Әуресі көп, ақысы қымбат ХҚКО
Соңғы жылдары халыққа көрсетілетін көптеген қызметтер бір орталыққа біріктірілді.
О баста халықтың өмірін жеңілдету үшін жасалып жатыр, бір орталықта талай қызмет көрсетіледі деп мақтағанымызбен, соңғы жылдары ХҚКО-ның қызметі де қымбаттап, кейбір тегін қызмет түрлері ақылыға ауыстырылып, деректер базасынан да жиі ақау шығуы әдетке айналып барады.
Мәселен, өткен аптаның ортасында ғана деректер базасындағы ақауға байланысты жүргізушілерге қызмет көрсететін елдегі мамандандырылған ХҚКО-лар жұмысы тоқтады. «ІІМ ӘПК базасынан техникалық ақау шығып, елдегі барлық мамандандырылған орталықтар жұмыс істемей тұр. Мамандар ақауды жөндеп жатыр. Уақытша қолайсыздық үшін кешірім сұраймыз», деп хабарлады «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы. Орталықтардың қашан ашылатыны да белгісіз екені хабарланды. Жаз халықтың демалысқа шығып, құжатқа байланысты көп жұмысын бітіріп алуға ұмтылатын уақыты. Ал нағыз қажет кезде істен шығатын ХҚКО халық жұмысын оңтайландырып отыр деп айта аламыз ба?!
Алматыдағы ХҚКО жұмысын бақылау үшін арнайы сенбі күні Наурызбай аудандық ХҚКО-ға бардық. Жабық тұр. Есігінде сенбі күні жұмыс істемейтіні де жазылып тұр екен. Сонда бес күн жұмыс істейтін халық ең болмаса сенбі күні ХҚКО арқылы қажетті қызметін көре алмаса оның несі ыңғайлы жүйе? Амалсыз Әуезов аудандық ХҚКО-ны бетке алдық. Тіркеу бөлімінде отырған қызметкер сағат түскі 13:00-ге дейін ғана істейтінін, алдымда 70 адам бар екенін, «үлгермейсіз бәрібір» деді, тіпті үлгермесек ренжімеуіміз керек екенін де айтты. Менің алдымда тұрған үлкен кісі баласын шетелге емге алып бара жатқанын, әр уақыты санаулы екенін, тез арада паспорт керек екенін айтып, жалынып жатты.
Көз алдымда болып жатқан мәселелерге орай ХҚКО-ның бас маманы Нұржан Нұрғалиұлын сөзге тарттым. «Қала бойынша 8 орталық бар. Оның тек екеуі ғана сенбі күндері жұмыс істейді. Алмалы ауданы мен Әуезов аудандары. Біз талонды тарата береміз, бірақ халыққа алдын ала ескертеміз. Яғни жұмыс уақыты біткенше ғана қызмет көрсетеміз», деді.
Тек ресми статистика бойынша қаладағы халық саны екі миллионнан асты. Бейресми дерек бойынша одан да көп. Ал осынша халыққа сегіз аудан бойынша екі-ақ ХҚКО-ның жұмыс істеуі обал емес пе?! «Ал халық өте көп» деп басқа да орталықтарды іске қосуға ұсыныс жасап көрдіңіздер ме, бүгін тапсырып үлгермеген, бес күн жұмыста жүретін халық не істеуі керек?» деген сұрақтарымызға жауап ала алмай, басқа маман іздедік.
Одан әрі сұрақтарымызға Әуезов аудандық ХҚКО-ның бөлім басшысы Асхат Қазиұлына сілтеді. Оған да бардық.
«Алматыдағы басқа да ХҚКО-ларды іске қосу мәселесін «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы» КЕ АҚ шешеді. Әрине, қала бойынша екі орталық қана істеген соң адам өте көп. Алмалы ауданында да адам көп. Көбінесе үлгертіп жіберуге тырысамыз. Сенбі күні жұмыс уақытымыз 09:00-ден, 13:00-ге дейін ғана болғандықтан, бізді де түсініңіздер, артық отыра беретін мүмкіндігіміз жоқ. Жанұямыз бар, жеке жұмыстарымыз бар дегендей», деді.
Рас, белгіленіп берген жұмыс уақытынан артық ешкім де тегін істегісі келмейді. Демек бар мәселе жүктеменің көп екенін ескермейтін, немесе білсе де көз жұма қарап отырған «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы» КЕ АҚ байланысты екені даусыз.
Тегін қызмет неге ақылыға айналмақ?
1 шілдеден бастап АХАЖ бөлімінің кейбір міндеттері де ХҚКО-ның құзырына өтетіні айтылуда. Яғни енді қазақстандықтар туу, қайтыс болу, неке және тегі мен атын өзгерту туралы куәліктерді тіркеу үшін ХҚКО жүгінеді. Бұрынғы қызметіне үлгермей жатқан мекеменің жүктемесі тіпті арта түспек. Сондай-ақ цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсіп министрлігінің жобалық бұйрығында осы қызметтерді алудың жаңа бағасы да көрсетілген. Есімімді ауыстырып, оны заңды түрде рәсімдеймін дегендер бұл қызметке 8500 теңге төлейді. Неке қию – 9 500 жоғары. Бұрын бұл қызметке мемлекеттік БАЖ 1 АЕК, яғни 3 450 теңге болатын. Қызмет түрлерінің бағасы еселеніп өсе түскен.
Азаматтық хал актілерін мемлекеттік тіркеу бойынша жұмыстар, туу, қайтыс болу туралы куәліктерге өзгерістер енгізу және бұдан өзге қызметтерге енді 8-9 мың теңгенің айналасында төлеуге тура келеді. Онсыз да қымбатшылықтың қалтаны қағып тұрғаны аздай енді бағаның өсуі әлеуметтік желілерде жаппай наразылық тудырып та жатыр.
Қоғам белсенділері мемлекеттік қызметтерге бағаны көтеру бірінші кезекте халықтың аз қамтылған топтарына айтарлықтай ауыртпашылық әкеледі дейді. Баға саясатының соңы тіпті есепке алынбаған балалардың және өмірден озғандардың да уақытылы есепке қойылмауына әкеп соғуы да мүмкін. Өйткені қалтасында теңгесі жоқтар бұл қызметтерге жүгінуге асықпайды. Адамның өзі бұл дүниеден кетсе де, оның есімін пайдаланатын алаяқтар саны және құлдық пен жезөкшелік те артуы да ғажап емес. Өйткені тіркеу уақытылы жүргізілмеген жерде көп былық орын алады. Мұндай түсінбеушіліктердің артуына өзі мұрындық болайын деп отырған үкіметтің әрекеті түсініксіз болып отыр. Бюджет қазынасын толықтырамыз деген мемлекет, керісінше, кері нәтижеге қол жеткізеді дейді қоғам белсенділері. Заңгерлер де Конституцияның және толығымен адам құқықтары бұзылып отыр дейді. Ал министрлік әзірге бұл тек жоба ретінде қарастырылған, талқылауда деп мәлімдеді.
«Ұсынылып отырған қызметтердің құны баға белгілеу ережелеріне сәйкес есептеледі. Олар әлі де Әділет министрлігімен және монополияға қарсы органмен келісілетін болады» деп алдаусыратып та отыр. «Салықтарды, сақтандыруды және жанама шығындарды жүзеге асыратын қызметкерлерге еңбекақы төлеу қоры осыған байланысты болады. Бұл қызметкерлердің жұмысын қамтамасыз етуге байланысты шығындар. Кеңсе тауарларымен қамтамасыз ету, қызметтерді құру, коммуналдық шығындар мен ғимараттарды жалға алу сынды барлық жанама шығындар осы тариф есебінен болмақ. Және әкімшілік шығындарда қарастырылған» дейді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» тіркеу қызметтері департаментінің директоры Венера Калимова. Яғни барлығын халықтың есебінен қамтамасыз етпекші. Ал халыққа көрсетіліп жатқан қызмет сапасын қалай арттыруға ешкім бас қатырып жатқан да жоқ.
Осы орайда айта кетсек, бұрын тегін істеліп келген кейбір мемлекеттік қызметтер енді ақылы болмақ. Атап айтқанда: бала туылғанда тіркеу құны 8433,89 тг. Ал егер бала 1 жастан асып кетіп, кешігіп тіркелсе, 8698,05 тг.
Мемлекеттік тіркеудің актілік жазбасына толықтырулар мен өзгерістер енгізгенде қызмет құны, яғни:
— әкені анықтағанда 8293,76 мен 8302,95 тг аралығында;
— бала асырап алғанда 8337,41 тг;
— кісі өлгенде 8833,58 тг болмақ. Сонымен қатар неке құру мәселелерінің қызмет құны 9667,42 тг болса, екі тараптың келісімі бойынша неке бұзылғанда қызмет құны 9775,39 тг болады.
Бұған қатысты әлеуметтанушы Нұрболат Айекешов: «Жалпы мемлекеттік қызметтерден ақы алуды тек шет ел азаматтары мен компаниялары біздің мемлекеттің қызметіне жүгінгенде ғана іске асыру керек деп ойлаймын. Әрі мұнда логика бар, ал өз азаматтарынан ақы алуға тап қазір бізде негіз жоқ қой. Не жетпейді? Бізде қит етсе халықты қанауға биліктің бойы үйреніп барады. Қит етсе қызмет ақысын қымбаттатып, салықты көтеріп, халықты қанайды. Ал қызмет сапасын артттыруды ешкім ойламайды» дейді.
Айтпақшы
Паспорт құны арзандайды, бағасы оның парақтарының санына қарай белгіленеді деп алдаусыратқалы екі жыл болды. Енді келер жылдан бастап арзандайды деседі. Ал бүгін үш балаға әрқайсысына 27 600 теңгеден төледік. Ол 13 жұмыс күнінде 4 шілде дайын болады деді. Яғни жұмыс күнінсіз есептегенде 24 күн екен. Ал үш күн ішінде дайын болсын десең тағы әр балаға 2752 теңгеден төлеу керек. 1 ақ күнде дайын болсын десеңіз әр паспортқа 4983 теңгеден төлеу керек. Жүйенің өзі халықты тонауға икемдеп тұрғандай. Күтем десең бір ай күт, әйтпесе ақшасын төлесең тез жасап береміз деп. Бір ай күткен халық та тегін алып жатқан жоқ, ақшасын төлеп жатыр. Ендеше, неге уақытын тездетпеске? Ақша төлесең ғана тездетеміз деген санасу халықты алалау, Конституциялық құқығын бұзу емес пе?! Әлде халықты уақытпен қинап, ақша алудың амалы ма?! Халыққа қызмет адалынан болса ғой...