«Ауру». Әлеуметтік драмадан қатыгездікке дейін
Соңғы жылдары қазақ киносының қатары толып, отандық кинематографияға лек-легімен жаңа буын қосылып жатыр. Көрермен бірін қуана қабылдап, оң пікір білдірсе, енді біріне айтылар сын басым. Кино төңірегінде талқы да қызу. Сондай туындылардың бірі – 13 қарашада отандық прокатқа шыққан «Ауру» фильмі.
Туынды – «онкологиямен ауырамын» деп өтірік айтып, халықтан ақша жинаған ерлі-зайыпты туралы. Бұған дейін жарияланған трейлерін көрген халық фильмді асыға күтіп, шыға салысымен кинотеатрларға ағылды. Бірақ дәл премьера күні режиссері Айтөре Жолдасқали картинаның цензураға ұшырағанын, тек түнгі оннан кейін ғана көрсетілетінін айтып, тағы бір дүрлігіп қалдық.
Режиссердің цензура туралы айтқаны – халықтың фильмге деген қызығушылығын одан әрі арттыра түссе керек. Фильмге кәмелетке толмаған жасөспірімдердің өзі жас шектеуіне қарамай барып жатқанын байқап қалдық. Көрерменін әрі-сәрі күйге түсіріп, сан сауалмен шырмаған бұл фильм туралы пікір қос тарапқа бөлінді. Барған көрермендердің бірі – «миллиард касса жинайтын ғажап еңбек» десе, екіншісі – «кинотеатрдан түгелдей алып тастау керек» деп жатты. Себебі де жоқ емес. Көпшілік көрермен фильмде халықтың кредитке батуы, жалған сөйлеу, жалған ақпарат тарату, дүниеқоңыздық тәрізді мәселелерді көтергенін жеткізсе, екінші тарап – бейәдеп сөздер, зорлық, қан тым көп екеніне қатысты уәж айтысып жатыр. Соған қарамастан, фильм прокаттан әлі алына қойған жоқ, алғашқы аптасында 517 млн теңге, ал екінші аптада 244 млн теңгеден астам табыс жинаған. «Аурудың» трейлері осыдан бір жыл бұрын шығып қойған. Трейлердің өзі фильмнің көпке баратынын хабар бергендей болды. Қаузаған тақырыбы да атап өткеніміздей, несие мен тұрмыстың шырмауынан шыға алмай, шындық пен өтіріктің, қорқыныш пен ашкөздіктің арасында сандалып қалған жас жұбайлардың қасіретті тағдыры. Алғашқы кадрларда Азамат пен Таңшолпан қарапайым жұрт қатарлы тіршілік кешкендей көрінеді. Үйленіп, өз алдына отау болуға талпынған тұстарында ғана олардың өмірлік бағыттары күрт өзгереді. Режиссер бүгінгі қазақстандық қоғамды құрсаулаған әлеуметтік кеселдерді – қаржылық сауатсыздықтың зардабын, тұрмыстық зорлықты, сенімнің жоғалуын ашық әрі еш бүркемесіз көрсетуді мақсат еткен сияқты. Сюжеттің басы көрермен күткендей қалыпты өрбиді. Таңшолпанға «ауру» деген жалған диагноз қойылып, «сбор» ашылады, ақша ағыла бастайды, жас жұбайлардың әлеуметтік желідегі танымалдығы артады. Ақша уақытша жеңілдік сыйлағандай, бәрі бір сәтке уайымсыз болып көрінеді. Бірақ Азамат қолына тиген қаржылық еркіндікті асыра пайдаланып, одан сайын тереңге батып бара жатқанын байқамайды. Тұрмыс тауқыметінен құтылудың орнына жалған молшылыққа масайып, шын өмірден алыстай береді.
