Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:00, 27 Маусым 2023

Ауыл сатушы туралы аңызды Сұлтанғазиев біле ме?

None
None

Алматы облысының тұрғыны «Жас Алаш» редакциясында

Газетіміздің 30 мамыр күнгі санында «Кішкентай ауылдағы үлкен дау» деген материал жарияланған-ды. Онда Алматы облысының Кеген ауданына қарасты Жалаңаш, Тоғызбұлақ тұрғындарының тынышын алған оқиға сөз болады. Жасы сексеннен асқан Жалаңаш тұрғыны Әріп Сыбанбаев Кеңес одағы кезінде тартылған су құбырын қазып алып, сатпақшы болған. Тоғызбұлақ тұрғындарының қарсылығымен аршып алынған 150 метр жер қайтадан көміліп, Сыбанбаевқа қатысты дау саябырсығандай болған еді. Бірақ іс мұнымен бітпейтін сияқты.

Бізге Жалаңаштан бір топ ауыл тұрғыны хабарласты. Редакцияға ауыл тұрғындары атынан Жалаңаш ауылында ұзақ жыл еңбек еткен зейнеткер, «Қосуын» шаруа қожалығының иесі Мұхтар Тоқтыманов келіп, Әріп Сыбанбаевқа қатысты біраз сырдың бетін ашып кетті. Нақтырақ айтқанда, Сыбанбаевтың «Дарқан-А» шаруа қожалығын құрып, соның аясында жасаған заңсыз тірліктерін тізіп берді. Біз ақсақалдың айтқанын жазып алып, қаз-қалпында жариялағанды жөн көрдік. Ал Сыбанбаевтың айтар уәжі болса, газет бетінен оған да орын беруге дайынбыз.

Құбыр сатқан Сыбанбаев

Мұхтар Тоқтыманов:

1995 жылы Тоғызбұлақ ұжымдық шаруашылығы жекешеленген кезде Әріп Сыбанбаев орталықтан «Дарқан-А» шаруашылығын құрады. Құрамында 80 адам болды. Шаруашылық жекешеленген кезде негізгі қорда 1987 жылы тартылған су құбыры да болған. Бірақ Сыбанбаев «Дарқан-А» шаруа қожалығына бөлінген су құбырын тізімге қоспай келеді. Бір сөзбен айтқанда, су құбыры «Дарқан-А» шаруашылығының есебінде болғанын жасырған. Сыбанбаевтың о бастан ойлаған мақсаты – су құбырын жекешендіріп алу.

Шет Меркі өзенінен тартылған бұл құбыр екі бөлікке бөлінеді. Әріп Сыбанбаев бірнеше жылдан кейін әлгі құбырдың бір бөлігін, яғни 7 шақырымын қазып алып, темір құбырды өзі басшылық ететін шаруашылықтың мүшелерімен келіспей, қаулы жазбай, өз бетінше сатып жіберген. Құбырдың диаметрі 1 метр, қалыңдығы 1 сантиметр. Қазірдің өзінде мұндай темірдің құны бірнеше он миллион теңгеден кем болмайтыны анық.  

Бірнеше жыл бұрын, яғни 7 шақырым құбырды сатқан жылдары Әріп Сыбанбаев жотаға шыққан артық суды қайтадан өзенге құятын 462 метр темір құбырды да қазып алып, сатып жіберді. «Әй дейтін әже, қой дейтін қожа» болған жоқ. Сатылған құбырдың ақшасы шаруашылықтың есеп шотына түспеді. Тіпті есеп ашылмаған. Сонда қаржы Сыбанбаевтың қалтасына құйылмаса, қайда кетті? Шаруашылықтағылар бір тиын да алмаған.

«Дарқан-А» шаруашылығының жетекшісі Әріп Сыбанбаев 2003 жылдың 21 қазанында «Жалаңаш су пайдаланушылар селолық тұтыну кооперативін» құрған. Кооперативтің негізгі атқаратын жұмысы – егін, картоп, көпжылдық шөп суғару. Ондай 16 суғару қондырғысы болды. Бөлініп берілген жер көлемі 867 гектар. «Жалаңаш су пайдаланушылар селолық тұтыну кооперативіне» 2000-2003 жылдары Сыбанбаев «Азия» даму банкінен 455 млн теңге несие алған. Кооператив құрылды, ақша бөлінді, бірақ сол күннен бері 1 гектар жер де суғарылған жоқ. Егін де, шөп те егілмеді.

