Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 15:32

Аустралия да Палестинаны мойындамақ

Германия
Фото: БАҚ

Франция, Ұлыбритания және Канададан кейін Аустралия да қыркүйекте өтетін БҰҰ Бас ассамблеясы сессиясында Палестина мемлекеті мәртебесін ресми түрде мойындайтынын мәлімдеді.

Бұл туралы 11 тамызда өткен брифингте елдің премьер-министрі Энтони Албанезе хабарлады. Оның айтуынша, шешім Палестина әкімшілігінен алынған міндеттемелерді ескере отырып қабылданған.

Албанезенің сөзінше, Аустралия президент Махмұд Аббас пен Палестина әкімшілігінен «ХАМАС болашақ Палестина мемлекетінде ешқандай рөл атқармайды» деген кепілдік алған.

«Бұл – Аустралия президенті Аббас пен Палестина әкімшілігінен талап етіп, қол жеткізген басты міндеттемелердің бірі», – деді премьер-министр.

Сондай-ақ ол «екі мемлекет құру туралы шешім – Таяу Шығыстағы зорлық-зомбылық шеңберін үзу және Газа секторындағы қақтығыс, азап пен аштықты тоқтатудың ең жақсы үміті» екенін атап өтті.

Бұған дейін, 2024 жылғы мамырдың соңында, Норвегия, Ирландия және Испания үкіметтері Палестинаны мемлекет ретінде мойындайтынын жариялаған еді. Сол кезде БҰҰ-ға мүше 193 елдің 143-і, оның ішінде Ресей мен Қытай, Палестина тәуелсіздігін ресми таныған болатын.

Ал биыл шілдеде Франция президенті Эммануэль Макрон да қыркүйектегі Бас ассамблея отырысында өз елінің бұл қадамға баратынын мәлімдеді. «Үлкен жетілік» құрамындағы тағы екі мемлекет – Канада мен Ұлыбритания да осындай шешім қабылдауға дайын отыр.

Алайда Израиль мен оның басты одақтасы АҚШ Франция, Ұлыбритания және Канаданың бұл бастамасын сынға алды.