Ауылмен қоштасу...

Танымал қазақстандық кинорежиссер Ермек Тұрсынов «Таңдау» атты жаңа кинокартинасын түсіруді бастап кетті.
Өткен аптада Ұлттық киноны қолдау орталығы мен «Тұрсыновфильмнің» ұйымдастыруымен журналистер Ермек Тұрсыновтың кино түсіріп жатқан алаңына барып, фильмнің мән-жайымен танысып қайтты.
Фильмде Нұржамал атты әйел мен кезінде оған ғашық болып, бірақ онымен отаса алмаған екі ер адамның арасындағы қарым-қатынастары мен тағдырлары бейнеленеді.
— Кино кішкентай ауылдағы қарапайым адамдардың өмірі туралы. Ешкім ешкімді өлтірмейді. Экшн емес. Жалпы, мұндай кино қазіргі уақытта сирек шығып жатыр. Киноны түсіруге түсірілім тобы жақсы жиналды. Әсіресе продюсер, оператор, бас оператор және шетелден келген белгілі режиссер де бар. Актерлер өте жақсы таңдалынып алынды. Жалпы айтқанда, бәрі бір-біріне сай. Негізінде, кино драма түрінде түсірілген. Арасында комедия да бар. Күлдіре отырып, ойландыратын да жері бар. Ауылдың мәселесі болса да, фильмнен үлкен мемлекетіміздің тағдыры да астыртын көрініп тұрады. Бұл оқиға, қысқаша айтқанда, ауылмен қоштасу деуге де болады.
Байқасаңыздар, бұрынғы ауылдардың жұрнағы да қалмаған. Кино түсіремін деп, Қазақстанды екі рет айналып шықтым. Сол кезде ауылдардың құлдырап бара жатқанына көзім жетті. Фильм де, бір сөзбен айтқанда, ауылмен қоштасу деп айтылады. Шынына келгенде, ауылдың келбеті өзгергенімен, адамдардың табиғаты өзгермеген. Бұрынғы ауылдың бәрі қирап жатыр, су да, жол да жоқ. Кейбір кездері шам да өшіп қалады. Сол себепті түсірілім өтетін жерді іздеп жүріп, ұзақ таңдадық. Жаркент маңайындағы ауылдарды да аралап шықтық.
Ал актерлерді таңдауға келетін болсақ, қандай да бір кино түсірер кезде актерлердің барлығын жаңадан таңдап аламын. Бұл кинода тәжірибесі бар тек Алдабек Шалбаев қана, қалғандары жаңадан түсіп жатқан актерлер. Жас-кәрісі аралас. Жоспар бойынша фильм биыл бітуі тиіс. Жалпы, фильм мемлекет қаржысына түсіріліп жатыр, – дейді режиссер Ермек Тұрсынов.
Кинокартинаның продюсері Қанат Төребай фильмді осы жылы түсіріп, бітіреміз деп үміттенеді.
— Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығында 41 жоба бар. Оның ішіне деректі фильм де, анимациялар, толықметражды фильмдер, дебютты фильм мен қысқаметражды фильмдер кіреді. Олардың бюджетіне келсек, әрқайсысы фильмнің тақырыбына байланысты бағалары да әртүрлі. Деректі фильмдер мен қысқаметражды фильмдер 10 миллионнан басталады. Ал Ермек Тұрсыновтың қазіргі уақытта түсіріп жатқан фильмі 400 миллион теңге болады, – деді продюсер.
Фильмде басты рөлді сомдаушылардың бірі, актер Алдабек Шалбаев жас келгенде ғашық жанның образын сомдаудың қиын екенін айтады.
— Муссолини (негізгі аты – Мұсабек) деген жағымды кейіпкерді сомдаймын. Бұл киноның негізгі бағдары жастар мен қазіргі жүйеге берер тәрбиесі мен астары көп деп ойлаймын. Бұл рөл өзім ауылда туып-өскендіктен, менің табиғатыма жақын. Сол себепті ауылда болып жатқан өмір маған беймәлім емес. Кейіпкеріме келер болсам, біздің жасымызда ғашық болу ұят, артықтау болса да, қайткенмен де образды шығару керек, – дейді актер Алдабек Шалбаев.
— Кинода ауылда жүрген қияли кейіпкер Исабекті сомдаймын. Ауылда жүрсе де, қазіргі қоғамда не болып жатқанын теледидардағы танымдық бағдарламаларды көріп, кітаптарды жастана оқитын кейіпкер. Бұл рөл өзіме барлық жағынан келеді. Өйткені өзім де білімге құмармын, экономика жөнінде сұрасаңдар экономика жөнінде, медицина жөнінде сұрасаңдар медицина жайлы айтып бере аламын. Бір қалыпта ғана қалмай, барлығына мән беріп жүргім келеді. Өмірдің өзі қызық қой. Өмірдің неше түрлі құпиясына құмар кейіпкер Исабек маған ұнап жүр.
Студент кезімде достарым маған Что? Где? Когда? деген карикатура жасаған. Онда көзімде көзілдірік, қолымда кітап алып, жүгіріп бара жатқанымды бейнелеген. Сондықтан Ерекең мені осы рөлге таңдады. Бірақ басында осы рөлге мені ала ма, алмай ма деген үміт пен күмән болды. Кейіннен грим жасап, өзгеше киім кигеннен кейін кастингтен өтіп кеттім. Бұған дейін де Фархад Шариповтың, Ақан Сатаевтың фильмдері мен сериалдарда эпизодтық рөлдерді сомдағанмын. Бұл менің ең алғаш ойнаған басты рөлім.
Сюжетке келетін болсақ, ортамызда Нұржамал деген әйелге Мұсалин екеуміз қырындап жүреміз. Оның көңілінен шығу үшін мен құлпынай апарсам, Мұсалин бал апарады. Оқиға солай жалғаса береді. Қысқаша айтқанда, Мұсалин екеуміздің арамызда бәйге жүріп жатыр. Кино жарыққа шыққанда көрермен өзі бағасын бере жатар. Кинодағы қиыншылықтарға келетін болсақ, орыс тілінде оқығандықтан, маған қазақ тілінде рөл сомдау жағынан қиындықтар болып жатыр. Сонда да рөлді сәтті алып шығуға тырысып жатырмын, – дейді екінші басты кейіпкерді сомдаушы актер Мұрат Бекқожин.
«Режиссер Ермек Тұрсыновпен жұмыс жасаған қиын ба?» – деген сұраққа актер жылы лебізін білдірді.
— Ермек Тұрсыновтың бір ұнайтын жері – талапшылдығы. Өзінің ойындағы кейіпкердің негізгі қырын шығарғысы келеді. Оның бәріне көнеміз. Өйткені бұл кісінің қолтаңбасы өте сауатты. Артық-кем сөзі жоқ, кейіпкердің рөлін сәтті шығару үшін барынша тырысады. Ермек Тұрсыновқа ауылдың тақырыбын көтеріп, кино түсіріп жатқанына рақметімізді айтуымыз керек. Өйткені урбанизация заманында ауылдардың көбісі қаңырап қалды. Не су жоқ, мектептер дұрыс жұмыс істемейді, денсаулық сақтау орындары нашар. Халықтың барлығы қалаға үдере көшуде. Негізінен, мұның барлығы үлкен трибуналарда «Дипломмен – ауылға!», «Ауылым – алтын бесігім» деп ұрандап жатқанымен, бұл жай ғана сөз болып қалып, айтылып жатқан жұмыстың ешқайсысы да жасалынып жатқан жоқ. Бала кезімде ауылда спорт алаңдары, мәдениет үйлері жүйелі жұмыс істеп тұратын. Қазір ауылдың барлығы қаңырап, өткен ғасырға қайта түсіп барады. Осының барлығын режиссер фильмде көрсетіп, кейіпкер Исабектің тілімен жеткізіп жатыр, – деп, актер Мұрат Бекқожин режиссерге ризашылығын білдірді.
Жұмысын бастап кеткен кинокартина Алматы облысының Жамбыл ауданы Бесмойнақ ауылында түсірілуде.