Аулаңда ағаң бар ма?

Алматы – үлкен қала. Алатаудың аясындағы арман қалада тұруға кімдер құмартпады екен?
Солардың бірі біз едік. Асыл арманымызды әлдилеп келдік. Аңсаған оқуымызға түстік. Бітірдік.
Иә, содан кейін өзгеше өмір басталды. Ол пәтер жағалайтын, ұлты басқалардың құжырасының бір бұрышын паналайтын қызық-шыжығы мол өмір… Осы туралы әңгіменің ұшығы шықса, оқ пен оттың ортасынан аман келіп, көп жыл баспананың қасіретін көрген әйгілі ақын Қасым Аманжолов еріксіз еске түседі.
«Берсең бер, бермесең қой баспанаңды,
Сонда да тастамаймын астанамды...» –
деп жырлаған еді. Сондай ауыр жағдайды алматылық болғысы келген аға-әпкелеріміз секілді біз де көрдік. Сөйтіп жүріп әйелім екеуміздің Қазақстан КП орталық комитетінің «Дәуір» баспасындағы еңбек өтіліміз 20 жыл болғанда арман қаланың тура жүрек тұсынан үй алдық. Қазақтар шоғырланып, қуанышқа кенелген ақжарылқап оқиға, ашығын айтайын, соған дейінгі Алматыда бұрын-соңды болмаған шығар. Бір ауыл дерлік, сексен пәтерлі тоғыз қабатты үйге ордер алғандардың 90 пайыздайы қандастарымыз еді.
«Сонда кімдермен көрші болдыңдар?» дейтін шығарсыз. Ендеше іргелес үш әуліні (подъезд) айтпай-ақ қояйын, тек өзімізді тізбелесем: екінші қабатта қазақтың Ақселеу Сейдімбековы, үшінші қабатта Сәлима Ысқақова, төртінші қабатта ақын Сейітбаттал Кәттебайұлы, бесінші қабатта Жұмаш Арғынбаев, жетінші қабатта Басқар Битанов пен Айжан Шәңгереева, сегізінші қабатта Жарылқап Бейсенбайұлы мен Жүсіп Қисымов, тоғызыншы – ең жоғарғы қабатта біз тұрамыз. Осылай кірпіштен соғылған әдемі жердегі әдемі үйдің кілтін қолға алып, қуанышқа кенелгенімізге бір жыл болмай жатып жетінші қабаттағы облыстық «Жетісу» газетінде қызмет істейтін Айжанның үйіне жастары бәрімізден ересек бір аға мен апай кіріп-шығып жүргенін бір-ақ көрдік. Ағамыздың жүрісі мол пішілген денесіне сай салмақты, нық көрінді. Апайымыз да елді үйіретін шуақты жүзімен аз уақытта баурап алды. Сөйтсек, ол кісілер Айжанның күйеуі Бауыржанның әке-шешесі екен. Ұлы мен келіні «сіздерге жайлы жер керек, біз алған үйге келіп тұрыңыздар, ал біз сіздердің от жағатын, күл шығаратын, су таситын жер үйлеріңізде тұрайық» деп, төрт баласымен сонда ауысыпты.
Біздің үлкен үйіміз – үлкен кеме іспетті. Бір есіктен кіреміз, шығамыз. Күндіз-түні қызметімізге байланысты тоқтау көрмейтін лифтіміз де біреу. Өстіп күнде жүздесіп жүріп, әбден етене болып алдық.
Қызық-қуанышы мен қайғысы шарпысып жататын күндердің бірінде Сейітбаттал ағаның әскерден жаңа келген Ержаны аяқастынан ұшты-күйлі жоғалып кетті. Таңертең жұмысқа барамын деп кеткен, содан біржолата оралмаған. Хабар беріп, сұрау салмаған жері қалмады. Адамнан тірідей көз жазған қандай қасірет, бәріміз өте ауыр сәтті бастан кешіп жүргенде үлкен ұлы Ерлан үйленді. Бір қайғы, бір қуаныш деген осы шығар. Бір әуліде тұратындардың бәрін шақырды. Қайғысы тезірек сейіліп, қуанышы үстемелесе екен деп тілек тіледік. Сол тілегіміз қабыл болып, жас келініміз көп кешікпей жүкті болды. Іші енді-енді бұлтиып біліне бастаған күндердің бірінде Сейітбаттал ағаның үйіне қайғының қара бұлты қайта үйірілді. Ерлан ініміз ішкі істер саласында қызмет ететін еді. Қызметтік тапсырмамен Талғардан келе жатып, ішінде бес бірдей қызметтестер отырған көліктері Қызыл қайрат ауылынан өте беретін бір белде қарсы бетке шығып кеткен «КамАЗ-дың» астына екпіндей еніп, бәрі бірдей көз жұмады. Әке-шешелері ботадай боздап қалады. Бірінші Алматы жақта жер үйде Сейітбаттал ағаның үйіндегі Айгүл жеңгеміздің анасы тұрады екен, бір автобус болып көңіл айтуға бардық. Алдымызда Таубалды ақсақалымыз бар. Еңіреп жылап отырған елдің арасына топтанып кірдік.
