Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
16:03, 27 Қазан 2021

Ауыл ішімдіктен бас тарта ала ма?

None
None

Кезінде мың күбідегі сары қымызды бір мезетте  сапырып рекорд жасаған Жаңаарқа ауданы бүгінде  ата салтымызда болмаған ішімдік ішуден  аулақ болуды көздейтін жобаны бастады.

Алкогольді сусындардан бас тартуға   шақырған жоба «Ішімдіксіз ауыл» деп аталады. Әу баста бұл жобаны Жамбыл облысының ауылдары бастап, бүкіл ел жалғастыру үшін эстафета жолдаған еді. Енді «Ішімдіксіз ауыл» жобасын Қарағанды облысындағы Жаңаарқа ауданы жалғастыруды қолға алыпты.

         Қазақ халқының өзіне ғана тән ұлттық болмысын жаңғыртып, ішімдіктің адамзатқа әкелетін зиянды салдарын жұртқа түсіндіруді жөн санаған белсенді азаматтар ауыл-ауылды аралап, «жынды судан» бас тартуға шақыратын үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуде. Белсенділер ұсынған бұл жобаны ауданның бас имамы Асхат Қанай мен аудан әкімі Юржан Бекқожин және  ардагерлер кеңесі мен  аналар кеңесі де  қолдапты. Бүгінгі таңда «Ішімдіксіз ауыл» жобасына қатысатын ауыл тұрғындарымен кездесу өткізіліп, мерекелер мен той-думанды арақсыз өткізуге ұсыныс жасалуда. Қазіргі уақытта Айнабұлақ ауылы алғашқылардың бірі болып бұл жобаны бастады. Белсенділердің айтуынша, жобаға қатысатын 10 ауыл таңдап алынған.

      –Жалпы,  жұрт  қонақ күткенде дастарханға арақтың орнына қымыз қоюды әдетке айналдырса жақсы болар еді, біз өзгерісті көршімізден күтпей, бірінші өзімізден бастауымыз керек. Қазір жастар арасында ішімдікті мүлдем татып алмайтындар баршылық. Дегенмен арақтың қанша отбасыны ойрандағанын білеміз, сондықтан қазаққа бірінші кезектегі жау – арақ, – дейді Жаңаарқа ауданының тұрғыны Серік Шәріпов.       Жаңаарқа ауданындағы жобаға қатысатын ауылдардағы кәсіпкерлер мен ішімдік сатпау туралы келісімдер жасалуда. Сондай-ақ Айнабұлақ ауылындағы тұрғындардан   ішімдіктен аулақ болуға шақыратын жобаны қолдайтындары туралы қол жиналуда. Жаңаарқа ауданының орталығы Атасу кентінде бүгінде  арақ-шарап сатылмайтын жеті дүкен мен бес дәмхана жұмыс істеп тұр.       Ауыл ішінде қаладағыдай ішімдікке салынғандар көп болмағанымен, той-думанның арақ-шарапсыз өтпейтіні анық. Бұл үрдісті жаппай ауыл халқы бірден қолдап кетеді деп айту қиын. Дегенмен жобаны ұйымдастырушылар «үмітсіз – шайтан» дегендей, салауатты өмір салтын ұстануға деген бетбұрыс халық арасында қолдау тауып қалар деп топшылайды.

Тегтер: