«Ауылым – берекенің ақ бесігі»
Пандемиялық індеттен кейін биыл «Қызылорда қаласы күнін» мерекелеудің мәні ерекше боп тұр.
Енді бір ай бойы түрлі форматтағы іс-шаралар тынымсыз өткізіледі. Әлқисса беташарын «Ауылым – берекенің ақ бесігі» атты этно бағыттағы мерекелік іс-шара бастап берді. «Сыр ана» монументінің алаңында он мыңнан аса тұрғынның қатысуымен ұйымдастырылған ерекше шараға облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, айтыскер-ақын, Гиннестің рекордтар кітабына енген «1000 күбі» жобасының авторы Аманжол Әлтаев және басқа да зиялы қауым өкілдері мен қала тұрғындары қатысты. «Абай-Дәулет» ЖШС-ның қолдауымен ұйымдастырылған жиында 40 қазан күріш басылып, палау басатын аспаздар сайысқа түсті. Аймақ басшысы қызылордалықтарды қала күнімен құттықтап, күрішті аймақта палаушылар сайысының түптамыры ұлттық салт-дәстүрмен сабақтас екендігін жеткізді.
– Қызылорда – тарихи астана, ұлтым деп соққан ұлы жүректердің, Алаш арыстарының ізі қалған қасиетті жер! «Қала күні» мерекесін тойлау – әрбір жерлесіміз үшін маңызды, әрі мерейлі сәт. Бір ай көлемінде түрлі сипаттағы ауқымды іс-шаралармен жалғасатын думанды басқосулар берекелі күздің «Алтын дән» мерекесімен сабақтасады. Ақ күріштің аймағы атанған айтулы Сыр елінде палау пісірушілердің басын қосқан үлкен сайысты этноауыл форматында ұйымдастырудың символикалық мәні бар деп санаймын, – деді Н.Нәлібаев.
Мерекелік басқосуда Аманжол Әлтаев думанды шараның мән-маңызы ерекше екенін тілге тиек етті.
– Дарияның қос қанатына қоныстанған Қызылорданың қала күні мерекесі құтты болсын! Сырдың ақ күрішін ойымызға алған кезде күріштің атасы Ыбырай Жақаев жүрегіміздің төрінен орын алады. Атамыздың жолын жалғап, баба аманатын арқалаған диқаншылар үлкен еңбек көшінің басында келеді. Сыр елінің күріші байлықтың, берекенің белгісі. Бүгін 40 қазанға палау пісіріп, елдің берекесі молая түссе екен деген игі бастама қолға алынған екен. Елдің берекесі тарқамасын, ырысы ортаймасын, – деді Аманжол Әлтаев.
Этноауылда Ы.Жақаевтың «Күріш туралы толғанысынан» үзінді, дәстүрді насихаттайтын ауыл жастарының алтыбақан астындағы көңілді кешінің көрінісі, ақындар айтысы, «Бауырсақ PARTY», «Шұбат – қымыз FEST», «Қауын – қарбыз FEST» фестивальдерімен жалғасты. Сондай-ақ бір мезетте 10 мың тұрғынға арналған 40 қазан күріш басылып, палаушылар сайысының жеңімпаздары анықталды. І орын иеленген азаматқа 150 мың теңгенің сертификаты табысталып, мерекелік жиын концерттік бағдарламамен аяқталды.