Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
15:51, 25 Тамыз 2022

Ауқымды көрме аймақтарға үлгі

None
None

Елордадағы EXPO халықаралық көрме орталығының алаңында бес күнге созылған «KIDS EXPO.

Балалар әлемі» көрме-жәрмеңкесі басталды. Балалар жылы аясында ұйымдастырылған жәрмеңкеде мектепке қажетті тауарлардың барлығы бар. Бұл ғана емес, көрмеге келушілерге балалардың мектеп формасын да төмендетілген бағамен алуға мүмкіндік молынан.

Қала тұрғындары мен қонақтары үшін жаңа оқу жылына қажеттінің барлығын сатып ала алатын алаңда адам қарасы көп. QazExpoCongress ұлттық компаниясы бастамашылық жасап, Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі қолдаған шараның мақсаты да осы болатын. Нарық бағасынан әлдеқайда төмен, ең бастысы отандық сапалы өнімге қол жеткізу. Мәселен, елорда базарларында 40-45 теңгеден саудаланып жатқан 12 беттік дәптер көрмеде 30 теңгеден тұр. Сөмкелердің құны 4 мың теңге, Теміртау қаласындағы «Фортуна» киім фабрикасының мектеп формалары бес мың теңгеден басталады. Сонымен бірге мұнда бес күн бойы кітап, кеңсе, тоқыма, білім беру, ойын-сауық индустриясының қатысушылары өз тауарларын ұсынып қана қоймай, іскерлік байланыс орната алады. Кәсіпкерлер мен тұрғындар тарапынан қызығушылық тудырған шараны ұйымдастырушылар енді жәрмеңкені жыл сайын өткізуді жоспарлап отырғандарын жеткізді. Өйткені игілікті бастама балалар үшін қажетті құрал-жабдықтар ғана емес, білім алуы мен қызығушылықтары бойынша түрлі үйірмелерді таңдауына да таптырмас орынға айналған.

 «QazExpoCongress» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы Басқарма төрағасының бірінші орынбасары Дәулет Еркімбаевтың айтуынша, жәрмеңкеге 100-ге жуық компания қатысып жатыр. Оның ішінде 22-сі отандық тауарлар. Соның ішінде 30-ға жуық кәсіпкерлік өз тауарларын төмендетілген бағамен беруге келісім беріпті. Сөрелердің маңдайшасында қызыл белгісі бар орындардан келушілер киім-кешектер мен кеңсе тауарларын нарықтағы бағадан арзан бағаға сатып алуға болады. Мұнда әдеби кітаптар, мектеп оқулықтары мен кеңсе тауарларынан бастап мектеп формасына дейін, тіпті білім беру орталықтарына дейін өз қызметтерін ұсынып жатыр.

– Білім орталықтары да өз қызметтерін ұсынып, көрмеге келушілерге таныстырылым жасап жатыр. Көрме аясында балаларымен келген ата-аналар үшін ыңғайлы атмосфера қалыптастыруды да ойластырдық. Мәселен, келушілердің уақытын тиімді өткізу мақсатында мүмкіндігінше спорттық шараларды да қатар ұйымдастырып, көрмеге келушілерге жоғары көңіл күй сыйлауды қолға алдық. Ата-анасы қажетті заттарын таңдағанша, балалары сурет салып, спорт клубтарының жаттықтырушыларынан шеберліктерін шыңдауға мүмкіндік алып отыр. Әртүрлі мәдени іс-шараларды да өткізуді алдын ала жоспарлаған болатынбыз. Іскерлік бағдарламаларды да кіргізіп отырмыз. Ата-аналар мен кәсіпкерлер өз өнімдерін қалай таныстыруға болатыны жөнінде мамандардан осы жерде кеңес алуға қолайлы жағдай жасадық», – дейді Дәулет Қуандықұлы.

Бес күнге жалғасатын мұндай ауқымды жәрмеңке алғаш рет өтіп отыр. Осыған дейін ұйымдастырылған көрмелер тек аудан көлемінде өтіп келсе, осы жолы әкімдік QazExpoCongress ұлттық компаниясының бастамасына қолдау білдірген.

 Нұр-Сұлтан қаласы Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы басшысының орынбасары Еркеғали Қарбозов жаңа оқу жылы ата-аналардың қалтасына салмақ салмау керектігін айтады. Әкімдік қана емес, бұл игі іске кәсіпкерлер де өз үлестерін қосып жатыр. Мысалы, 93 кәсіпкерліктің 28-і тауарларын нарықтағы бағадан 10-20 пайыз төмен бағада сатуға келісім берген. Көрменің ерекшелігі сол, балалар жылы аясында жәрмеңке балаларға базарлық ретінде ұйымдастырылған. Яғни көрме келушілерге сауда-саттық жасап қайтатын жер емес, балалардың есінде қалатын рухани кеш ретінде сақталғаны мақсат етіліпті. Мысалы, көрменің бір бұрышында «Астана» футбол командасының футболшылары шеберліктерін көрсетсе, енді бір бұрышта авторлар жаңа кітаптарының тұсаукесерін өткізуде. «Мұндай ауқымды шараны демалыс орны секілді ұйымдастыру бірінші рет болып отыр. Бұл жерде елорда кәсіпкерлері ғана емес, республиканың әр түкпірінен келген кәсіпкерлер бар», – деп атап өтті Еркеғали Қарбозов.

Айта кету керек, төмен бағаға келіскен кәсіпкерліктер әкімдік тарапынан ынталандыруға ие болады. Әкімдіктің алғыс хатынан бөлек, «Мектепке жол» қайырымдылық акция барысында демеушілерге осы кәсіпкерліктердің өнімін алу ұсынылмақ. Былтыр осы акция барысында 8 мың оқушыға мектеп сөмкесі таратылған. Оның ішінде оқушылардың барлық қажетті құрал-жабдықтары бар. Биыл да әкімдік кәсіпкерлердің есебінен 10 мың балаға көмек беретін болады. Ал бюджет есебінен былтыр 14200 балаға көмек берілсе, биыл әлеуметтік аз қамтылған 16720 отбасының әрқайсысына  40 мың теңге қаражат қарастырылған.

Екі баласын өзімен ерте келген елордалық Жансая Қырықбаева көрмеден мектепке қажетті киім-кешектен бастап, қалам-қағазына дейін сатып алғанын айтады. Әдетте базар аралап болғанша балалардың да мазасы кетіп, өздері шаршап қалатын ол жәрмеңкені жалықпай аралауға жағдайдың барлығы жасалып қойғанын жеткізді. «Бұл жерде көрмеге келушілерге қолайлы жағдай жасалыпты. Біз қажетті заттарды алып болғанша балалар да өз қызығушылықтары бойынша мерекелік шараларға қатысып жатыр. Бізге ұнағаны сол, кеңсе тауарларын нарық бағасынан төмен бағаға сатып алып қана қоймай, білім орталықтары мен түрлі үйірмелердің ұсынысын тыңдап, балаларды өз қалауы бойынша үйірмеге тіркеуге мүмкіндік бар», – дейді Жансая Қырықбаева.

Алғашқы екі күннің өзінде ғана көрмеге 20 мыңнан аса адам келген. Бес күнге созылатын жәрмеңкеге премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов та алғашқылардың бірі болып көрмеге бас сұққан. Нарықтың бағасынан әлдеқайда төмен бағада сауда жасап, күн сайын жаңа мерекелік шараға қатысуды ұйымдастырғандардың ісін оң бағалаған Ералы Тоғжанов алдағы уақытта мұндай көрмені тұрақты түрде өткізуді қолға алу керектігін айтқан. Сонымен бірге ол мұндай жәрмеңкені еліміздің барлық өңірінде ұйымдастыру жөнінде тапсырма берді. Өйткені ұйымдастырушылар тұрғындар мен қала қонақтары үшін арнайы ақпараттық, мәдени және спорттық бағдарлама жасап, оған қазақстандық және халықаралық сарапшыларды қатыстыруды да қолға алған. Сондай-ақ EXPO алаңында білім беру мекемелерінің педагог-психологтары үшін панельдік сессиялар, кітаптардың тұсаукесерлері, оқыту әдістері, мектептер, сондай-ақ тренингтер мен шеберлік сабақтары, конкурстар, балалар мен мектеп киімдерінің көрсетілімдері күн сайын өтіп жатыр.

Тегтер: