«Ауылым да, әкемнің қабірі де жоқ»

Көрнекті ақын, драматург, сазгер Исраил Сапарбайдың сұхбаты қаламгер өмірінің тағдырлы сәттерінен тұрады.
Алғашқы жинағы – «Аққу арманның» кешігіп шығу тарихы, Бейбіт Сейдуалиева орындайтын «Ностальгия» әнінің үлкен конкурстағы тағдыры көрермен ықыласын тудыратыны анық.
Сырбай Мәуленов, Қасым Қайсенов, Қабдыкәрім Ыдырысов, Шерхан Мұртаза сияқты алдыңғы буын ағаларының алақан жылуын көрген ақынның Алматыға келуі де бір хикая.
Поэзия, драматургия, музыка, публицистика жанрларының тізгінін тең ұстаған қаламгердің қазіргі берілетін сыйлықтарға да көңілі толмайды. Мемлекеттік сыйлықтың берілу тәртібін өзгерту керек деп есептейді.
– Аға, «Ностальгия» әні сіздің әндеріңіздің ішіндегі бөлекше шығарма. Осы әннің тарихы қалай?
– Бір кездері Алматы облысының әкімі болған Заманбек Нұрқаділов ән конкурсын ұйымдастырды. Оның азаматтығы – сол. Ол Мақпалға тегін үйленіп жүрген жоқ. Өзі де сахнаға шыққан. Өнерге жақын адам. Трагедиялы фигура. Мақпалға үйленбестен бұрын, өнер оның бойында бар екен. «Жігітке жеті өнер де аз» деген. Ол бәйге жабық болды. Музыканың жеті-сегіз жанры бойынша үлкен сайыс болды. Жүлдесі қомақты еді. Екі мыңнан астам ән түсіпті, соның тоғыз жүз тоқсанын алғашқы сүзгіден өткізіп, қазыларға ұсынды. Бір күні мені шақырып, «қазылар алқасының мүшесі боласыз» деді. «Бұрын қазылар бәйгеге қатыспайтын. Бірақ сіздер бұл бәйгеге қатысыңыздар. Сіздерсіз қалай болады?» – деді.
Қазылар алқасында жиырма шақты адам болды. Төрағамыз – Еркеғали Рахмадиев. Ескендір Хасанғалиев, Кеңес Дүйсекеев, Бейбіт Оралұлы, тағы басқалары бар. Бір-бірімізге айтқан жоқпыз, бәріміз қатыстық. Мен төрт әнмен қатыстым. Ескендір Хасанғалиев 5-6 әнмен, Кеңес Дүйсекеев 4-5 әнмен, Дәлденбай 6 әнмен қатысыпты. Бірақ ешқайсымыз білмейміз.
Ұзын-ырғасы бір жарым ай отырдық. Таңғы сағат оннан бастап, кешкі төрт-беске дейін отырамыз. Жалықтық. Өзіңнің әнің орындалған кезде айта алмайсың, ішіңнен тынасың. Әбден жалыққан соң, кей әндердің бірінші шумағын ғана тыңдап, тоқтатамыз. «Ностальгия» лирикалық ән ретінде қатысты. Орындалып жатыр. Бір кезде Еркеғали ағамыз бірінші шумағы орындалған соң, тоқтатты. «О, атының өзі оригинальный екен» деді. Әннің тағдыры адамның тағдыры сияқты екен. Жарым-жартыкеш боп қалды ғой деп ойладым. Бір уақытта Кеңес Дүйсекеев: «Ераға, бұл ностальгия ғой. Бұны бастан-аяқ тыңдау керек», – деді. «Жарайды, Кеңес айтса тыңдаймыз» деп, аяғына дейін тыңдады. Қуанып қалдым. Кейін осы ән лирикалық бағытта бірінші орын алды. Азаматтық бағыттағы тағы бір толғауымды («Елдік толғауы» деген) Тоқтар Серіков айтқан, ол да бірінші орын алды. Тағы бір әнім екінші орын алды. Мұндай бәйге бұдан кейін болған жоқ.
– Иә, қызық бәйге екен. Өзің қазы, өзің қатысушы.
– Иә. Жүлдесі де қомақты еді, ақын, сазгерлер жарып қалды. Бұл – Шәмшінің «Серенадасы» сияқты көктен түскен ән.
– Кімге арнадыңыз?
— Бұл әнді бәленшегүлге арнадым деп айта алмаймын. Қазақ қыздарының ішкі дүниесін ақындардай ешкім түсінбейді. Соны айтқым келді.
– Өзбекстандағы елшілікте жұмыс істедім дедіңіз. Сізге бұл жұмысты кім ұсынды? Неге Өзбекстанға бардыңыз?
– Өзбекстан – өзімнің туған жерім. Самарқанд уәлаятында туғанмын. Ашаршылық кезінде аталарымыз Түркістаннан Самарқандқа өткен. Неге сол жерге барғанын әлі күнге дейін білмейміз. Сонда тудым, әкем сонда қалды. Шешем 32 жасында төрт баламен жесір қалды. Кейін Мырзашөлге келіп қоныстандық. Түркістанға жете алған жоқпыз.
Өзбек тілін жақсы білемін. Үш том шығармалар аудардым. Сыртқы істер министрлігіне құжатымды өзім өткіздім. Ол кезде Қасым-Жомарт Тоқаев министр еді. Сегіз ай жүріп қалдым. Аппаратта жұмыс істеу өте қиын. Бірақ көп тәжірибе алдым. Бір күні Қасекең шақырып алды. «Исеке, қағаздың бәрін көрдім. Көп жұмыс істепсіз, көп тәжірибеңіз бар екен. Қай жерге барасыз – сіздің еркіңіз. Америкаға барасыз ба, батысқа барасыз ба, шығысқа ма?» – деді. «Менің бұл жаққа келу себебім аппаратта жұмыс істеу емес еді. Бірақ рақмет. Сегіз ай жүріп қалдым. Америкаға бару үшін ағылшын тілін білуім керек. Оны білмеймін. Ал өзбекше өте жақсы білемін. Мінездерін де, менталитетін де білемін. Сол жаққа барайын», – дедім. «Ондай болса, тіпті жақсы» деп, мені сонда жіберді. Бірақ елшімен арамызда конфликт болып, үш жыл жұмыс істей алмадым. Бір жарым жылда қайтып кеттім.
– Ол кезде елші кім еді?
– Өмірзақ Өзбеков деген кісі. Бұрын Алматы облысының әкімі болған. Өзі бір ауыз өзбекше білмейтін. Қазір білмеймін, бұрын елшіліктегі қыз-жігіттердің бәрі орысша сөйлейтін. Ал өзбек ағайындардың бәрі өз тілінде сөйлейді. Ол жақта орысшамен жұмыс бітпейді. Мен барғанда ұжымның бәрі маған ауып кетті. Менің ақындығым бар, әнім бар, оның үстіне ол жақтағы жұмыстарды көбіне өзбек тілін білетіндіктен, мен тындырып жүрдім. Сол жақпаған болуы керек. Пенделік, көреалмаушылық қой. «Қысқартуға түстіңіз» деп, жұмыс істетпеді. Елшіні президент тағайындайды. Маған Қасым-Жомарт Тоқаев: «Мен сізді елші қылып жібере алмаймын. Бірақ Өзбекстанға жіберемін» деген сөзімен келгенмін. Бірақ көп істей алмадым.
– Туған жеріңізге бардыңыз ба?
– Туған жеріме бардым. Самарқанд уәлаятының батыс жағында алпыс шақырым жерде екен. Мен бес-алты жасымда кетіп қалғанмын. Енді іздеп баруға мүмкіншілік болды. Қойшарбат ауданының Қызылшаруа ауылы еді. Барсам, ауыл да, әкемнің қабірі де жоқ. Теп-тегіс боп кеткен. Сол кезде өлең жазғаным бар, «Әке қабірін іздеу» деген. Әкем екі жасымда қайтыс болып кетті. Түр-түсін білмеймін. Екі рет іздеп бардым, таба алмай қайттым. Өмірімдегі бір өкінішім – сол.
Өзбекстанда ғалымдармен жиі хабарласып тұрдым. Низами атындағы пединститут болды. Қарабеков деген ғалымның үйіне барсам, Әуезовтің 183 хаты бар екен. Сол жердегі бір әйелмен хат жазысып тұрған екен. Махаббат хаттары. Соны аттай қалап оқыдым. «Мынаны сіздің атыңызға қазақшалап аударып берейін» дедім. Орысша жазылған екен. Өйткені ол құнды дүние ғой. Оны ешкімге бермеген. Бір күні барып алайын десем, айнып қалыпты. «Өзім жазамын» деді. Оны жазды ма, жоқ па, білмеймін. Менің тағы бір өкінішім – осы.
– Әйел кім екен? Оны білмедіңіз бе?
– Оны, енді, білмедім. Өзбекстанда жауапты қызметкер екен. Қазақ келіншек, аты-жөні есімде жоқ. Өкінішім сол. Сонда менің үш өкінішім бар. Үш жыл елшілікте жұмыс істей алмағаным. Үш жыл істесем, ондағы архивтен біраз құнды дерек алып шығар едім. Әкемнің қабірін таба алмадым және Әуезовтің ғашықтық хаттарынан айырылып қалдым.
– Алматыға қанша жасыңызда келдіңіз?
– Алматыға келіп-кетіп жүруші едім. Тұңғыш «Аққу арман» кітабым шыққан кезде облыстық газетте жұмыс істедім. Алғашқы кітабым бес жыл жатып қалды. Жыл сайын келем де, Жарасқан, Кеңшілік, Иранбектерді суғарып кетемін. Аналар генплан дегеннен көрсетеді. «Тұрсың» дейді. Соған мәз болып, тапқан-таянғанымды жууға жұмсап қайтатынмын. Бес жыл жатқан соң, осы мен ақын емес шығармын деп ойладым. Сондықтан шықпай жатуы мүмкін ғой. Алматыға бармасам болмайды деп ойладым. «Ақындар провинцияда туып, Парижде өледі» деген сөз бар. Алматы да солай ғой. Ақындардың қаласы. Сосын бір күні қайтсем де келем, онсыз да Шымкентте үйім жоқ, өзің сияқты пәтерде тұрамын. Ал бірақ Алматыға бармасам болмайды, не ақын болайын, не басқа болайын деп ойладым.
Сөйтіп жүргенде облыстық партия комитетінен біздің редакторға хат түсіпті. Әмірсейіт Әлиев деген керемет кісі еді. «Сен ылғи Алматыға қарап ұлып отырасың. Жағдайыңды білемін. Мүмкіндік туып тұр», – деді. «Қандай мүмкіндік?» «Жоғары партия мектебі журналистика факультетінің жалпы бөліміне екі орын беріп тұр. Соған мүмкіндігің бола ма?» – деді. Ойланбастан «барамын» дедім. «Сен ғана емес, он шақты адам бар. Соның екеуін ғана алады» деді. «Болды, аға. Маған сол орайдың өзі жетеді» деп, бардым. Сегіз адам бардық. Бәрі әңгімелесу арқылы өтеді. Алтауы қайтып кетіп, журналистика факультетінде екі адам қалдық. Содан партия мектебінде бір жыл оқыдым. Келесі жылы «Аққу арманым» шықты. Өйткені араластық, білістік. «Аққу арманның» шыққанын да білмей қалдым. Әбден түңілгем ғой. Ол түңіліс мен ақынмын ба, ақын емеспін бе деген сұрақтан болды.
Менің жасымдағы Дулаттар мен Бексұлтандар жазушылар. Маған ақын керек. Жарасқан, Кеңшіліктердің арасына қойдым да кеттім. Бала-шағам Шымкентте. Өзім бір кейуананың пәтерінде тұрдым.
– Ол кезде жариялану қиын еді ғой. Қазір өте оңай...
– Жоқ, жариялану ақындыққа байланысты. Алматыда ақындар көп. Ол кезде Сырбай Мәуленов, Ғафу Қайырбековтер бар. Оларға сәлем беріп, одаққа кіру арман еді. Қазіргі жағдаймен салыстыруға келмейді. Шетінен корифейлер еді.
Сонда маған мейірімі түскендер Қабдыкәрім Ыдырысов, Сырбай Мәуленов, Қасым Қайсенов болды. Кейін Сырбай аға мен Қасым аға менің рухани әкем болды. Менің жоқ әкемді Алматыдан таптым. Оның ішінде небір тағдырлар бар, айналайын.
– Ол кісілермен қарым-қатынасыңыз қандай болды?
— Бір оқиғаны айтайын. «Қазақ әдебиетінде», «Жалын» баспасында жұмыс істедім. Қайтып барып, «Қазақ әдебиетіне» қайта келдім. Шерхан ағаның мейірімділігін көрдім. Сонау Өскеменнен Оралханды алдырды. Бұл кісі адам таңдайды екен. Ақынсың ба, жазушысың ба, бірінші адал болуың керек. Соны таңдап-таңдап, жастарды жинады.
Ең бірінші «Жалында» істегім келді. Қайтсем де кітабым шықпай қойған «Жалыннан» бастайыншы дедім. Жұмыс істедім. Поэзия бөлімін басқардым, «Қазақ әдебиетіне» Шерағаң шақырды. Кейін қайтып баспаға бардым. Сайын Мұратбеков пен Мұхтар Мағауин ағаларым маған құда түсті. Неге екенін қайдам, маған көздері түсіпті. Жұмысқа тиянақты едім. Қайта-қайта екі жақта ауысып жүрдім. Кейін қарасам, мен қақпақылға түсіппін. Пендешілік қой. Шерағаң бастаған топ бар екен, Мағауин бастаған топ бар екен. Бір күні Мағауин айтты: «Әй, Исраил, сені үшінші рет шақырып отырмыз. Саған құда түсіп отырғанымыз – «Жазушы» баспасы деген бар. Ертең осы жерден кітап шығарасың. Егер шақырғанда келмесең, кітабың шықпайды» деп кесіп айтты.
– Мағауин айтты ма?
– Иә, сөйтіп айтты. «Ертеңіңді ойласаң, кел» деді. «Жиырма-отыз шақты тізім тұр. Соның ішінен сені таңдап отырмыз» деді. Таңғалдым. Бәрі шетінен сен тұр, мен атайындар. Кейін барып білдім, екі топтың арасында ыңғайсыз жағдай бар екен. Айтуға да ыңғайсыз.
– Болады ғой ондай..
– Иә, мен ондай қақпақылға түсіп қалғанымды кейін білдім. Сонда амал жоқ. Шерағаңа айтайын десем, кіре алмаймын. Ол жақтан мені қуып жатқан ешкім жоқ. «Қазақ әдебиеті» деген Жазушылар одағының органы ғой. Сосын амалдың жоғынан кірдім. «Кешіріңіз, «Жазушы» баспасынан Сайын ағамыз қолқалап отыр», – деп ем, қабағын түйіп қалды. «Онда бар. Шақырса бару керек», – деді. Шығып бара жатыр едім, екінші есіктен Оралхан шықты. «Ай, Исраил, қайта келер есікті қатты жаппас болар», – деді. «Мен қатты жауып жатқан жоқпын ғой», – десем, «Сен оны түсін», – деді. Білген екен ғой. Айта алмайды. Араларында бір пендешілік бар. Екі жылдан кейін Шерағаң қайта шақырып алды. «Біздің арамызда сондай пендешілік бар. Сендер ондай болмаңдар», – деді. Шерағаңның мықтылығы осы. Алматыға келгенде жақсыны да, жаманды да көрдім.
Сол кезде «Жұлдыз» журналына бір топтамам шықты. Ол уақытта пәтерде тұрамын. Кейде Иранбектің, кейде Несіпбектің үйіне жатып қалатынмын. Әңгімеміз таусылмайды. Бірде Иранбек екеуміз ұрттап қойыппыз. Мен көтере алмайтынмын, ауырып қалатынмын. Анау: «Онда тұрған не бар? Екеуміз доспыз ғой», – деп ішкізеді. Қалың сәскеде тұрсақ, бас деген кетіп барады. Ол кезде сыра алу үшін екі көшенің ортасы кезек. Түсте барсақ, қаптаған адам. Ардагерлер кезексіз алады. Екі жақтан да кіріп алып жатыр. Орден, мадальдарын тағып алып, кіріп кетеді. Сөйтсек, олар да ұрттайды екен, олардың да басы ауырады екен. Иранбектің айтқаны бар сонда: «Осылардан-ақ көрдім ғой. Орден-медальдарын тағып келеді. Немістер жеңгенде екеуміз ана жерде Баварияның сырасын ұрттап отырар едік» деп айтып қалды. «Қой, ақсақалдардан ұят қой. Солардың ерлігі себепті жүрміз», – дедім. Содан кейін «Екі түрлі түсінік» деген өлең жаздым.
Біріншісі Иранбектің айтқан сөзін аузына салып, екіншісі өз ойымды. Жаңағы топтаманың ішінде ол да кетті. Шыққаннан кейін бір күні Сырағаң хабарласты: «Әй, Исраил, сені момын, жуас деп жүрсек, жуастан жуан шығады екен ғой. Сенің мұның не? Біздің орден-медальдарымызды қаңылтыр депсің. Өзімізді «егістікке қойған қарауыл» депсің», – деді. Жүрегім тоқтап қала жаздады. «Ойбай, Сыраға, ондай қайдан айтам, сіз менің әкемсіз ғой». «Жоқ, жаңа ғана Қасым Қайсенов хабарласты. «Исраил бәрін бүлдіріпті» деп жатыр», – деді. Бұл қалай? Мүмкін емес. Бір кезде Қасым аға өзі хабарласты. «Әй, дорогой, мұның не сенің?» – деді. Мен түсіндіріп айтайын десем, түкке түсінбеймін. «Сен журналға өлең шығарыпсың ғой. Онда осылай-осылай депсің». Тура мамыр айының 6-7-сі. Жеңіс күнінің қарсаңы. «Ойбай, аға. Ол «Екі түрлі түсінік» деген өлең. Ондай жоқ» деп жатырмын. «Ертең сені жұмыстан шығару, партиядан қуу, тіпті сотқа беруі де мүмкін. Сен «Жұлдыз» журналының он шақтысын алып, секретариатқа апар, маған да әкел», – деді. Жұмыс жайына қалды. «Жұлдызды» алдым да, айтқанын істедім.
Сөйтсем, былай болған екен. Дихан Әбілев деген ақсақал болды. Ол кісі баяғы 37-жылдары да бір ыңғайсыз қадамдарға барған екен. Ол кісі өлеңді оқыған да, өзіне керегін алған. Машинкамен бастырып, жиырма шақты дананы орыс ардагерлеріне, қазақ ардагерлерге таратқан. Оны көргенде жұрттың зәресі ұшқан. Жеңіс күнінің қарсаңы. Содан арнайы Жазушылар одағының маған арналған бюросы өтті. Осындай да сұмдық болады екен.
«Бұның ескі ауруы қозған екен ғой. Баласындай адамға мұнысы несі?» деп, Қасым ағалар тездетіп Олжасқа кіріп, олай емес, былай деп түсіндірді. Орысша жолма-жол аудармасын жасап, оны тараттық. Жазушылар одағында бюро болғанда, мен кіре алмадым. Сыртта жүрдім. Екі сағат болды. Не болады тағдырым? Жұмыстан шығам ба, сотталам ба?
Бір уақытта ағаларым шықты. Сырағаң айтты: «Бәрі бітті. Дихан Әбілевке өз жолы айтылып, сөгіс берілді. Сен аман қалдың», – деді. Жүрегім орнына түсті. Ол кісілермен отырып, жақсылап атап өттік.
Одан кейінгі Кеңсайдағы оқиға. Оны айтуға болатын шығар?
– Айтыңыз, аға.
– 1986 жылғы оқиғадан соң, бір айдан кейін Кеңсайда вандализм болды. Екі жүзден астам қабірді аударып, төңкеріп кетті. Кейін төрт адамды – қазағы, татары бар, кінәлі деп соттады. Істі жапты. «Қазақ әдебиетінде» істейтін кезім. Шерағаң айтты: «Исраил, өзің бар. Сайлау Пернебаевты ертіп ал, түсірсін. Газетке береміз» деді. Барсам, масқара. Баукеңнің мыстан жасалған мүсінін қиратқан. Бәрін суретке түсірдік. Жүрек ауырады. Келген соң, Шерағаң: «Мақала жазасың ба?» – деді. «Жоқ, аға. Өлең жазамын. Жүрегім төңкеріліп түсті», – дедім. Сосын «Аманат» деген өлең жаздым. Сайлаудың суретімен бірінші бетке жарияланды. «Ұлым, мені Кеңсайға қойма, өтінем, Аулаққа да әкетпе әулетімнен» деп басталады. Жеті-сегіз шумақ өлең. Бірінші бетке шыққаннан кейін жұрттың бәрі шулады.
Екі-үш күн өткен-ді. Ойымда ештеңе жоқ. Түннің бір кезінде кейуана кісі хабарласты. «Айналайын, Исраил, сені Қаскең әкең тауып бер деп жатыр». «Не боп қалды? Ауырып қалды ма?» деймін. «Жоқ, қазір жылап отыр, мен де жылап отырмын» деді. Үйіндегі апамыз ғой енді. Телефонды өзіне берді: «Әй, дорогой, сен жүрек жұтқан екенсің. Не боп кететініңмен шаруаң жоқ. Бәрі мені батыр деп жатыр ғой. Мынандай кезде мынандай өлең жазып отырсың», – деді. Жылап тұрып айтты. Телефонды қойып кетті. Міне, ақсақалдар қандай!
– Жастарға алаңдап отырады ғой...
– Шерағаңның бірінші бетке беруі қандай! Содан басталып, жақын боп кеттім.
– «Қазақ әдебиеті» газетінде поэзия бөлімінің меңгерушісі болдыңыз. Поэзия бөлімінің меңгерушісі болу қиын еді ғой. Сіздің меңгерушілігіңіз қалай болды? Ағалармен келіспей қалған кезіңіз болған жоқ па?
– Бес жыл жатқан «Аққу арманым» жұқа, қалақтай ғана болды. Одаққа бір ғана кітаппен өттім. Бәрі алғашқы кітапқа байланысты. Алғашқы кітабың жолыңды ашады.
– Сіздердің кезіңізде Әбу, Әбділдә ақсақалдар жастарға бата беріп, жолын ашатын еді. Сіз кімнің батасын алдыңыз?
– Ол кісілер енді ақсақал ғой. Мен оларға жете алған жоқпын. Мен Құдайға мың да бір тәубе айтамын, Қуандық Шаңғытбаев ағамен жақсы араластым. Одаққа өткенде бірінші кепілдікті сол кісі жазып берді. Өзі керемет ақын ғой. Сондай адамдарды ұмытып барамыз. Екінші кепілдікті Жүсіп Қыдыр жазып берді. Ол да тамаша ақын. Үшіншісін Сабырхан Асанов жазды. