Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:00, 24 Қазан 2023

Әулиеатадан әскерге кеткендер

14
Фото: из открытых источников

Отан алдындағы борышын өтеу – әрбір Қазақстан азаматының қастерлі парызы. Әрине, қазір қоғамда әскерге бару мәселесіне байланысты сан алуан пікірлер айтылады. Сол себепті жастарды патриоттық рухта тәрбиелеу қазіргі таңда күн тәртібінде тұрған маңызды мәселелердің бірі.

Биыл Жамбыл облысынан көктемгі шақыртуға 1500 жас азаматтық парызын өтеуге әскер қатарына жіберіліпті. «Әскерге бару – азаматтық борышың!» атты Тараздағы салтанатты жиында мерзімді әскери қызметтерін атқаруды мақсат еткен солардың қатарындағы 40 Отан қорғаушыны арнайы шығарып салды.

Олар Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Күзет қызметінде және Шымкент қаласындағы Қазақстан Республикасының Қарулы күштерінің 35142 әскери бөлімінде әскери борышын өтейтін болады.

Бұл шараға арнайы қатысқан Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев құттықтау сөз сөйлеп, отан қорғаушыларға үлкен сенім білдірді.

—Әскер қатарында қызмет етіп, Отан алдындағы борышын өтеу – әрбір азаматтың борышы. Бұған асқан адалдық, жауапкершілік керек!
Әскер қатарында болу – күш-жігерді, батылдықты, шыдамдылықты және Отанға адал қызмет етуді үйретеді.

Облысымызда «Жас сарбаз» әскери-патриоттық клубтарында 13 мыңға жуық жастар қамтылған. Олар – тәртіп, жауапкершілік, Отанды қорғау сынды қасиеттерді үйреніп келеді, – деді облыс әкімі.

– Отанды қорғау – әрбір он екі мүшесі сау ер азаматтың парызы. Әскер – жігіттің нағыз шыңдалатын мектебі. Сондықтан жастарды елін, жерін сүйетін, рухты, патриот етіп тәрбиелеу мақсатында бөлім тарапынан жыл бойы үзіліссіз жұмыс жүргізіледі. Атап өтер болсақ, білім ошақтарында түрлі кездесулер ұйымдастырылады. Яғни Ауған, Чернобыль-Семей полигонының ардагерлері түрлі жиындарға қатысып, әскери өмірдің маңыздылығы мен мәні жайлы пайымды пікір, орамды ойларын ортаға салады. Сондай-ақ бөлім қызметкерлері әрбір ауылдық округтерге арнайы ат басын бұрып, түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Жастармен, олардың ата-аналарымен кездеседі. Пікірлеседі. Мұның барлығы өз жемісін беруде. Біздің басты мақсат – жастарға әскери-патриоттық тәрбие беру. Бүгінгі жастар – ертеңгі ел қорғаны. Егер жастарымыз жігерлі, отаншыл болып өссе, еліміздің тыныштығына ешқандай қауіп төнбейді. Сондықтан да Отан қорғаушыларды мектеп қабырғасынан бастап тәрбиелеуге көңіл бөлу керек, – дейді Жамбыл облысы Жуалы аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің бастығы, подполковник Асылбек Ахметов.

Жиынға қатысушылар Оңтүстік өңірлік қолбасшылығы Барлау тобының қоян-қолтық ұрыс көрінісін тамашалады.

Бұдан соң Кенен Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармониясының өнерпаздары дайындаған концерттік бағдарламаға ұласты.

      Нұрболат ӘЛДИБЕК

       Жамбыл облысы