"Ауру балалар – жазаның нәтижесі" деген блогер Астанада ұсталды
Астанада gulnara.blogger деген атпен танылған блогер Instagram желісінде жариялаған даулы видеосынан кейін ұсталды.
Ол роликте онкологиялық дерт пен аутизм секілді диагноздар “ата-анасының азғын өмір салтының жазасы” деп мәлімдеген.
Даулы видео қоғамда ашу туғызды
Блогердің ерекше қажеттіліктері бар балалар мен олардың ата-аналарын қорлайтын сөзі бар видео желіде тез таралып, қоғам тарапынан жаппай сынға ұшырады. Әсіресе, аутист балалардың ата-аналары мен онкологиялық аурудан ем қабылдап жүрген отбасылар блогердің сөзіне наразы болды.
Полиция блогерді ұстады
Қалалық Полиция департаментінің ақпаратына сәйкес, блогер штабқа жеткізіліп, оған қатысты «ұсақ бұзақылық» бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылған.
Іс материалдары жақын арада сотқа жолданады.
Департамент өкілдері:
«Мұндай құқықбұзушылықтар заң аясында қатаң тоқтатылады. Азаматтарды контент жариялау кезінде жауапкершілік танытуға, өзге адамдардың құқығы мен сезімдерін құрметтеуге және қоғамдық мораль нормаларын сақтауға шақырамыз», - деп мәлімдеді.
Еске салайық, блогер желіде жариялаған дау тудырған видеода тағы да аутизм мен онкологиялық дертті балалар “ата-анасының азғын өмір салтының нәтижесі” деп айтқан.
Осыған байланысты ерекше балалар тәрбиелеп отырған жүздеген ата-ана коллективті шағым жолдап, Балалар құқықтары жөніндегі омбудсмен Динара Закиева материалдарды ІІМ-ге жіберген.