Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 11:34

Аутизмі бар қызметкерді жұмыстан босатуына байланысты Burger King Kazakhstan-ға қатысты дау туды

Бургер Кинг
Фото: Shutterstock

Қазақстанда Burger King жылдам тамақтану желісі айналасында аутизмі бар қызметкерге байланысты дау туындады. Компания жағдайға қатысты ресми мәлімдеме жасап, өз ұстанымын білдірді.

Не болды?

Әлеуметтік желілерде Burger King мейрамханалар желісі туралы қызу талқылау басталды. Оған Threads желісіндегі жазба себеп болған. Онда әйел өз ұлы А.-ның Burger King мейрамханаларының біріндегі жұмысына қатысты жағдайды баяндаған.

Оның айтуынша, ұлы төрт жыл бойы тұрақты түрде жұмыс істеп, жалақы алып, тапқан табысын қуана жұмсап жүрген. Ұжыммен араласып, өзін ортада еркін сезінген, қосымша жұмыс уақытында да қалып, демалысын жоспарлап, бір филиалдан екіншісіне ауысып қызмет еткен.

Алайда өңірлік басшылық ауысқаннан кейін жағдай өзгерген көрінеді. Анасының сөзінше, күзден бастап ұлының көңіл күйі күрт өзгеріп, «бұрынғыдай емес» болған. Ол мұны жаңа басшылықтың қысым жасап, жұмыстан кетуге мәжбүрлеуімен байланыстырады. Жаңа басшымен жеке кездесудің де нәтиже бермегенін айтқан.

«Роботпен сөйлескендей болдым. Ол жақында ғана біздің елге келген, меніңше, инклюзивті қоғам қағидаттарын білмейтін сияқты», - деп жазған әйел.

Бұл жазба әлеуметтік желіде кеңінен таралып, қоғамда қызу пікірталас тудырды.

Burger King компаниясының ұстанымы

Burger King Kazakhstan компаниясы ресми түсініктеме жариялады. Онда жас қызметкердің жұмыстан шығарылмағаны және әлі де компания қызметкері болып табылатыны айтылған.

«Еңбек қатынастарын тоқтату туралы шешім компания тарапынан қабылданған жоқ», – делінген мәлімдемеде.

Компания мәліметінше, 29 қаңтарда HR қызметіне қызметкердің демалыс рәсімдеуге ниетті екені туралы хабарлама түскен. Осыдан кейін ол уақытша жұмысқа шықпаған. Алайда қызметкердің өзінен ресми өтініш түспеген.

6 ақпанда компанияға қызметкердің анасы жүгініп, өз атынан еңбек қатынастарын тоқтату туралы өтініш тапсырған. Алайда Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес, мұндай өтінішті тікелей қызметкердің өзі рәсімдеуі қажет екені атап өтілді.

Компания тарапынан жағдайды шешудің бірнеше нұсқасы, соның ішінде басқа мейрамханаға ауыстыру мүмкіндігі ұсынылған. Burger King өкілдері қызметкердің өзі мен отбасының қатысуымен конструктивті диалогқа дайын екенін мәлімдеді.

Сонымен қатар, компания бұл оқиғаға байланысты ішкі тексеріс жүргізіп жатқанын хабарлады.

Қазіргі уақытта бұл жағдай қоғам назарында қалып отыр.