Су сатқан Сыбанбаев

Тоғызбұлақ колхозында 1987 жылы тау бөктерін қазып жүргізілген 11,8 шақырым су құбыры болған. Соны Сыбанбаев «Жалаңаш су пайдаланушылар селолық тұтыну кооперативінің» сметалық құжатына қосып жібереді. Бұл жердегі мақсат айқын: «Суды біз шығардық» деп банктен бөлінген миллиондардың ізін жабу. Бірақ тау жотасына шығарылған су Кеңес одағы кезінде колхозға тартылған құбыр болатын. Соны өз мүддесіне пайдаланып отыр ғой.

«Жалаңаш су пайдаланушылар селолық тұтыну кооперативі» құрылғаннан бері Балқаш-Алакөл бассейіндік инспекциясының рұқсатын да алмапты. 2004 жылдан бүгінге дейін ол өз бетінше суды заңсыз пайдаланып келген. Заңды рұқсатын алмаған соң солай айту керек қой. Қойшылар жайлаудан күздеуге көшкенде су үшін Сыбанбаевқа бір қойдан беріп отырады. Тіпті егін салған, шөп еккен шаруалардан да ақша, мал алып отырған. Осы күні мал суғарған, егін суарған жерді су орып, жарқабақ болып бүлініп жатыр. Оған қараған Сыбанбаев жоқ. Бұл – көпе-көрінеу заң бұзушылық.

Ал Ортабаз деген жерде шаруа қожалықтарының 300-350 бас қошқарын жинап, әр қошқарға 3 мың теңгеден алып, айына 975 мың теңгені қалтасына басып отыр. Қошқарды бір қойшыға қаратып қойды. Бұл жердегі әңгіме қошқарларды шаруа қожалықтарының егістігіне жайып отырғандығында. Өйткені онда жайылым жоқ, айналасы түгел егін алқабы. Бұл белден басып, егінге мал жайып, ақша тауып отыр ғой.

 «Жалаңаш су пайдаланушылар селолық тұтыну кооперативі» құрылғаннан бері мемлекетке бір тиын да салық төлемеген. Оны да тексердік. Заң бұзу ма? Әрине, белден басып тұрып бұзу! Кооператив жұмыс жасамаса да, 2008 жылы мемлекеттен 2 миллион теңге субсидия алыпты. Бұл да заңсыздық қой.

Әріп Сыбанбаев меншіктеген, сатқан нысандар:

  1. 1987 жылы тартылған Шет Меркі су құбыры;
  2. Алматы қаласындағы Тоғызбұлақ ауылының екіқабатты қонақүйі;
  3. 1967 жылы ағаштан салынған қой қырқатын пункт;
  4. 1987 жылы бетоннан салынған қой қырқатын пункт

(пункті алматылық кәсіпкер Жомарт Райымжановқа 16 млн теңгеге сатқан);

  1. 1973 жылы қызыл кірпіштен салынған ауыл шаруашылық техникаларына арналған қойма (5 млн теңгеге сатқан);
  2. Жеке машиналарға арналған кірпіштен салынған 5 қойма

(бұзып, кірпішін Алматыға алып кеткен);

  1. Жалаңаш ауылында кірпіштен салынған 7 үй; (үйлерді бұзып, кірпіштерін Алматыға үй салуға алып кеткен. Жеткізген жүргізуші Жалаңаш тұрғыны – Жұмаш);
  2. 1970 жылы салынған Сарықамыстағы 500 тұяқ қойға арналған қора және 1960, 1964 жылы салынған екі үй (қора мен үйді Тоқай Қабылбековке сатқан, оны бұзып, Алматыға үй салуға алып кеткен);
  3. 1967 жылы салынған Молалыбастаудағы 500 тұяқ қойға арналған қора мен тұрғы үй (Нарынқол ауданының тұрғындарына сатқан);
  4. Колхоздың ағаштан салынған мекемесін ауыл тұрғыны Сағатқа сатқан (оны да Алматыға әкеліп, үй салды).  

Редакциядан: Шіркін...Жалаңаштықтардың бұл жанайқайын Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев көре қалса, сосын, «бұл не қылған бассыздық?» деп, тұлан тұта ашуланып, Кеген ауданы әкімінің  міндетін атқарушы Кеңес Қабылбековті шақырып алса… Тоғызбұлақтықтар өткенде түн жарымында көшеге шығып, аудан әкімдігін, Әріп Сыбанбаевты кездесуге шақырғанын, суға қатысты көптеген мәселе көтергенін, ауданнан келген өкілдердің «бәрін қатырамыз» деп кетіп, содан хабарсыз кеткенін, Тоғызбұлақ ауылының тұрғындары ауылдағы проблемаларды айту үшін тағы да көшеге шығуға дайындалып жатқанын білер еді. Жоғарыда келтірілген тізімді (бүкіл бір ауылды сатып жіберген бе деген ой келеді) растату үшін құзырлы органдарға тексеру жүргізу туралы тапсырма беріп, өтініш түсірер ме еді...

              

Тегтер: