Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
16:13, 27 Қаңтар 2022

Ауылды «еститін Үкімет» қайда?

None
None

Қымбатшылық қысқан уақытта, әсіресе ауыл жұрты үшін күнделікті тірлікте түйіні шешілмейтін мәселенің күн санап артып бара жатқаны анық.

Ауылдағы ағайынның бүгінде мемлекеттік қызметте отырған шенеуніктерден әбден көңілдері қалған, өйткені олардың мәселесін шешіп жатқаны шамалы. Аудандық газеттегі тілшілерден үміт күтейін десе, олардың өзі әкімшіліктің айтқанына көніп, айдауымен жүретінін жалпақ жұртқа мәлім. Қанша жерден кеңестік кезеңге қырын қарасақ та, сол дәуірде газеттің сынынан қорқып, шенділер жұмысының кем-кетігін түзейтін еді. Ал қазір елімізде БАҚ өкілдерінің сынына пысқырып қарамайтын шенеунік көбейгені анық. Қарағанды облысындағы ауылдардың басым бөлігінде тұрғындардың әлеуметтік жағдайы көңіл көншітпейді. Олар үшін медициналық көмек жоққа тән, жолдары нашар, электр жарығы, көмір, отын-сулары қымбат.

Пошта қатынамайтын ауыл...

Ақтоғай ауданына қарасты Қызыларай ауылында газет-жорнал, хат-хабар жеткізетін поштабай жоқ. Бұрын ай сайын 15 мың төлеп, газет-жорналдар мен зейнетақыны бір маманға таратқызған екен. Кейін бұл маманның өзі тиынды құрайтын еңбекақыға жұмыс жасаудан бас тартқан сыңайлы. Енді ауылдағы газет-жорналға жазылған тұрғындар айына бір рет қана ауданнан зейнетақы келгенде газеттеріне қол жеткізеді. Қаңтар айының басында жұрт желтоқсан бойы шыққан газеттердің бірде бірін алмағанын айтқан еді. Пошта таратуға жауапты адам болмағаннан кейін ауыл халқы газет-жорналдары орта жолдан жоғалып кететінін айтады. Бұл мәселеге Ақтоғай ауданы әкімі де «Қазпошта» бастығы да селт етер емес.

— «Емші» журналына алты айға жазылғанбыз бір екі нөмірі ғана келді сонымен тоқтап қалды, не ақшасы қайтқан жоқ, не журнал жоқ, «Жас Алаш» газетінің желтоқсандағы нөмірлерін жыл біткен соң, бір айдан кейін бір-ақ алдық. Поштабай болмағандықтан, осы жылға газетке жазыла алмадық. Ауылды керек қылып отырған бір адам жоқ бұл үкіметте, – деп қынжылады Сатыбалды ақсақал.

Бүгін жұрт «халықтың көзі, тілі һәм құлағы» саналатын газетке жете алмай отырса, ертең зейнетақысын ала алмай, ауданның жолын тосып жүрмесіне кім кепіл? Ақтоғай ауданы әкімдігі болса, «Бүгінгі күні Кежек, Қызыларай, Қараменде би ауылдық округтерінде пошташы қызметкері жоқ. Аудандық жұмыспен қамту орталығына сұраныс тасталған, бірақ бүгінгі күнге дейін өтініш түскен жоқ. Алайда пенсия, газет тарату жұмыстары аудандық пошта бөлімшесі арқылы жүргізілуде», дегеннен аса алмай отыр. Аудандық пошта бөлімшесіне тапсырған соң, әрине олар ауылға айына бір рет қана ақша апарғанда, газет-жорнал таратады деген сөз. Бір айдан кейін ескірген жаңалықты оқығанның қандай қажеттілігі бар, – дейді ауыл тұрғындары.

Маман көп, бірақ электрик жоқ

Қызыларай ауылының электр желісінде тоқсаныншы жылдардан бері жөнделмей келе жатқан ақаулы тұстары өте көп. Тұрғындардың айтуынша,

тоқырауға түскен тоқсаныншы жылдары ауыл шетіндегі шағын подстансадағы құрылғылар тоналған. Содан бері реконструкция жасалмаған желі «қырық жамау» күйде әзер тұр. Басым бөлігі жұмыссыз болса да өз күнін өзі көріп отырған ауыл жұрты үшін электр тоғы, ауыз су, жол мәселесінің бірінші кезекте шешілуі маңызды. Бұл ауылда «жыртыңдап» сөніп қала беретін электр жарығына жауапты жалғыз маман жұмыстан қысқарып кеткен. Енді электр жарығы сөніп қалса, жұрт кімге барып, кімнен көмек сұрайтынын білмейді. Тұрғындардың айтуынша, аудандық әкімшілік «вакансия жоқ» деген себеп айтып, бұрынғы электрикті жұмыстан шығарған. Халыққа қызмет етіп отырған лауазымды тұлғалардың қысқартуға қатысты шешімдері бүгінде жұртқа үлкен қолайсыздық туғызып отыр. Алақандай ауылдың әкімдігінде бірнеше маман жұмыс жасайды. Ауыл жұрты солардың біреуін қысқартпай, электр желісін жөндейтін маманды қысқартқаны несі, деп қынжылады. Бірақ ауылдың мұң-мұқтажын «еститін мемлекеттің» есті тұлғалары елең етпей тұр.

Қарағанды облысы

Тегтер: