Ауылым – алтын қазығым

Ақындығы бір бөлек, ұстаздығы бір бөлек тұлға
«Ел іші өнер кеніші» деп тектен тек айтылмаса керек-ті.
Небір өнер иелері, жыр сүлейлері ауылдан шықты. Әлі де ауылда. Сондай азаматтардың бірі һәм бірегейі, елге танымал тұлға, жасы сексен алтыға келген Жабайыл Бейсенов ақсақал. Ақындығы бір бөлек, ұстаздығы бір бөлек. Жұрт Жабайыл ақсақалды барлық ауылдың әнұранына айналған «Ауылым» әні арқылы біледі. «Кіндігімнің жас қаны, Тамған жерім ауылым» деп келетін ғажайып әнді ол 1972 жылы жазған екен. Содан бері туған жерін, ауылын аңсаған бүкіл қазақтың шырқап салар әніне айналған. Жабайыл Бейсеновтің аталары ХІХ ғасырдың соңына қарай Жарма өңірінен Қытайдың қазіргі Шыңжан өлкесіндегі Іле Қазақ автономиясының Тарбағатай аймағына қоныс аударған екен. Жабайыл сол жақта 1935 жылы дүниеге келіпті. Әлде жастайынан сөз қуған ділмәр -шешен, ақын-жырауларға жақын болғандықтан ба, әлде Алланың бойға берген қасиетінің арқасында ма, толғағы келіп қалған жыр жолдарын ыңылдап әнге айналдырып, лаж болса қағазға шимайлап жататын. Арғы бетте жүргенде атамекенді аңсаудан талай өлең жолдары көкейге құйылды. 1962 жылы Қытай мен КСРО шекарасы бірер айға ашылған кезде, ел-жұртпен ілесіп бері өтті, Алакөлдің жағасындағы Жарбұлақ ауылына (қазіргі Қабанбай) тұрақтап қалды. Сол ауылда шаңырағын тіктеді, керегесін кеңейтті, ұрпағын өрбітті. Ұзақ жылдар ұстаздық ете жүріп, қолынан қаламын тастамады. «Ауыл әуендері», «Алтын бесік ауылым», Алакөлім аяулым», «Күнгейім менің», «Балалық қызық, бал күндер», «Тасадағы тұма», «Жырлайды жылдар» атты жыр жинақтары жарық көрді. Оннан астам әннің мәтінін жазды. «Ауылым» әні халыққа кеңінен танылды. Ақынның елі үшін еткен еңбегі елеусіз қалған жоқ. «Халық ағарту ісінің үздігі», Үржар ауданының «Құрметті азаматы», «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері атанды. Бұдан да өзге марапаттары жетерлік. Төменде арда азамат Жабайыл Бейсеновтің бір топ өлеңдерін беріп отырмыз.
САҒЫНДЫМ АЛАКӨЛІМДІ
Бесігім болып толқының,
Айдыныңда толқыдым.
Жағаңа шықсам жатушы ем,
Аймалап құмның қолтығын.
Көгілдір дүние күллі алап,
Өзіңе тартып мұндалап,
Көз айырмай жаттым-ау,
Көкке де үнсіз мың қарап.
Жаз болса тұрып ақ таңнан,
Күндерім аз ба баптанған.
Ыстығың қандай тамаша,
Сүйсініп денем қақталған.
Сағынып жылда келемін,
Жатқанда толып кемерің.
Табылардай өзіңнен
Аңсаған барлық керегім.
Көңіл мен көздің әлегі,
Қызың да ару әдемі.
Көз тастайды ұрлана,
Жігітті көрсе дәмелі.
Болсам да қанша көнімді,
Шаттығым тасып төгілді.
Ойласам ойдан кетпейтін,
Сағындым Алакөлімді.
ЕЛ БОЛАТЫН ЕЛДІҢ ІСІ – БІРІГУ
Ауыр күндер басып үнсіз еңсемді,
Жұтты қанша ғұмырымды өлшемді.
Сені әкемдей құшақтайын аймалап,
Азаттығым, еркіндігім, келші енді.
Сиқыр заман сыр алдырмай құбылды,
Жақсысы елдің жау атанып қуылды.
Сырттан кірген кеуделілер басынып,
Иемденді құнарлы жер нуымды.
Кімдер ұқпай, кімдер мұны ұғынды,
Біле бермес кейінгі ұрпақ бүгінгі.
Шетке қашып тастап атамекенін,
Талай қазақ ертеңінен түңілді.
Жеткен шеттен бір ұлымын солардың,
Ойлап кетсем көкірегіме толар мұң.
Соны мін ғып түрткіледі талайлар,
Сондықтан да шамкөс болсам болармын.
Айта берсін ақыл-есі жоқ болса,
Кеуде тосам мейлі сөзі оқ болса.
Елдің шайқап кете ме екен ырысын,
Тозған қазақ қайта оралып топталса.
Ел болатын елдің ісі – бірігу,
Жүрсін аулақ жала, жанжал, бүліну.
Аталғаннан не табады бұл қазақ,
Бірі – рушыл, бірі – ішмерез, бірі – қу.
Сөгілдіріп қолқа, жүрек, бауырды,
Сан көтерген ел едік қой ауырды.
Көрейікші нарық деген тұлпарын,
Ойнақтатып жетіп келген дәуірді.
Жастар, жастар, бірақ асып-тасыма,
Алдыға түс, кел де әдеппен қасыма.
Менікінің бәрі ертең сенікі,
Алтын сарай орнатса да басыма.
Азат елдің азаматы атан да,
Арманыңды биік ұста қашанда.
Саған тиген егемендік бақытын,
Өстік біз де, көрмей ата-бабаң да.
ШҮКІР ҚАЗІР
Ғұмырымның айын, жылын тонап күн,
Жетер ажал, келмесе де жолатқым.
Тайып көзден сан мыңдаған кетермін,
Білем, білем бұл өмірге қонақпын.
Үлпілдеген аппақ шашы ақ басым,
Қағар болып ол дүниенің қақпасын.
Өлген жанға бәрібір ғой, ағайын,
Арттағы ел даттасын не мақтасын.
Шулы өмірден ұзап барып бұрылыс,
Топырақты жамылармын бір уыс.
Мен ғана емес ортақ күллі адамға,
Өзгермейтін бұл дағы бір құбылыс.
Дейсіңдер-ау, айтпағың не сондағы,
Өлең еді бар бақытым қолдағы.
Өзімменен көрге бірге көмілмей,
Елімменен қалса бірге болғаны.
Қаншама жыл ғұмырымды арнадым,
Кең дүниені оймен кезіп шарладым.
Бақсы құсап бала жастан жын қуған,
Өз жынымның мен де артынан қалмадым.
Не сиқыры бар екенін білмедім,
Жаздым, жырттым, лақтырдым, тілдедім.
Сорлы басым құтыла алмай сонда да,
Өмір бойғы болды азабым бұл менің.
АУЫЛДЫҢ АЛУАН КҮНІ БАР
Қызығын көріп қыруар
Ауасын жұтып тынығар.
Есімнен әсте кетпейтін,
Ауылдың алуан күні бар.
Ырқына таңның көнеді,
Әуелі қойлар өреді.
Әжелер тұрып еңкеңдеп,
Жаяды құртқа өрені.
Мал көктейді даланы,
Күзетші тыным алады.
Ұясына лып етіп,
Иттер бұға қалады.
Біреумен біреу беттеліп,
Қимылдар оқыс кептеліп.
Байланады белдеуге,
Мініс аттар ерттеліп.
Оянып сергек құлағы,
Әжелер тұрар қырағы.
Көңілі толып әр іске,
Әр шаққа ойын бұрады.
Ұйқыға жатқан бағана,
Атып тұрып бала да.
Айқай шуға ілесіп,
Жүгіреді далаға.
АУЫЛЫМ – АЛТЫН ҚАЗЫҒЫМ
Тау-тасыңды айналам,
Жазыққа шықсам жайланам.
Жылғаларды кеземін,
Қояндар жортып ойнаған.
Балалық жынды қуалап,
Басымды ойын дуалап.
Әрі-бері шабамын,
Қозы-лақты қуалап.
Ауылым, саған ырзамын,
Жемісін жейтін, азығын.
Кете алмайтын алыстап,
Ауылым – алтын қазығым.
КӘРІЛІК
Деме есіп, қуатым әлі мықты,
Айналдырма ойынға кәрілікті.
Жетіп едім жетпістің биігіне,
Жын-шайтанның бойдағы бәрі бұқты.
Тоңдырды қара суық бүріп күзгі,
Пеш түбіне әкеліп отырғызды.
Айналдырып баяғы ескі шаншу,
Әр жерінен қояды сұғып бізді.
Өзіме аян басқаға білінбейді,
Әлсіреген аяқ-қол дірілдейді.
Қу кемпірлер кездесе қалған тосын,
Өп-өтірік жымиып күлімдейді.
Налып іштей бұған да қамығамын,
Қыс секілді томсарып қары қалың.
Барып-барып алдансам бір нәрсеге,
Көңілсіздік күйімнен арыламын.
Күн кеш кірсе түн басып, таң атпайды,
Екі көзім жан-жаққа алақтайды.
Қара шашы түнерген қара түннің,
Кірпіктерін сабаулап тарақтайды.
Түспеген соң ажалдың аранына,
Тырбанамын демімді аламын да.
Төрде отырған төрелер мені қайтсін,
Қарата алмай жүргенде қараны да.
Бүйткен тірлік әрине, кімге ұнар,
Арылмаса басыңнан күнде мұнар.
Дауасы жоқ кәрілік дертпен бірдей,
Мұжып-мұжып бір күні алып ұрар.
Күй екен ғой бұл да бір мүсәпірлік,
Арылмайтын басыңнан құса тірлік.
Қуанасың жылы сөз айтса біреу,
Салатұғын таңдайға мүсәтірлік.
Қартаймасқа бірақ та праваң жоқ,
Тұрып қалған жас күйі бір адам жоқ.
Дүниенің не жетсін жарығына,
Қуанасың жүргеніңе тірі адам боп.
КЕЗІП КЕТКІМ КЕЛЕДІ
Жас ұлғайып бұл жүрек,
Салқын тартып жүр жүдеп.
Отыратын күн қайда,
Бірде шалқып, бірде үдеп.
Сайранды жаз өткендей,
Сабырлы күз жеткендей.
Бар құштарлық ойысып,
Балаға ауып кеткендей.
Малып ыстық жалынға,
Құлай сүйген жарым да.
Мені емес кенжесін,
Аймалайды жанымда.
Қарап қойып балама,
Тіл қата алмай анаға.
Кезіп кеткім келеді,
Жастықты іздеп далаға.
ІЗДЕП КЕЛЕМ
Нағыз досым өмірде болған емес,
Десем ұқпай тарата ма ойың көмес.
Шындығы сол сенсең де, сенбесең де,
Өзіме де ар жағы бұлдыр елес.
Түсінігін әркімнің салып дауға,
Жан біткенді хақым жоқ кінәлауға.
Табыспаса қос жүрек бірдей соғып,
Көнбейтіні белгілі бұралауға.
Сырттай ғана ыржиып күлген күлкің,
Бір күні өшіп қалары әбден мүмкін.
Жақсы менен жаманды бірдей тартып,
Бірге өлетін болсашы достық, шіркін.
Талай ойды өзімше көсеп келем,
Жандар да бар алдымнан кесе өтпеген.
Амал қанша ағынан ақтарылмай,
Жүргендері қинайды есеппенен.
Домалатып ойнайтын кісі басын,
Кейбірінің ісінен шошынасың.
Доспын деген сөзіне оның қалай,
Жас балаша алданып қосыласың?..
Жауап таппай сансыз көп сұрағыма,
Толмай қалсам мөлшерлі сынағына.
Жететінін қайтерсің бір өсегі,
Жыбыр қағып ақырын құлағыма.
Ешбірінен сонда да бөлінбедім,
Арамызды ашылған желімдедім.
Қуып жүріп құшақтап өзім барып,
Жанасуға жаныммен ерінбедім.
Көп жылдарды өткеріп дүрмекпенен,
Үміт отын өшірмей үрлеп келем.
Сабақтаспен, жолдаспен бет жыртыспай,
Жылдарым көп, бірге өсіп, бір көктеген.
Көшіне еріп өмірдің тізбектеген,
Өмір бойы шын досты іздеп келем.
Жақсылықтар жанымды жадыратсын,
Құрсын күндер көңілден мұз кетпеген.
ҰСТАЗДАН АСЫЛ ЖАН БАР МА?
Батырды айтсам, балпаңды айтсам алдымен,
Біраз жерге барар еді әңгімем.
Қарапайым ұстаз жайлы сөйлейін,
Қадірлейтін басымды иіп мәңгі мен.
Бастасам да болар еді арғыдан,
Кім өтпеді ұстаздардың алдынан.
Талай жанның көкірегін ашқан сол,
Надандықтың ұйқысынан қалғыған.
Бастарына олар тәжді кимеген,
Басқалардан болуды артық сүймеген.
Қарапайым еңбегімен азапты,
Адам үшін құдық қазды инемен.
Тәрбиелеп елдің сәби баласын,
Ақыл ойын жетілдіріп санасын.
Адамзатқа түсіндіріп келеді ол,
Жақсылық пен жамандықтың арасын.
Ұстаз аты ескірмейді көнеріп,
Ел ішінде жүрмесе де еленіп.
Ұлылардың ұлысы ғой ұстаздар,
Жүру керек зор құрметке бөленіп.
Қай қырынан қарасаң да үңіліп
Ұстаздықтың тұла бойы ұлылық.
Оны көрсең сәлемдеспей өтпегін,
Басқа жаннан кетсең-дағы бұрылып.
ЖАСТЫҚ
Ол кезде албырт жас едім,
Жастықтың отын көседім.
Күндіз түні жайылған,
Жиылмады төсегім.
Ұрынбас жерге ұрындым,
Бұрылмас жерге бұрылдым.
Сондағы сиқын бір келіп,
Көрсең-ай менің түрімнің.
Ар жағын сөздің қозғама,
Атанғым келді бозбала.
Қызды ауылға қырындап,
Күндер кештім азғана.
КӨК ТЕРЕЗЕ
Ғұмырымның таусылмайтын жыр-әні,
Көз алдымда көк терезе тұрады.
Бізден оны қорғаушы еді қызғанып,
Сол үйдегі кемпір мен шал қырағы.
Кірісе алмай басылдық та жең түріп,
Қамауда қыз, далада біз ентігіп.
Қайтатынбыз түні бойы сенделіп,
Өзімізді ақылға әзер жеңдіріп.
Амал нешік, жүрек талай езілді,
Бір мазасыз ойлар жеңіп сезімді.
Алай-дүлей күйге түсіп тербеніп,
Есіме алсам сол бір бала кезімді.
Кемпір мен шал арыла алмай әдеттен,
Қанға сіңген мен де аса алмай әдептен.
Жастық шақтың бір қызығын тойлаппыз,
Осылайша алпарысқан әлекпен.
Бәрі ескіріп қалғанымен бүгінде,
Дейді кімдер өткеніңе үңілме.
Еске түссе ауыр-ауыр күрсінем,
Тұрған кезім көк терезе түбінде.
Ауылда тудым
Ауылда тудым, ауылда өсіп келемін,
Кездім шарлап ойлы, қырлы белеңін.
Тұнық суын, таза ауасын сімірдім,
Ауыл маған берді барлық берерін.
Тоғайынан теріп жедім жидесін,
Ұшқан құсы қорымасын, тимесін.
Қиқы-жиқы араласам бұтасын,
Аяғыма қадамады инесін.
Тұрған кезде ашық маңай гүл атып,
Ауылымды қалам тіпті ұнатып,
Жерде жатқан тасымен де ойнаймын,
Бірін өрден, бірін беттен құлатып.
Ауылымның сан түкпірін таптадым,
Асқар тауы болды биік мақтаным.
Ыстық күнде жазық жерден тайсақтап
Көлеңкелі саяладым бақтарын.
Саздау жердің кешіп өтіп шалшығын,
Жалаң аяқ көп иледім балшығын.
Жыра-жықпыл сайларды да қуалап
Бүлдіргенін теріп жедім бал шырын.
ҚАЗАҚЫ МІНЕЗ
Ғажайып қой қазақы мінез деген,
Қызықтасаң аласың лезде дем.
Мұндай дарқан халықты табармысың
Адал, аңғал, баладай жүрегі кең.
Топырлайды той десе бірі қалмай,
Жатқан кезде өзге жұрт біріге алмай.
Шашып жүріп табысын оңды-солды
Тойлайтыны тойларды ірі қандай.
Алаламай ағын да, қарасын да,
Жатсынбайды басқа ұлттың баласын да.
Көңілі тасып әр күні бір жасайды,
Атқа шапса көсіліп даласында.
Көшкен кезде тау асып, сайды бойлап,
Тай-құлындар жарысып, салып ойнақ.
Көкірек кере тағы да шаттанады
Кеудесіне нұр толып, ағым ойнап.
Боямайтын бояумен еріндерін
Қадірледі ибалы келіндерін.
Ар-ұяттан әдепті артық көрген,
Қасиетті аман бол, елім менің.
Әдеп сақтап қызға да тиіспеген,
Көре қалса жабысып сүйіспеген.
Қанша үздігіп тұрса да жан -жүрегі,
Маңдайынан ақырын иіскеген.
Қайғы жұтқан қаңғыртпай жесірлерін,
Жетеледі жеткізіп жетімдерін.
Алақаны сипаудан босамаған,
Сәбилердің ұйысқан кекілдерін.
Сусын беріп ыстықта қаталаған,
Ардақ тұтып үлкендерін «аталаған».
Айналайын, елімнің дәстүрінен,
Атын да оның баттитып атамаған.
Атын қосып бәйгеге көкпар тартты,
Қыран құс пен тазыға құмары артты.
Бұлдырлаған болжады ертеңгісін,
Шаша салып алдына құмалақты.
Жаны құмар қашан да жаңалыққа,
Ойы ұшқыр айтқыштық, даналыққа.
Мұндай мінез тек қана қазаққа тән,
Кең даласын толтырған сан алыпқа.