндай жоқ. Рас, бізде барлық жабдықтар бар. Әсіресе Алматыда арнайы көліктер, құтқару құрылғылары жеткілікті. Бірақ төтенше жағдай кезінде адамдардың өзі де сауатты болуы қажет. Ол үшін халыққа түсіндіру жұмыстары жиі жүргізілуі керек. Біздің жылына бір мәрте мектепке барып немесе жылыту маусымы болған кезде сақтандыру қағаздарын таратқанымыз аздық етеді. Қысқасы, бізде жер сілкісіні кезінде қалай әрекет ету керектігіне қатысты методика бар, бірақ тәжірибе жоқ. Болашақта осы мәселелерді шешуге баса назар аударылуы керек».

Бұдан басқа да жойқын зілзала кезінде жұмыс істеу тәжірибесі, кинология мәселесі өз алдына бір тақырып. Біз бұл туралы айтуды кейінге қалдырдық. Жалпы, тектоникалық жарықтардың үстінде орналасқан Алматы үшін зілзалаға дайын болу бүгінгі күннің басты мәселесі болуға тиіс. Мұны қала тұрғындарының шағымын ұмытып қала беретін қала әкімі Ерболат Досаев ұдайы есінде сақтауы тиіс. Ал төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов басқаратын министрлік әзірге ешқандай шығын жоқ екенін айтып, қызуды басуға тырысып жатыр.

Ал тұрғындары босып кеткен Алматыда сирена ойнаған жоқ...

Қарлығаш Зарыққанқызы