– Сейітбаттал, – деп сөз бастады Ақселеу аға. – Саған қалай деп жұбату сөз айтарымды білмей отырмын, бауырым. Мынау өзі сондай айтып жеткізгісіз ауыр қасірет болды ғой, – деген кезде көзінен бұршақ-бұршақ жас шықты.
– Сабыр, сабыр, айналайындар, не дейін? – деп жасын сүртті Бауыржанның әкесі.
«Баланың қайғысы – жүректе» деген, екі бірдей ұлынан айырылу Сейітбаттал ағаны қайыстырып кетіп еді, көп ұзамай бәрімізді мәңгілікке тастап кетті. Осылай бір үйдегі ұрпақ ұластыратын еркек кіндіктіден ешкім қалмады.
Астана Арқаға көшті. Сол көштің құрамында Ақселеу, Жарылқап, Жүсіп ағалардың отбасы да бар еді. Қимастық көңіл күймен шығарып салдық. Ол кісілердің үйіне басқалар көшіп келді, бірақ біз олармен ол кісілердей сәлеміміз етене бола алмадық. Есесіне бұрынғы орнығып қалған көршілермен арамыз жақындаса түсті. Әсіресе Таубалды ағамен. Ол үйдегі апайымыз да бір тамаша кісі екен. Өзім жақсы араласатын жазушы Төлен Қаупынбаев ағаның жақын әпкесі. Әңгімесі де ғажап. Арқалы ақын Мұқағали ағамыз туралы, өздері туып-өскен киелі топырақтан шыққан Бердібек Соқпақбаев, Байұзақ Қожабеков, Нұрғали Мамыров, Әділ Ахметов және басқа да танымал тұлғалармен аралас-құраластығы жөнінде ел айта бермейтін әсерлі әңгімелерді майын тамызып айтады.
Маған тағы бір айрықша ұнағаны – шырайлы шаңырақтың астында балдай тәтті ғұмыр кешіп жатқан Таубалды ағаға деген ықыласы. Екеуі Жаратушы иеміздің таңдап қосқан жарасты жұбы. Несіпхан апайымыз өмір бойы кітапханада қызмет істепті. Білмейтін ақын-жазушысы жоқ. Таубалды ағамыздың да көкірек көзі өте ашық. Абай атындағы педагогикалық институттың түлегі екен. Орысша да сауаты терең. Соның арқасы шығар, біраз жыл мектепте мұғалім болып жүрген кезінде көзге түседі. Нарынқол аудандық комсомол комитетіне әуелі екінші хатшы болып сайланады, артынша бірінші хатшылыққа көтеріледі.
Бұл сол уақытта үлкен үйрену мектебі болатын. Арғы жағы партиялық қызметке ұласады. Абай атындағы колхозда, одан соң К.Маркс атындағы шаруашылықта, тағы бірер жылдан кейін Киров атындағы колхозда партия ұйымының хатшысы болып жемісті қызмет етеді. Мал шаруашылығының өркендеуіне, егіншіліктің дамуына елді жұмылдырады. Артық сөзге үйірлігі жоқ, өнегелі іске бейім, жұртты соған жұмылдыра білетін қабілетін көріп-біліп жүрген шаруашылық басшылары «Тауке, біздің де совхозға қызметке келсеңізші» дейді екен. Еңбегі еленген, солай екенін «Жалын» баспасынан 2002 жылы жарық көрген «Аталық сыр» деген өмірбаяндық кітабындағы қара костюммен түскен бейнесіндегі өңіріне таққан «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі» ордендерінен білдім.
Бір әуліде тұрып, аулада, Есентай өзенінің бойында қаншама жыл әңгімелесе жүріп, өзі туралы желпіне айтқан сөздерін естімеппін. Еркін ойлы басылымдарды жібермей оқитын. Мен соларға белсене араласатын автор болған соң ба, айтатын әңгімеміз жарасып, ұзаққа ұласатын. Сондай турашыл, қарапайым халыққа жүрегі бұрмашыл кісінің әр лебізі жүрегіме ұялай беретін.
– Айналайын інім, кеше халық үшін барынша адал қызмет еттік. Біздің аудан соның арқасында әйгілі болды. Малы да көбейді, жаны да еселеп артты. Дәулеті шалқыды. Мұқағали, Бердібектер арқылы тіпті танылдық. Ел-жұрттың бәрі Хан Тәңірін көруге құмартты. Сен біздің топырақта туып-өсіп, жетпіс жасында Социалистік Еңбек Ері атағын алған Нүсіпбек Әшімбаев деген ағаңды естіп пе едің? – деп сұрады бір күні.
– Білем ғой, аға. Үш-ақ сыныптық білім алған, одан кейін тек қана кешке оқып орта мектеп бітірген, Талғардың ауыл шаруашылығы техникумын да сырттай тәмамдаған әйгілі колхоздың бастығы. Алматыда енді ғана қолға алынған кезде, ауылында сексенінші жылдары саунасы бар монша салған, оған өзі бір-ақ рет түскен… Ауылында керемет стадион тұрғызған, ол жерге «Қайрат» командасы жаттығуға барған… Ауыл ортасында екі қабатты мектеп, сәулетті мәдениет сарайы мен еңселі әмбебап дүкен үйін шаруашылықтың өз қаржысына салған… Ел көгілдір экран хабарларын көрсін деп, биік таудың басына телемұнара тұрғызған… Ауылындағы үздік оқыған оқушылардың бәрін елге қажетті әр мамандық бойынша Алматының жоғары оқу орындарында ақшасын төлеп оқытқан төраға.
– Ой, Талғат-ау, сен менен де артық біледі екенсің ғой ол кісіні. Ертең үйге Нүскеңді соғым басына шақыратын едім, келе аласың ба? – деп үйге телефон шалды.
– Жаны жайсаң жақсы ағалармен отырған бір сағат – бір ғұмыр. Сіз лайық көрсеңіз, міндетті түрде барамын, – дедім.
Келесі күні түс уақытында сол сөзімде тұрып, бардым. Шайдың кезінде де, үлкен астың үстінде де, одан соң үзілісте де Таубалды аға мен Нүсіпбек ағаның әңгімелері, айтқан әзілдері өте жарасып отырды. Оны жарастыра түскен өмірлік сыңарлары. Есімдері елге мәшқұр облыс, республика басшыларымен бірге жүргендегі қызықтарын айтты. Бәрі тәлімді, тәрбиелі әңгімелер. Іштей соған өте разы болып отыр едім:
– Талғат, сен менің Мақсатыммен жасты екенсің. Сондықтан ба, сені өз ұлымдай көріп отырмын. Біз өмірдің талай ауыр сын соқпағынан сүрінбей өттік. Аранын ашқан аштықтан аман қалдық. Атылудан да Құдай құтқарды. Мені соттады. Сотталғаныма өкінбеймін. Қарағандының шахтасына болмаған қылмысымды өтеуге барғанда бір ауыз орысша білмейтін едім, судай болып қайттым. Көзім ашылды. Саяси сауаттандым. Елге оралған соң, араға сегіз жыл салып ақталдым. Колхозға бастық болып сайландым. Білім алу керек екенін ұғып, газеттен газет қоймай оқыдым. Соның арқасында бір институт бітіргендей білім жинадым. Өткен өміріме өкінішім жоқ, – деді Нүсіпбек аға.
Нүсіпбек ағаның ақтарыла айтқан осы әңгімесі мені ол кісіге жақындата түсті. Оған да жол ашқан – ақиқатын ашық айтайын, Таубалды аға. «Жазатындар аз емес, айналайын інім, бірақ Нүсекең туралы кітап жазуды өзіңе қолай көріп отырмын. Күйеубаласы Сағатбекті өзің де білетін шығарсың, Алматы облыстық әкімшілігінде аппарат жетекшісі, соған айтып едім, қаржыландыратын сол ғой, өзіңді сырттай біледі екен, келісті», – деді.
Құрметті оқырман, мен, сөйтіп, әйгілі колхоз құрылысының қайраткері, КСРО колхоздар кеңесі төрағасының орынбасары болған, Нарынқол ауданындағы «Ленин» колхозын бүкілодақтық деңгейде танымал еткен Социалистік Еңбек Ері Нүсіпбек Әшімбаев ағаның атынан шыққан «Ғасырға ұласқан ғұмырым» деген өмірбаяндық кітабына әдеби жазбашылық жасадым. Мақтанды дей көрмеңіз, оны оқыған елдің бәрі разылық ықыластарын білдірді. Кітап үш рет жарық көрді. Ал, өкінішпен айтатыным, Нүсекең ақсақал жүз жасына жарты жыл жетпей, 2010 жылдың 1 қаңтар күні, өз үйінің төрінде, бүкіл бала-шағасының көз алдында, «Жүзге келді деген – осы, сендер көздеріңе жас алмай, қайғырмай, мені мәңгілік мекеніме қойыңдар» деп, жүріп кете барыпты...
Міне, осы оқиғаны маған Таубалды аға жеткізді. Ертесіне жаназасына қатыстым. Қырқына арналған дастарханда ұлдары мен жазған кітапты елге таратты. Еске алу жиынын сол уақыттағы Қазақстан жазушылар одағының төрағасы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, ақын Нұрлан Оразалин жүргізді.
– Талғат, Нүсекең сырласым еді, қабырғам сөгілгендей болды ғой, – деп қамыға егілді Таубалды аға.
Аға артық сөз айтпайтын. Не десе де, ойланып-толғанып сөйлейтін дағдысымен бір күні: «Мен Алматыны көп аралаймын. Қазір көшелері тарылды. Баяғыда кең еді. Әр үйдің арасымен лекілдеп самал есетін. Соны бүгінгі сәулетшілер ескермейтін болды-ау», – деді.
Шынында, ойға қонатын әңгіме емес пе? Көп жыл тұрған үйге үй жалғап, айналасын тұмшалап жатқандарын көргенде мен де іштей қынжыламын. Кейбір жерлерде мектеп пен балабақша тұрғызатын сүйем жер қалдырмағанына қатты күйінемін. Тек бүгінгі пайдасымен шектелген әкімдерді, солардың аясынан шыға алмай, қаланың сәнін кетірген сәулетшілерді аямай, беттерін ащы сөзбен осып-осып сыбағым келеді...
– Талғатжан-ау, біз де оқу бітірдік. Қызметті төменнен бастадық. Ешкім үлкен, жауапкершілігі зор қызметке аузынан ана сүті кеппеген, көкөрім кезінде қонжия қалмайтын. Бүгінде өзі отырған министрліктің міндетінен бейхабар министрлер көбейді-ау, – деді бір жолы Таукең ағамыз.
Ол кезде ағаның Есентайда жағалап жүруді сирете бастаған кезі. Әйтеуір, сол күні Есентай өзенінің қарсы бетіне өтіп, зәулім ағаштың көлеңкесіне қойылған орындықта ұзақ отырып әңгіме-дүкен құрдық. Қазақстан компартиясы орталық комитетінің «Дәуір» баспасы қатар-қатар тұрғызған тоғыз қабатты үш үйге сыртынан қайта-қайта көз салдық. Аға сол үйлердің сапалы тұрғызылғанын ауызға алды. Бір кезде:
– Саған айтуға болады ғой, осы біздің Қожамқұлов, 128-үйде қазақтың әйгілі қаламгері, ғалымы Ақселеу Сейдімбеков те тұрды. Алматыда көшесі бар-жоғын білмеймін. Берілмесе, алда берілетін шығар. Халқына еткен еңбегі елеулі азамат еді. Осы жағын ескеріп, біздің үйіміздің көше жақ қабырғасына «Бұл үйде 1987-1999 жылдар аралығында Мемлекеттің сыйлықтың иегері, жазушы, ғалым Ақселеу Сейдімбеков тұрды» деп жазылған тас тақта орнату керек қой. Сен соған қозғау салсайшы, – деді.
– Ақаң 1942 жылғы. Енді бірер жылдан соң 80 жылдығы келе жатыр, соны тілге тиек етіп, бір газетке мақала жазармын деген ойдамын, – дедім.
– Мәңгілік есте қалдыратын шаралар жарасымын тауып жасалса, соның өзі жас ұрпақ үшін үлгі-өнеге, тәлім-тәрбие ғой, – деді Таубалды аға.
Ол кісілер сол күндерден кейін көп ұзамай қаланың күншығыс жақ бетіндегі «Думан» шағынауданына, ұлы Бауыржан сатып алып берген жаңа үйге көшіп кетті. Әдеттегідей жүздесе берудің сәті түсе бермейтін болды. Әбден үйреніп қалғандыкі ме, аулада бірге қыдыратын, әңгіменің айызын қандырып айтатын Таубалды ағасыз көпке дейін жаным жабырқау тартып жүрді. Ол кісінің орнын басып, алмастыратын басқа бір ағаны аңсайтынды шығардым.
Иә, сөйтіп жүргенде Таубалды Шәңгереев ағаның уақыты келіп, ешкімге салмақ салмай, өмірден озып кеткенін бір-ақ естідім.
Өмір заңы осылай ғой. Жарық жалғанға келген кісінің күні біткен кезде кету – парызы. Ол кісі тоқсанның жүзін көріп, көз жұмды. Мәнді де сәнді ғұмыр кешті. Артында өмірін ұластыратын өнегелі ұрпақ қалдырды. Бұл да адамның бақыты емес пе?
Сол секілді бір әуліде тұрып, қимастық көңілмен еске алатын біз де бармыз. «Адам өлген күні – өлмейді, ұмытылған күні өледі» дейді. Ендеше біздің ауламызда аға бола білген Таукең аға білетін барша жұртпен бірге жасай береді.