Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:14, 04 Сәуір 2024

Аумақтық қорғаныс туралы заң жобасы не үшін қажет?

а
Фото: из открытых источников

Əдетте əскери салаға үлкен өзгеріс керек екенін жиі айтамыз. Əсіресе соңғы уақыттағы əлемнің əр түкпірінде тұтанған соғыс оттары мемлекеттің қорғаныс саласының нығая түсуі қажет екенін ұғындырды.

Еліміздің əскери саласында қандай реформалар жүргізіліп жатыр, қандай заң жобалары дайындалу үстінде, бұл заң жобалары не үшін керек? Бұл сұрақтардың жауабын белгілі əскери сарапшы Аңсағай Молдахметовтен сұрап көрдік.

– Қазіргі Қазақстанның қорғаныс қабілетінің деңгейі қазір қандай деген тақырып жиі айтылып та, қозғалып та жүр, алайда оған ешкім мардымды жауап бере алмасы анық. Себебі жауынгерлік əзірлік орташа деңгейде болғанымен, əскери арсеналдағы бүкіл техника ескірген. Əлем елдерінің əскери қауқары рейтингінде (Global Firepower) Қазақстан 1,0873 индекспен 63-орынға орналасты. Бұл – айтарлықтай жақсы нəтиже емес. Бізге керекті қару-жарақтың басым бөлігі Кеңес өкіметі кезінде жасалған немесе Ресейден экспортталады. Былайша айтқанда, техникалық құралдардың 80-90%-ын шет елден экспорттайтын біздің ел осы сала бойынша солтүстік көршіге мүдделі боп отыр. Ал əскери кадрлар мəселесін айтсақ, аз да болса көңіл қуантарлық жаңалықтар жоқ емес, жыл
өткен сайын əупірімдеп түзеліп келе жатқан сияқты. Тек əскерге барғысы келмейтін жастардың қатары көбейгені шындық. Бұның бірден-бір себебі – əскердегі зорлық-зомбылықтың көбеюіне байланысты. Əдетте, əскердегі аға сержанттар жастардан ақша бопсалап, күш қолданады. Бұл біздің қоғамның айыға алмай келе жатқан кеселі. Сондай-ақ əскерде жауынгерлік дайындықтан гөрі, маршқа шығуды үйренуге арналған жаттығуларға көбірек көңіл бөлінетінін де ескеру қажет. Шынын айтқанда, еліміздің əскери саладағы жүйесіздігін көргенде ішің ашиды. Сержанттар мен офицерлердің жалақысы төмен, қызметі көп. Оның үстіне билікте танысы бар адам кез келген шен мен мансапты сатып ала салатын да жағдайлар бұған дейін белең алғаны жасырын емес. Бұл – біздің ұзақ жылға созылған жүйенің көлеңкелі тұстары жəне осы кемшіліктер еліміздің қорғаныс қабілетінің деңгейіне əсер етпей қоймасы анық. Ең əуелі осындай кемшіліктер айтылып, талқыланып, оның оң шешімін табуы тиіс. 

Осы тұста əскери күш-қуатымызды нығайту мақсатында қорғаныс министрлігі жаһандық тенденциялар мен цифрландыру процесіне сүйене отырып, реформалар жүргізіп жатыр. Бірақ айналып келгенде əскери кадрлардың басым бөлігі бұл реформаларды толық орындап жатқан жоқ. Соның ішінде əскери қызметке лейтенанттарды шақыру туралы шешім офицерлер арасында кадр тапшылығын көрсетсе, екінші жағынан, бұл армиямызға оны өзгерте алатын жаңа адамдардың келуіне мүмкіндік береді. Қазіргі таңда қажет болған жағдайда əскерлерді тез толықтыруға  мүмкіндік беретін резервтік қызмет тұжырымдамасы да енгізілді. Менің ойымша, бұл қауіпсіздігіміз бен ұлттық қорғаныс саласы үшін оң қадам. Сонымен қатар аумақтық қорғаныс туралы заң жобасы əзірленген еді, өйткені Ресей мен Украина арасындағы соғыста, Киевті қорғау кезінде аумақтық қорғаныс үшін маңызды рөл атқарды. Міне, осы сипаттағы өзгерістер біздің қорғаныс қабілетімізді арттыру үшін жасалып жатқан шаралардың бір парасы. 

Ал əлемдік қарым-қатынаста əскери сала бойынша түрлі елдермен  ынтамақтастық орнатып жатырмыз. Соның ішінде тəжірибе немесе əскери технология саласы бойынша бізден көш ілгері тұратын дамыған елдермен ынтымақтастықты дамыту қажет. Əрине, біз АҚШ жəне Қытаймен де əскери ынтымақтастықты сақтағанымыз жөн, десек те сонымен бірге менің ойымша, Түркі мемлекеттері ұйымы (ОТС) елдерімен əскери ынтымақтастықты нығайтқан артық етпес еді.

Əлихан Жанұзақ

Фото: