«Аутист балаларды өлтіру керек» деген блогердің үстінен полиция іс қозғады

Алматылық блогер Райхан Жұмамұратованың ерекше балаларға қатысты жазған пікірі қоғамның ашуын туғызды. Полиция оқиғаға байланысты шара қолданатынын мәлімдеді.
Дауға осыдан бірнеше күн бұрын 13 жастағы аутист баланың екі жасар сәбиді асфальтқа лақтырып жіберген видеосы себеп болды. Блогер әлеуметтік желідегі осы видеоға пікір қалдырған.

Жұмамұратова былай деп жазды:
«Аутист не істеп жүр көшеде? Ата-анасын айыптау керек! Мұндай балалар көбейіп кетті, оларды емдеу қажет, егер емделмесе, өлтіру керек. Олар сезімсіз. Неге ата-аналары мән бермейді? Баласын жайбарақат көшеге жіберіп қойған...»
Бұл сөздер ерекше балалары бар ата-аналардың ашу-ызасын туғызды. Олар Autism Kazakhstan ұлттық қауымдастығына шағым түсірген.
Autism Kazakhstan мәлімдемесінде:
«Әлеуметтік желілерде блогер Райхан Жұмамұратованың мәлімдемесіне байланысты ерекше балалардың ата-аналарынан жаппай шағым түсе бастады. Осыған орай Қауымдастық Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасына және Ішкі істер министрлігіне ресми өтініш жолдады».
Осыған байланысты Алматы қалалық полиция департаменті қылмыстық іс қозғады.
Ресми хабарламада былай делінген:
«Блогердің жеке басы анықталды. Заң аясында шаралар қабылданады. Қорлау, әлеуметтік араздықты қоздыру және қатыгездік пен зорлық-зомбылықты насихаттау үшін қылмыстық және әкімшілік жауапкершілік қарастырылған».
Айта кетейік, Райхан Жұмамұратованың Instagram парақшасында 84 мың жазылушысы болған. Қазір оның аккаунты жойылған. Кейіннен блогердің басқа әлеуметтік желіде ақталған жазбасы да тарады.