Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
17:00, 12 Мамыр 2023

Ауылды түлетуге кәсіпкерлер кірісуде

None
None

Сәуір айында өңірде «Ауыл аманаты» жобасын үйлестіру басталды. Ондағы мақсат- ауылдағы жұмысыздықты жою, жергілікті халықты агробизнеске ынталандыру.

Үміткерлерге екінші деңгейлі банктен берілетін несиенің жалпы көлемі алғашқыда 2,4 млрд теңге деп болжанды. Тұрғындардан келіп түскен өтініштердің көбеюіне байланысты республикалық қазынадан қосымша тағы 1 млрд теңге қаражат бөлінді. Облыстық ауыл шаруашылық басқарамасы шағын несиелендіру бөлімінің басшысы Қуандық Ахметовтың айтуынша, биыл кәсіп ашуға ниет етушілерге 633 несие тапсырылады. Оның жалпы сомасы 3,4 млрд теңгеге бағаланып отыр. Осының арқасында ауылдық өңірлерде 639 жаңа жұмыс орны ашылады. Тағы бір айта кетерлік жәйт, аталған бағдарлама аясында мамандар барлық селолық округтегі тұрғындарға несиені алудың талабы мен оны өтеудің шарттары жайлы кең ауқымды түсіндірме жұмыстарын жүргізген. Мемлекеттің қолдауы арқасында ауылдарда бизнесі өркендеген кәсіпкерлер көбейіп келеді. Бүгінде Нұра ауданының Құланөтпес ауылында тұрғындардың тұрмысы анағұрлым оңала бастаған. Туған ауылын түлеткен кәсіпкер Сайын Ибрагимов елді мекеннің көшелерін абаттандырып, жерлестері серуендейтін саябақты жандандырған. Жеке қаражатына тұрғын үйлер тұрғызып, бұқаралық спортты көтеру үшін спорт кешенін салуды жоспаралап қойған. Кәсіпкердің арманы- Құланөтпеске қала өркениетін әкелу.

-Биыл жеке қаржымызға екі үй салуды бастаймыз. Бес жылда 54 баспана тұрғызу жоспарымда бар. Тұрғындардың сұранысына орай, ауыл орталығында азық -түлік түрін түрлендіру үшін шағын супермаркет салуды бастап кеттік. Жақында ғана жаңа наубайхананы іске қостық. Шарушалықты құрғаныма екі жыл болды. Бүгінде 50 адам бізден нәпақасын тауып отыр. Жұмысшылардың барлығы осы ауылдың тұрғындары. Негізгі кәсібіміз егін шарушалығы мен дәнді дақылдар өсірумен айналысу,-дейді жас кәсіпкер.

Нұра ауданына сапармен барған облыс әкімі Ермағанбет Бөлекбаев жеке кәсіпкермен кездесіп, елді мекеннің келешегі жолында атқарылатын келелі жоспарларды бірлесіп талқылады. Инвестор жергілкті астық қоймаларына жөндеу жұмысын жүргізген. Биыл егістік алқаптың көлемін ұлғайтуды көздеп отыр. Заманауи ауыл шаруашылық техникаларын сатып алған. Агротехникалар өнім түрін арттыруға сеп тигізіп жатыр. Соның арқасында, тыңдайған жерлерді игеру мүмкіндігіне қол жеткізген.

-Біз елді мекенді гүлдендіруге ынта білдіруші инвесторларды қабылдауға қашанда әзірміз. Қазірдің өзінде, Құланөтпес, Шахтер, Қайнар, Жараспай ауылдары жеке кәсіпкерлердің қолдауы арқасында даму үстінде. Алдағы уақытта Ахмет ауылынан макарон шығаратын цех ашуды көздеп отырмыз. Жақында Өзбекстаннан келген ивестор осы арадан алабалық өсіруге ниеті бар екенін айтып жеткізді. Нұра өзені экотуризмге ыңғайлы. Ол үшін өзен жағалауына глэмпинг орнатуды шештік. Оған қажетті бірнеше киіз үй сатып алынды. Сайып келгенде, осындай өміршең жоспарлар іске асса, ауылдың келешегі зор, тұрғындардың тұрмысы келісті болатынына шүбә жоқ,-дейді аудан әкімі Бақытжан Мұқанов.

Алайда, Құланөтпес ауылында халықты сумен жабдықтау мәселесінде күрделі қиындықтар бар. Тұрғындармен арнайы кездесу кезінде облыс әкімі мұнда су құбыры желілерімен қатар, оны тұщыландыруға арналған қондырғыны орнатуға қаржы бөлінгенін жеткізді. Ермағанбет Бөлекбаев мердігерлер алдына биылғы жылы нысанды қолданысқа енгізу туралы міндетті қойылды.

Тегтер: