Аустралия бес ирандық футболшы қызға саяси баспана бермек
Аустралия билігі ұлттық әнұранды орындаудан бас тартқаны үшін Иранда қудалануы мүмкін Иран әйелдер құрамасының бес футболшысына баспана беруге шешім қабылдады.
Бұл туралы 10 наурызда Аустралияның ішкі істер министрі Тони Берк мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, ол гуманитарлық виза беру туралы өтініштерге қол қойған. Қазіргі уақытта спортшылар Аустралия полициясының қорғауындағы қауіпсіз жерде орналастырылған.
Трамп Аустралияны баспана беруге шақырды
9 наурызда АҚШ президенті Дональд Трамп Аустралия билігін ирандық спортшыларға баспана беруге ашық түрде шақырды.
Футболшылар Аустралияға Азия кубогына қатысу үшін Израиль мен АҚШ-тың Иранға қарсы соғысы басталғанға дейін келген.
Трамп олардың Иранға қайтарылмауы керектігін айтып:
«Егер оларды елдеріне қайтарса, өмірлеріне қауіп төнуі әбден мүмкін», – деді.
Сонымен қатар Трамп Аустралия басшысы Энтони Альбанеземен бұл мәселе жөнінде сөйлескенін айтты.
Кейбір ойыншылар елге қайтудан қорқады
Кейін Трамп өзінің Truth Social әлеуметтік желісінде Аустралия бес спортшыға баспана беруге келісім бергенін, ал тағы бірнеше ойыншының өтініші қаралып жатқанын жазды.
Алайда кейбір футболшылар отбасыларына қысым жасалуы мүмкін деп қауіптеніп, Иранға қайту мәселесін де қарастырып отырғаны айтылды.
Әнұран кезінде үнсіз тұрған
5 наурызда Оңтүстік Кореяға қарсы матч алдында Иран құрамасының ойыншылары ұлттық әнұран орындалғанда үнсіз тұрған.
Иран мемлекеттік телеарнасы бұл әрекетті «масқараның шыңы» деп атаған.
Кейінгі ойындар алдында футболшылар әнұранды орындаған.
Командадан кемінде жеті ойыншы кеткен
CNN Sports мәліметінше, Иран әйелдер құрамасының кемінде жеті ойыншысы команданың орналасқан жерінен кеткен.
Кейін олардың бесеуін Аустралия полициясы қорғауға алғаны белгілі болды. Қалған екі ойыншының қайда екені әзірге белгісіз.
Еске салайық, 8 наурызда Иран әйелдер құрамасы Азия кубогының топтық кезеңіндегі соңғы матчында Филиппин құрамасына жеңіліп, турнирден шығып қалған. Әдетте топтық кезеңде жеңілген командалар бірнеше күн ішінде турнир өткен елден кетеді.