Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:00, 28 Қараша 2024

Әуресі көп ҰҚШҰ саммиті: Әлем Астанаға көз тігеді

Лукашенко, Путин, Тоқаев
Лукашенко, Путин, Тоқаев. Фото: Жас Алаш коллаж

Қарашаның аяғы Қазақстан билігі үшін қарбаласқа толы болды.

 Тіпті Астана аспанын саяси ойындардың елесі кезіп жүр деуге негіз бар. Өткен аптада ғана Украина мен Ресей соғысына байланысты қауіпсіздік шарасын шұғыл қолға аламыз деп жініккен Елордаға енді Кремль қожайыны Владимир Путин қонаққа келіп жатыр.  

Путин Қазақстанға 35-ші рет келіп отыр. 28 қарашада Астанада өтетін Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының кезекті отырысына қатысады. ҚР сыртқы істер министрлігі хабарлағандай, Астанаға Путиннен бөлек Беларусь президенті Александр Лукашенко, Қырғызстан президенті Садыр Жапаров, Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон және ҰҚШҰ бас хатшысы Иманғали Тасмағамбетов келеді. Сондай-ақ ТМД бас хатшысы Сергей Лебедев пен ШЫҰ бас хатшысы Чжан Минге де шақырту жіберіліпті.

Астана қонақтарды қарсы алуға қатты дайындалып жатыр. Кездесу өтетін 27-28 қараша күндері қалада бірқатар көшеде қозғалыс шектеліп, әуеге әскери ұшақтар көтеріледі. Бұдан бөлек, оқушылар мен студенттердің оқу кестесіне өзгеріс еніп, көбі онлайн оқуға ауысты.

Ақорданың мойынында тұрған ерекше міндет – мемлекеттік сапармен келген Путинді сән-салтанатпен күтіп алу. Хаттама бойынша Путинді ұшақтан Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев күтіп алып, Ақордада екі елдің делегаттары таныстырылып, президент оркестрі екі елдің гимні ойналып жатқанда әлеуметтік желіде жұрт Астана көшелеріне Ресей туы ілініп, әуежайда «Ресей Федерациясының президенті, жоғары мәртебелі Владимир Путин мырза, Астанаға қош келдіңіз!» деген сөздің жазылғанына таңданыс білдіріп жатты. Көпшілік биліктен Путинді мұнша ұлықтаудың себебін сұрады. Ал СІМ «бұл мемлекеттік сапар болғандықтан, хаттама бойынша осындай сөз жазылуы тиіс» деп жауап берді.

Кездесу алдындағы Тоқаев пен Путиннің мақаласы

Путин ең көп сапар шегетін ел – Қазақстан. Қазақстан мен Ресей арасындағы байланыс өте тығыз. Ресей бауырлас елге басып кіргені үшін өркениетті әлемнің сынына ұшырап, сансыз санкцияға ұшыраған кейінгі 2 жылда да бұл қою қатынас үзілген жоқ. Керісінше, екі ел арасындағы серіктестік тереңдей түскендей. Мысалы, соғыс басталғаннан бері Путин Астанаға үш рет келсе, Тоқаев Ресейге 12 мәрте барыпты.

Путиннің Қазақстанға кезекті сапарында қандай мәселелер сөз болуы мүмкін? Сарапшылар қос тарап АЭС салу, энергетика саласындағы серіктестік, Украинадағы ахуал сияқты қазір «күйіп тұрған» тақырыптарды талқылайды деп болжап отыр.

27 қарашада екі президент бір-бірінің еліндегі БАҚ-та мақала жариялады. Ресейлік «Известия» газетінде Тоқаевтың «Қазақстан мен Ресей: стратегиялық серіктестіктің жаңа көкжиегі» деген мақаласы шықса, «Казахстанская правда» газеті Путиннің «Россия–Казахстан: союз, востребованный жизнью и обращенный в будущее» деген мақаласын басты.

Біздің президент мақаласында «екі ел арасындағы қарым-қатынас – берік әрі мызғымас достықтың шынайы көрінісі» деп жазған. Ол Путинмен үнемі байланыста екенін айта келіп, өзара қарым-қатынасын емен-жарқын деп сипаттайды. Мақалада екі елдің экономикалық байланысы артып келе жатқаны айтылған. Қазақстанда жұмыс істеп жатқан ресейлік 23 мың компанияның 4 мыңы кейінгі бір жылда ашылыпты. Ал екіжақты инвестиция көлемі 2023 жылы әр тараптан 3 миллиард доллар болған. Мақалада Путиннің Қазақстанға мемлекеттік сапарын қазақ-орыс қатынасының тарихындағы аса маңызды оқиға деп сипатталып, Астанадағы кездесуде сауда-экономика, көлік-логистика, отын-энергетика, ғылым және техника саласын талқылап, қазір қатты ушығып тұрған әлемдегі ахуалға қатысты пікір алмасу жоспарланып отырғаны жазылған. Бұдан бөлек, екінші дүниежүзілік соғыстың 80 жылдығын атап өту, елдегі орыс тілінің ахуалы, әлемдегі ең ұзын құрлықтық шекара және сонда тұрып жатқан 32 млн халық туралы айтылған.

Ал Путин «біздің серіктестігіміз достық, тату көршілік және өзара көмек дәстүріне негізделген» деп жазды. Ол екіжақты тауар айналымы былтыр 28 млрд долларға жетіп, рекорд жаңартқанын, Қазақстан мұнайының экспорты 80 пайыз Ресей аумағынан өтетінін, «Росатом» Қазақстандағы уран өндірісіне көмектесіп жатқанын айтады. Сондай-ақ Путин Тоқаевты келер жылы 9 мамырда Мәскеуде өтетін жеңістің 80 жылдығына арналған мерейтойға шақырып, Қазақстанда орыс тілінде оқытатын мектеп ашуға ниетті екенін жеткізді.

Тоқаев пен Путин мақаласында атап өткен мәселелер Астанадағы кездесуде талқыға түсетіні анық. Яғни Путин Қазақстанға неге келе жатыр деген сұрақтың жанама жауабы десек те болады. Бірақ мақалада қамтылмаған, ашық айтылмайтын, құпия тақырыптар бар екені тағы анық. Мысалы, Украинамен соғыс және оның салдары Путин мен Тоқаев арасында жабық келіссөзде сөз болуы мүмкін. Сарапшылар жақында Франция, Венгрия, Сербия сияқты Еуропа елдеріне барып келген Тоқаев Путинге Батыс саясаткерлерінің «сәлемін» жеткізіп, араағайындық жасауы мүмкін деп болжайды.

ҰҚШҰ қандай ұйым?

ҰҚШҰ 1992 жылғы 15 мамырдағы ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт негізінде 2002 жылы құрылған. Штаб-пәтері Мәскеуде орналасқан. Ұйымның негізгі мақсаты – бейбітшілікті, халықаралық және өңірлік қауіпсіздік пен тұрақтылықты нығайту, ұжымға мүше мемлекеттердің тәуелсіздігін, аумақтық тұтастығы мен егемендігін қорғау. Ұйымға әу баста Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан, Армения, Беларусь, Әзербайжан, Өзбекстан және Грузия мүше болған. Кейін соңғы үшеуі шығып кетті. Қазір ұйымға ресми 6 мемлекет мүше болып отыр. Бірақ Армения ұйымнан шығатынын жариялаған. Олар 2021-2022 жылдардағы Әзербайжанмен қақтығыста ҰҚШҰ Арменияға көмектеспеді, ұйым шартын орындамады деп санайды. Сондықтан Ереван ұйымның кейінгі жиналыстарына қатыспай, оны қаржыландырудан бас тартып жүр.

ҰҚШҰ-ның 22 жылдық тарихында анық көзге түскен сәті – 2022 жылғы Қазақстандағы Қаңтар оқиғасы болды. Сол кезде Тоқаевтың шақыруымен ұйым әскері біздің елге кірген. Ресей тарапы мұны ұйымның үлкен қызметі, жетістігі ретінде көрсетуге әуес. Өйткені ҰҚШҰ ғана емес, ТМД, ЕАЭО сияқты одақтарда Ресей өзін көшбасшы санайды. Анығында, ҰҚШҰ өз құрамындағы екі ел – Қырғызстан мен Тәжікстан арасында бірнеше қақтығысқа себеп болған шекара дауын реттей алмады, тіпті ұйымда оны шешетін механизм де жоқ болып шықты. Ал Армения-Әзербайжан қақтығысында көңіл жұбатар көп сөзден әріге бара алмай, Ереванды ренжітіп алды. Шын мәнінде ұйымда қазір 5 мемлекет қана қалды. Біздің елде де бұл одақтан шығуды көксейтін адам көп. Тіпті ол туралы петиция да жарияланған. Мұның бәрі ҰҚШҰ-ның беделі төмен, болашағы бұлыңғыр ұйым екенін білдіреді.

Досым Сәтбаев, саясаттанушы:

Досым Сәтбаев
Фото: Ашық дереккөз

– Ресей ұзақ уақыт бойы ЕАЭО-ны да, ҰҚШҰ-ны да өзінің «жер жинайтын» геосаяси құралы ретінде ғана емес, батысқа қарсы альянс ретінде әрі Қытайдың посткеңестік елдерге геосаяси және геоэкономикалық белсенділігін тежейтін жасырын қару ретінде қарастырады. Бірақ Ресейдің өзі Бейжіңге әскери-саяси және экономикалық тұрғыда тәуелді болып бара жатқанын ескерсек, Қытай ЕАЭО-ны да, ҰҚШҰ-ны да жұтып қоятын сияқты. Беларусьтің ШЫҰ-ға қосылуын осы процестің бір бөлігі ретінде қарастыруға болады, өйткені ШЫҰ құрамына ЕАЭО және ҰҚШҰ-ға мүше елдердің көбі кіріп отыр.

Қазір ҰҚШҰ-ның ішкі проблемасы көп. Астанадағы саммитке Арменияның келмеуі соның дәлелі. ҰҚШҰ-ның ішкі проблемасына байланысты Орта Азиядағы жалғыз қауіпсіздік провайдері ретінде ШЫҰ күш алатынын аңғартады. Бірақ біз үшін бұл да қауіпті. Кем дегенде түркітілдес елдердің әскери альянсы түріндегі осындай провайдер құрылғанға дейін аса сақ болуымыз қажет.

Сайын Борбасов, саясаттанушы:

Сайын Борбасов
Фото: Жас Алаш

– Ұйымның мақсаты – қауіпсіздікті сақтау, терроризмге қарсы күрес. Ұйымның ниеті мен ұстанымы дұрыс болғанымен, нақты саяси шешім қабылдар кезге келгенде әр мемлекет өзінің мүддесін көздеп шығады. Әсіресе Ресей ҰҚШҰ-ны өзінің мүддесіне пайдалануға тырысып келе жатыр деп ойлаймын. ҰҚШҰ әлемдік тәртіпке, халықаралық қатынастар саласына ықпал ете алатын ұйым емес. Бұл негізі НАТО-ға қарсы құрылған ұйым, бірақ НАТО-ның күшімен ҰҚШҰ күшін салыстыруға да келмейді. НАТО одан 10 есе қуатты ұйым. ҰҚШҰ тиімді жұмыс істеп, Қазақстанның, Қырғызстанның немесе Ресейдің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп отырған жоқ. Сондықтан әлемдік аренада орны бар ұйымдар қатарына қосыла алмайды деп есептеймін. Мысалы, Украинаға қауіп төнгенде НАТО құрамына кіретін мемлекеттердің бәрі көмекке ұмтылды, бұл НАТО-ның дұрыс жұмыс істеп тұрғанын білдіреді.

Ең қызығы, Ресей осындай одақтар құрып, өзгелермен дос болғысы келеді. Бірақ өзімен одақтас мемлекеттерді шошытатын, түсініксіз әрекеттерге барады. Мысалы, көршісінен территория талап етеді, орыс тілін қудалап жатыр, орыс әлемі құлдырады деген сияқты сөздер айтады. Саяси қарым-қатынасты ушықтыратын мұндай айыптаулар ұйымға кіретін елдер арасындағы достық пен өзара сенімге селкеу түсіреді. Мұндай жағдайда әскери одақ қалай құрылады? Біздегі әскери одақ формалды түрде ғана сақталып отыр, бұл ұйым Путинге «менің сөзімді сөйлейтін мемлекеттер бар» деген көзбояушылық үшін ғана керек деп ойлаймын.

ҰҚШҰ саммитінде не сөз болады?

Астананы аяғынан тік тұрғызып, жұртты әуреге салған жиналыстың негізгі тақырыбы – соғыс болғалы тұр деп күтеді халық. Өйткені Ресей мен Украина қақтығысы ушығып барады. Екі ел бір-бірінің әрекетіне қауіпті зымырандармен жауап бере бастады. Осындай сәтте бұл соғысқа ҰҚШҰ күштерін соғысқа араластыру мәселесі күн тәртібіне шығуы мүмкін. Өйткені ұйым жарғысына сай мүше мемлекеттердің бірінің аумақтық тұтастығына қауіп төнсе, өзгелері көмектесуге міндетті.

Путин Украинаның АҚШ пен Британия зымыранын пайдаланып жатқанын айтып, шекарасына қауіп төнгенін алға тартуы мүмкін. Биыл тамызда Украина әскері Курск облысына шабуыл жасағанда ҰҚШҰ басшылары Ресей тарапынан ҰҚШҰ-дан көмек сұрамағанын айтқан. Ал Мәскеу көмек сұраса, ұйымға мүше мемлекеттердің консенсусы арқылы шешім қабылданады. Яғни мүше мемлекеттердің бәрі келіскен жағдайда ҰҚШҰ күштері соғысқа араласады. Саясаттанушы Сайын Борбасов Ресей Астанада соғыс жайлы сөз қозғауы мүмкін екенін растайды.

«2022 жылы басталған соғыс ушығып, қазір нағыз шегіне жетіп отыр. Ресей қарулы күштері Путиннің шешімімен баллистикалық зымыран қолданды, Украина батыс қаруларын пайдалана бастады. Дональд Трамптың билікке келуі де жағдайды біршама шиеленістіріп жіберді. Оның қандай саясат ұстанатыны белгісіз. Демек осындай күрделі жағдайда Ресей Астанадағы саммитте соғыс туралы, соғысты тоқтату туралы нақты позициясын айтуы мүмкін», – дейді сарапшы.

Ал саясаттанушы Досым Сәтбаев соғыс аумағы кеңейген сайын бейтарап позиция ұстану қиындай түседі дейді.

«Украинадағы соғыс көбірек елдерді қамтып қана қоймай, Кремль Батыстың сыртқы агрессиясы ретінде көрсете алатын зымыран эскалациясы деңгейіне жетті, Астанадағы саммит ҰҚШҰ мүшесі ретінде бізге де қауіп барын аңғартады. Осы тұста 2012 жылы ҰҚШҰ-ға мүше болу елдің егемендігі мен ұлттық мүддесіне қауіп төндіреді деп санап, ұйымнан шығып кеткен Өзбекстанның марқұм президенті Ислам Каримовтің (өзге кемшіліктері көп болса да) еңбегін жоғары бағалаймын. Әрине, үшінші дүниежүзілік соғыс басталды деп айта алмаймыз. Бірақ Қытайдың үнсіз келісімімен Ресей, Иран және Солтүстік Корея арасында әскери альянс пайда болды, бұл Екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі Германия, Италия және Жапония үштігін еске түсіреді.

Егер Дональд Трамп бірінші президенттік мерзімі кезіндегідей Қытаймен текетіресті сыртқы саясаттағы басты ұстанымы санаса, мұның Орта Азияға да зияны болады. Мұндай жағдайда Батысқа қарсы үштіктің әскери-саяси төрттікке айналу қаупі бар, бұл Орта Азия елдеріне ауыр гравитациялық әсері болады, өйткені төрттік олардан қарсылас лагерьлер арасында таңдау жасауды талап етеді. Ондайда көпвекторлы ойындарды ойнау мүмкін болмайды».

Қазір ҰҚШҰ-ның бас хатшысы қызметін Иманғали Тасмағамбетов атқарып отыр. Бірақ бұрын еліміздің премьер-министрі болған, қорғаныс саласын да басқарған Тасмағамбетов Қазақстанға тиімсіз мәлімдемелер жасап жүр. Ол «Киевке толассыз қару-жарақ жеткізіп жатқан АҚШ пен Батыстың кесірінен үстел басына отырып, мәмілеге келу мүмкін болмай отыр» деп санайды. Сондай-ақ «ҰҚШҰ елдері қару өндірісін бірлесе іске асырса» деген арманын да айтып жүр. Бұл – Ресей-Украина қақтығысында бейтарап позиция ұстанып отырған Қазақстанның ұстанымына сай келмейтін сөз. Әрине, Тасмағамбетов бұл сөздерді ҰҚШҰ атынан айтқан. Бірақ Путин мен Лукашенко соғысты Ресей бастағанын ұмытып, Батысқа бірге қарсы тұрамыз десе, солардың сөзін сөйлеуге дайын сияқты. 21 қарашада Руслан Жақсылықов Тасмағамбетовпен кездесіп, келіссөз жүргізген. Соған қарағанда, саммитте ҰҚШҰ және Украина-Ресей соғысы тақырыбы айтылмай қалмайтыны анық.

Қуаныш Қаппас