Фильмнің екінші жартысы көрерменді күткен сызықтан мүлде басқа бағытқа аударып әкетеді. Оқиға жылжыған сайын, тіпті шиеленісе береді. Жұрт алдында өздерін «мүгедекке жәрдем жинаушылар» ретінде көрсетіп, талай адамның алаяқтығын әшкерелеген екі қылмыскер Азамат пен Таңшолпанның 250 млн теңгесіне көз тігіп, үйлеріне баса-көктеп кірген сәттен бастап фильмнің тынысы түбегейлі өзгереді. Әлеуметтік триллер тұрпаты басым кинода бір мезетте боевиктік динамика пайда болады. Айта берсек сюжетін мазмұндап жалғастыра беруге болар. Дегенмен фильмдегі шектен тыс қатыгездік пен зорлық сахналары денеңді түршіктіреді. Миыңа ауыр салмақ салатыны тағы бар. Желідегі замандастарым «сау адамды ауру қылатын фильм» деп баға беріп жатыр екен. Сөзінің жаны бар ма дерсің. Кино сыншыларынан пікір сұрағанымызда да «зорлықты насихаттайтын фильмнің жарнамашысы болғысы келмейтінін» айтып қалды. Шыны керек, фильмнің әсіре сілтенген тұстары көп. Зорлық-зомбылық эпизоды, Азамат пен досы Дамирдың рәсімдеу кезіндегі диалогы, финалдағы аз уақыт бөлінсе де басты әрі маңызды фрагментке айналған Диананың әкесінің кегі, көршіге естіртпейін деп Азаматтың жұбайын тұншықтырып өлтіріп алуы секілді нәрселерді көріп, «әттеген-айлап» қаласың. Сюжеттің шимайы да кейде сұрықсыз, мәнсіз көрінетіні рас. Сценарий асығыс жазылған сияқты сезіледі. Көрерменді «шок» эффектісіне қалдыру деген мақсатты ұстанған сияқты. Сондықтан фильмнің ең басты кемшілігі де сол - мағынасыз, шамадан тыс қатыгездік пен зорлық сахналары. Мықты идеялық негізге сүйенбегендіктен, ол жантүршігерлік әрі жиіркенішті өнімге айналып кеткен сияқты. Ары қарай мамандардың пікіріне құлақ түруді жөн көрдік. «Ауру» фильмі туралы продюсер Ербол Ташкеев, кинотанушы Жанкелді Өмірәлиев және филолог Айназ Есекеш жауап берді.

Ербол ТАШКЕЕВ, продюсер: Таңғалдыру керек деп шиеленістіре берген
Айтөре Жолдасқалидің «Ауру» фильмін көріп қайттым. Басы жақсы басталғанмен, соңы қайғыға алып келетін оқиға туралы фильм. Әлеуметтік желілердегі пікірлерге назар салсақ, фильм біреуге ұнап, біреуге ұнамай жатқанына қатты қуандым. Демек автор дұрыс шешім қабылдады деген сөз, фильм авторлары көрерменнен со-автор жасап алмады. Көбіне-көп көрермен фильмге со-автор боп кететіні бар, ал фильм көрерменді көрермен рөлінде қалдыра алса, нағыз шығармашылықтың жемісінен туған туынды есептелінеді. Фильм сценарийін жазып, кинодағы драматургияны құрастырып отырып, кино аяқталған соң көрермен талдауына да драматургияны қосып жібергені – автордың ең үлкен жеңісі. Сондай бірер пікірталасты сыртынан тыңдап отырып, көпшілік көрерменнің фильмнің сапасына емес, оның мазмұны мен айтар ойына басымдық береді екен, соған бола пікірталасқа түседі екен. Бұл дегенің, автордың шеберлігінен туған процесс деп қарасақ болады.
Фильмнің қаузаған тақырыбы мен айтар ойын әуел басынан түсіндім де, оған бола онша бас қатырмадым. Себебі менің де өз санам, ойым мен миым бар, керек шешімді өзім қабылдап, пікірді өз санам қалыптастырады. Сол себепті де маған мұндай фильмдер сонша әсер етеді, көзқарас қалыптастырады деп айта алмас едім. Маған қызық болғаны фильмнің сапасы еді. Фильмде автор өз ойын жеткізе алды ма? Ойын жеткізу барысында қандай амалдар мен тәсілдерді пайдаланды? Осы сұрақтарға жауап іздеу үшін фильмді арнайы барып көріп қайттым. Фильмнің ең үлкен артықшылығын ата десе, операторлық жұмысты айтар едім. Бағдат Арғынов кезінде жастар арасында ерекше ықыласқа бөленіп, танымал болған «5:32», «12:86» сынды сериалдары арқылы қазақстандық кинематографиясынан өз орнын алып үлгерген еді. Сапалы операторлық жұмысқа сол кездің өзінде қазақ көрермені мойнын бұрып қарап, таңғалысып қалған. Дегенмен дәл осы «Ауру» фильмі арқылы жаңа деңгейді, мүлде бөлек сапаны бағындырған сияқты. Әрине, операторлық жұмыс мінсіз деп айтуға әлі ерте. Бірақ фильмнің ішінде «Мынауың өнер ғой» деп таңдай қағатын кадрлар баршылық. Әсіресе көпірдің астында түсірілген түнгі алыс планды қайталап көруге болады.
Фильмде тағы бір есте қалатын әрі адамды шын қуантатын дүние – композитордың жұмысы. Мұнда өзіне сай тура жүйкеге тиетін музыкалық сүйемелдеу қолданылған. Осыған дейін қазақ фильмдерінен мүлде естімеген тәсілдерге иек артқан, сапасына айтар сөз жоқ. Сәйкесінше, үйлесімді. Актерлік құрамның ойынына да артық-ауыс сөзім жоқ. Тек бірер әртістің ойыны көкейіңде сұрақ туғызатыны рас. Азат Жұмәділ мен қор директорының рөлін сомдаған актердің ойындары сенімсіздеу болған сияқты. Адамды онша сендіре алмағандай. Ал басты рөлдегі Аян Өтепберген мен Дильназ Құрманғалидің ойынына берер бағам жоғары, шеберлігіне шүбә келтіре алмаймын. Осыған дейін Аян Өтепбергенді ержүрек рөлдер сомдағанын көріп, әбден көзіміз үйреніп қалған екен. Бұл фильмдегі инфантильді кейіпкердің рөлін шебер алып шыққанына қуанып қалдым. Ол инфантилизмді мейлінше сенімді, шынайы аша білді. Актерлердің сапалы ойынының арқасында Азамат пен Таңшолпан деген кейіпкерлердің мотивациясына, образдарына еш сұрақ туған жоқ. Мұндай шынайы актерлік ойын режиссердің шеберлігінсіз жүзеге аспас еді. Осы орайда Айтөренің де еңбегін атап айтқан жөн.
Фильмнің «әттеген-айлары» да жоқ емес. Фильм желісінің өрбуіне, шиеленісіне еш таласым жоқ. Бәрі дерлік драматургияның заңдылықтарына сай өрбіді. Алайда фильмді көріп отырып, былтыр шыққан «Субстанция» фильмі есіме түсті, себебі сценарийлері ұқсас. Сонан-соң Аида Құрманғалиева сомдаған антагонист кейіпкерді ілгішке іліп қойып, азаптап өлтіру деген шындыққа да, логикаға да үйлеспейтін сияқты. Әрине, фильмде бәрі реалистік тұрғыда болу керек деген қағида жоқ, дегенмен логикалық байланыспайтын осындай тұсы көп. Сосын фильмде ә дегеннен көрерменді өзіне эмоционалды байлап қойған – Таңшолпан деген кейіпкерді аңдаусызда тұншықтырып өлтіріп тастау деген тіпті қисынға келмейтін секілді. Дәл сол тұсында фильм авторларына қатысты ойымда сан түрлі сұрақ пайда болды. Таңғалдыру керек деп үсті-үстіне шиеленістіре бергенге ұқсайды. Фильмнің финалы да көңілімнен шықты деп айта алмаймын. Бас кейіпкердің осындай хайуанға айналып, жақындарын жоғалтуының өзі адамға үлкен жаза, ал бас кейіпкерден кек алу мәселесі баланың қиялына ұқсап кетті.
Қорыта айтқанда, фильм ұнады. Әрине, көңілім толмаған тұстарын айттым, дегенмен сапасы бойынша қазақстандық фильмдер арасындағы жаңа деңгей, жаңа белес. Фильмнің 21+ болуы да орынды сияқты, әйтпесе ультрақатыгездікті көрсететін сахналар көп. Негізі ультрақатыгездікті фильмде көрсетуге еш қарсы емеспін. Кино деген бар болғаны атракцион, жүрекке салмақ салудың әлде тәрбие мен өнеге күтудің қажеті жоқ.

Жанкелді ӨМІРӘЛИЕВ, кинотанушы: Әсіре сілтеген тұстары өте көп
Фильм көңілімнен шықты десем де болады. Себебі мен бұл фильмнен жұрт күткендей бір жаңалық, жаңа леп, жаңа деңгей күткен жоқпын. Айтөре Жолдасқалиді бұрыннан білеміз, оның қандай кино түсіретінін де іштей топшыладық. Сол себепті менде бір қатты толқыныс болды дей алмас едім. Иә, фильмнің екінші жартысына көптеген сұрақтар бар. Бірақ бірінші жартысы енді, шыны керек, сапалы, күшті түсірілген.
Фильмде бәрі өте сапалы жасалған. Операторлық жұмыс та, музыка да, актерлер де жоғары деңгейде. Басты рөлдегі төрт актердің ойыны тіпті керемет. Әсіресе маған екінші пландағы Аида Құрманғалиева мен Азат Жұмаділдің образдары ұнады. Алдағы уақытта дәл осы кейіпкерлер туралы бөлек фильм шықса, көруге дайынмын. Операторға келер болсақ, ол Айтөренің бұрыннан келе жатқан стилі. Айтөре оператормен өте тығыз жұмыс жасайды және неше түрлі қызықты ракурстер мен көптеген фильмдерге референс жасағанды жақсы көреді. Бұл фильмде де мұндай нәрселер бар. Сол себепті фильмнің формасы бойынша режиссердің шешіміне айтар уәжім жоқ, ал фильмнің мазмұнына енді сұрақтар көп.
Фильмді шартты түрде екіге бөліп қарасақ болады. Бірінші бөлігінде тәп-тәуір әлеуметтік драмаға айналып келе жатады да, екінші жартысында қатыгез фильм болып шыға келеді. Көп сахналарда қатыгездік тым асыра пайдаланылғаны да рас. Орыстар «жестокость ради жестокости» дейді ғой, сол сияқты дүние. Шетелдік фильмдер идеясын қазақыландыру дегенге келетін болсақ, енді мұндай кинолар көп қой. Әрине, бір фильмдерді қарап, одан ой түйіп, соған ұқсатып жасауға тырысады. Көбі корейдің «Паразит» фильмімен ұқсастықтар барын айтып жатыр. Менің ойымша, бұл фильмнің көп фильмдермен ұқсастықтары бар. Және ода тұрған ештеңе жоқ. Иә, тым артық кеткен жерлері, әсіре сілтеген тұстары жетерлік. Зорлық шектен тыс көп. Соңғы финалы тіпті күлкілі және тым арзан. Бәлкім, оны алып тастаса да болар еді. Фильм сұрақ қоймайды, тақырыпты зерттемейді, тек көрерменде шок туғызады. Тура осыған ұқсас бізде бірер жыл бұрын Асқар Ұзабаевтың «Бақыт» деген фильмі шыққан еді. Екеуін салыстыруға болатын сияқты – «Ауру» мен «Бақыт» та бір тақырып төңірегіндегі фильмдер, бірақ екеуінің көзқарасы екі түрлі. «Ауру», менің ойымша, ол жас автордың, жас буынның әлеуметтік мәселеге көзқарасы.

Айназ ЕСЕКЕШ, филолог: Көтергісі келген тақырыптардың ешқайсысы толық ашылмаған
Фильмнің тағдыры да онда көтерген проблемалар секілді күрделі боп кетті ғой. Премьера алдында-ақ оның бірнеше көрінісі цензурамен қиылып тасталғанын айтып, режиссер көпке шағымданғанын білеміз. Бұл жағдай мен сияқты қатардағы қарапайым көрерменді екіұдай күйге қалдырған сияқты. Маңызды бөліктерін алып тастаса, біз мұны толық фильм ретінде бағалай аламыз ба? Мемлекеттік қысымға түскен фильмді сынау қаншалықты әділ? Осы сұрақтар фильмге қатысты қоғамдық пікірді тіпті күрделендіріп жіберді. Жаппай қолдау көрсеткен көрермен залды лық толтырып, тіпті жас шектеулерін қатаңдатып, паспорт тексерген күндердің өзінде халықтың қызығушылығы азая қоймады. Фильм техникалық тұрғыдан мықты жасақталғанын байқаймыз, сапасына сөзім жоқ. Режиссер осыған дейін визуалды стильге келгенде әрдайым өзіндік қолтаңбасымен көзге түсіп жүрген авторлардың қатарында. Түрлі-түстің, жарықтың, музыканың, монтаждың үйлесуі кадрды тартымды, мейлінше шынайы етеді. Оператор да кадрдың әр секундын көрерменге барынша әсерлі жеткізуге тырысқан. Актерлердің ойыны да бұрынғыға қарағанда әлдеқайда сенімді шыққан сияқты. Эмоцияны әсірелеуге бұрыннан бейім режиссер стилінің ішінде әртістер де шынайылықты жоғалтпай, көрерменді өзіне тарта алады. Фильм Tartatia Films түсірген «Дәстүр» сияқты көрерменді жалған маркетинг тұзағына түсіріп жібереді. Маркетинг стратегиясының өзегі бүгінгі Қазақстандағы әлеуметтік проблемалар десек, «Дәстүрде» бұл тұрмыстық зорлық-зомбылық болатын, ал «Ауру» фильмі үшін кредиттік құлдық пен алаяқтық таңдап алынған. Бірақ «Дәстүрдегідей» өзекті мәселеге қызығып келген көрерменнің алдынан қоғамда қазір өзекті боп тұрған мәселелерді тек қаузайтын, бірақ ешқайсысына тереңдемейтін жанрлық кино шығады.
Көркемдік сапасы жақсы болғанымен, фильмнің негізгі әлсіз тұсы оның айтқысы келген ойының шашыраңқылығында деп ойлаймын. Ең әуелі фильмнің негізгі, түпкі идеясы дұрыс таңдалғанын атап өткеніміз жөн болар. Қарыз, кредит, жұмыссыздық сияқты проблемалар қазір қоғамда шиеленісіп, жауабын таппай тұрғаны жасырын емес. Дегенмен режиссер бірнеше проблеманы, жанрды, мазмұнды қамтимын деп ой шашыраңқылығына ұшырағанын байқаймыз. Көтергісі келген тақырыптардың ешқайсысы толық ашылмай, үстірт күйде қалады. Фильм көрерменнің ойын түртіп өтеді, бірақ терең ойландыруға жетелейтін мықты мораль ұсына алмайды. Жанры жағынан притчаға ұқсайтыны байқалады, бірақ притча болуы үшін де қажет түйін, ой қорытындысы жоқ. Үй ішіндегі зорлықтың, қатыгездіктің себебін тек кредитке не басқаға жаба салу дұрыс шешім болмаған сияқты. Негізі мұның бәрі аяғыңды аңдып басып, ақырын сөз қозғайтын ауыр тақырып. Терең ой, оң режиссерлік шешім күткеніммен, орындалмай қалғаны өкінішті-ақ. Кино қоғам пікірін қалыптастыратын көрінбейтін идеологиялық қару десек, мұндай шектен тыс зорлық сценалары сау адамды ауру қылатын сияқты. Тек көрерменді экран алдында ұстап тұру әлде шок күйге салу үшін нарыққа лайықтап жасалған фильм десек те болады. Авторлардың әйтеуір түпкі мақсаты – көрерменді қызықтыру, таңғалдыру болған сияқты. Дегенмен режиссер жақсы фильм түсіріп те таңғалдыруға болатынын ұмытып кеткенге ұқсайды. Әйтпесе зорлық үшін түсірілген, зорлықты ашық насихаттайтын мұндай фильмге таңғалмай қоймайсың. Ештеңе алмайсың, психикаңа ауырлық түседі. Жоқ, ештеңе алмайсың дегенім дұрыс болмас, анығында, адамды қалай азаптап өлтіруге болады деген сұраққа жауап аласың. Зорлық-зомбылықтың нұсқаулығы іспетті фильм.
Ал енді фильмдегі зорлықтың, қатыгездіктің ашық көрсетілуі туралы сұрақ – қазіргі әлемдік кино индустриясындағы ең күрделі мәселелердің бірі. Қатыгездік пен зорлықты ашық көрсету – бір жағынан, қоғамды шынайылыққа үйрету деп түсіндірілсе, екінші жағынан, көрерменнің сезімталдығын жаншып, адамзат санасында осындай қылмыстарды қалыпты құбылыс ретінде қабылдауға әкелуі мүмкін деген пікір бар. Сценарий оқиғаларды бірінен соң бірін тез ауыстырып, кейіпкерлердің ішкі әлеміне терең үңіледі дей алмас едім. Сол себепті өз басыма көрермен мен кейіпкерлер арасындағы эмоциялық байланыс әлсіз болып қалған сияқты сезілді, біз оларды түсінгіміз келеді, бірақ оларды өз қателіктерін сезінетін, жауапкершілік алатын адамдар ретінде көре алмаймыз. Кейіпкерлер жай ғана оқиғалардың тасқынымен ағып бара жатқан сияқты. Жағдайға бейімделуден басқа амалдары жоқ кейіпкерлерді көргенде, адам тағдыры кездейсоқтыққа тәуелді деген сезім сыйлайды. Егер зорлық экранда адамдық трагедияны жеткізу үшін, көрерменді эмоциялық жағынан селк еткізіп, мәселенің шынайы ауырлығын сезіндіру үшін қолданылса оның жөні басқа. Өмірде бар дүниені өнерден алып тастаудың өзі шындықты бүркемелеумен тең. Бірақ зорлық көркемдік риторикаға, коммерциялық эффектке, рейтинг қуушылыққа айналса, бұл моральдық тұрғыдан да, эстетикалық тұрғыдан да дұрыс емес. Мұндай тәсіл көрерменнің жан жарасын тереңдетеді, зорлықты қалыпты етіп көрсетіп, сезімсіз қоғам мен адамды қалыптастырып шығатын сияқты.
Дайындаған
Ақгүлім ЕРБОЛҚЫЗЫ