Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:01, 21 Сәуір 2023

Ауылдың болашағын шетелдік сарапшыларға қаратқан министрліктен не қайыр?

None
None

          Ұлттық экономика министрлігі ұлт ұясы ауылды түбімен тұқыртпақшы ма? Дәл осы құзырлы министрлік еліміздегі алтын діңгек ауылдың келешегін айқындауды айдаладағы шетелдік сарапшылардың еншісіне берген.

Қарағанды облыстық мәслихатының жаңадан сайланған депутаты, көпбалалы ана Ләззат Қожахметова күні кеше әлеуметтік желідегі парақшасында осындай мазмұнда жазба таратты. Халық қалаулысының айтуынша, осылайша республикалық бюджеттен қолдауға ие болатын ауылдарды халықаралық мамандар шешкен.

— Ұлттық экономика министрлігі сенген шетелдік мамандар әкімдікке бас сұқпақ түгілі, әкімдердің түр түсін де көрмеген. Нәтижесі біз күткеннен де сорақы. Анығын айтқанда, шекарадан шеткері тұратын шетелдіктер елдегі ауылдардың тең жартысын қара тізімге енгізген. Біздің өңірдегі 280 ауыл «Ауыл – ел бесігі» жобасынан шеттетілді. Кеткелі тұрған елдімекен халқына өзге ауылдар құшақ жайып, жұмыс беріп, үймен қамтамасыз етуге қауқарсыз. Мына бір парадоксты қараңыз, Осакаров ауданындағы бір кеңшар жобадан ысырылған, есесіне, оның шағын бөлімшесі жобаға еніп кеткен. Бұл қалай? Келесі қынжылтатын проблема «Ауыл – ел бесігі» жобасы бойынша тізімге ілінген елдімекендер бір-ақ рет қаржыландырылады. Көтеремнің күйін кешіп отырған ауылдарға 526 млрд теңге қай жартығына жамау болмақ? – дейді депутат.

          Бүгінде Қазақстанда жалпы саны 6295 ауыл бар десек, тек соның 3500-іне «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында қаржыландырылған. Ел аумағындағы 2795 елдімекен иесіз иен далаға айналмақ па? Бұдан шығатын қорытынды, Ұлттық экономика министрлігі президенттің пәрменін елең қылмағаны ма? Мемлекет басшысы үкіметке ауылға назар аударуды шегелеп тапсырғаны түнеугүні ғана емес пе еді? Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасынан кейін ауылды оңалтуға ел қазынасынан биылға 200 млрд теңге бөлінді. Соның 9 млрд теңгесі Қарағанды облысының ауылдарына берілді. Бірақ шөкімдей ақшамен қай ауылды қарық қылмақ?

          Бұл орайда, ауыл проблемасын бес саусағындай білетін тәжірибелі маман:

— Негізі идеясы дұрыс бағдарлама. Бірақ жобалау механизмі шикі. Екіншіден, жобаны жергілікті жерде іске асыруда қарама-қайшы түйткілдер бар. Шетелдік сарапшылар 3500 ауылды шағын агломерация ретінде іргелі ауылдармен неге салыстырмаған? Бір аудан – 2 млрд теңге олжалайды, екі аудан – көк тиынсыз қалады. Сонда қалай? Жауапкершілік неге сұралмайды? Облысқа қаржының аз бөлінуіне басқармалар мен әкімдер тікелей кінәлі. Өйткені олар әр ауылдың проблемасын тыңғылықты білмейді, зерттеу жүргізуге құлықсыз. Жалпақ тілмен айтқанда, «ас ішерде» керек! Менің ойымша, қырдағы ағайын 2027 жылға дейінгі «Ауыл – ел бесігі» жобасының игілігін сезіну үшін шұғыл түрде «Ауылды дамытудың» жол картасын жасау керек, – дейді біздің тұрақты спикеріміз, ауыл шаруашылығы саласының үздік қызметкері, қоғам белсендісі Ниқан Омарханов.

          Бажайлап қарасақ, бізде оңған жоба жоқ екен. Еліміздегі ауыл шаруашылық және Ұлттық экономика министрлігінің «өгіз өлтіріп, арба сындыратын» жоспарсыз жобалары мен быж-тыжы шыққан бағдарламаларының зардабы тағдырын ауылға байлаған жастар мен жас ұрпаққа зауал болғалы тұр. Айтпақшы, «Үміт ең соңынан өледі» деген де кіндігі ауылға байланған қазына қарттар емес пе? Мұның ақыры немен бітер екен? Қаймана қазақтың киелі мекенінің келешегін айдаладағы шетелдік сарапшылардың еншісіне беріпті дегенді естісе, қайран бабаларымыз қандай күйге еніп, не дер екен?

Тегтер: