Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
14:48, 12 Тамыз 2021

Әулие Ата үңгірі жазулардан тазартылды

None
None

Ақтоғай ауданына қарасты Шашубай өңірінде Бектау ата тауы орналасқан. Бұл тауда ерекшелігімен көзге түсетін Әулие  Ата үңгірі бар.

Табиғаттың қайталанбас сұлулығы бар тауға жаз басталысымен жан жақтан қыдырып барушылар легі көбейеді. Соңғы жылдары таудың жақпар тасына жазылған жазулар мен таңбалар көбейіп, үңгірлі таудың көркін кетіріп тұр еді.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Әулие Ата үңгірін жазулар мен граффитиден тазарту үшін акция ұйымдастырылды. Акцияны бастаған Ақтоғай ауданы, Шашубай кентінің мұғалімдері Әулие Ата үңгіріне алғашқы келбетін қайтарды.

Бес ай бойы  басым бөлігі педагогтардан жасақталған еріктілер тобы  жазу сызуларды өшіріп еңбек еткен. 2020 жылы Шашубай кентіндегі бөбекжай кешені базасындағы тірек мектебінің ұстаздары мен техникалық қызметкерлері өңірлеріндегі Әулие Ата үңгірін қайта қалпына келтіру жұмыстарын қолға алып, туған өлкенің дамуына үлес қосу үшін акцияны бастауға шешім қабылдаған болатын. Өйткені туристер үшін көз қызықтыратын таңғажайып орынның көркін  жазулар кетіріп тұрған еді.Еске сала кетсек, Бектау Ата тауы және  Әулие Ата үңгірі, Шарын шатқалы, Хан Тәңірі шыңымен қатар республикалық киелі нысандар мен басқа да ерекше қастерленетін табиғи мұра ескерткіштерінің картасына енеді. Бектау Ата тауы жалтыраған ерекше жықпыл тастарымен қоса Әулие Ата үңгірімен жұртқа танымал болған аймақ.

Бұл үңгірдің өзі 600 метр биіктікте орналасқан. Үңгірдің түп жағы суға толып тұрады. Халық сенім наным бойынша бұл суды қасиетті деп санайды. Ерте заманнан бұл жерге келетін жұрт қасиетті суды дертіне шипа болады деген сеніммен түнде келіп, су алады әрі дұға етеді. Шашубай тұрғындарының пайымдауынша үңгірдегі алғашқы жазу өткен ғасырдың отызыншы жылдарында пайда бола бастаған екен. Сан жылдар бойы жақпар тастарға жазылған жазулар мен шимай шатпақ қасиетті таудың көркін кетіріп, қадірін қашырып тұрған еді.Үңгірді тазартуды қолға алуды жөн көрген еріктілер тобы жұмысқа кірісер алдында тәжірбиелі мамандар мен практиктердің тазартуға қатысты әдіс тәсілдерін қарастырып, үңгірде эксперимент жасап көрген болатын.Бұл жұмысқа дайындалу мерзімінің өзі үш айды құраған.

"Әулие Ата үңгірін тазарту жұмыстары толығымен бес айға созылды. 2020 жылдың тамыз, қыркүйек, қазан айлары мен 2021 жылдың сәуір, мамыр айларында жұмыс жүргізілген болатын. Еріктілер  өз қалауымен туған жерге үлес қосу мақсатында Бектау Атаға сенбі, жексенбі және мереке күндері  барып тазарту жұмыстарын жасап отырды. Үңгірге бір рет шығу үшін олар өздерімен қоса жүз рет  қолданылатын бір реттік және екі тұрмыстық оттегі баллонын, шағын автономды генераторлық электр станциясын, электр щеткалары мен кескіштерін, өрт сатыларын туристік жабдықтар мен арқандарды құрылыс құралдарын алып шығып жүрді. Сондай- ақ әрқайсысында арқаларында қапшықтары болды. Осылайша бес ай бойы жұмыс жасадық", — деп мәлімдеді жобаның басы қасында жүрген облыстық маслихаттың депутаты Айман Түкбаева.

Үңгірдегі жазуды өшіруде таудың биіктігі, жалтыр тастар қиындық туғызған. Еріктілер акция барысындағы жұмыстарды тек қана демалыс және мереке күндері атқарып отырған.

«Рухани жаңғыру» аясындағы акция ресми түрде 6 тамызда аяқталған болатын. Үңгірді жазулардан тазарту жұмыстары аяқталған соң бұл жерге үш тілде ақпараттық кестелер орнатылған. Сонымен қатар қасиетті үңгір аузына " Табиғат мінсіз таза, мін бізде ғана" деген жазуы бар ескерткіш тақта қойылды. Бұл өз кезегінде табиғат аясына қыдырып келіп, қоқысымен қоса шимай шатпағын да жазып,  жер — анаға сансыз зиян келтіріп кететін пенде баласына сәл де болса  ой тастауға ықпал етері сөзсіз.

Тегтер: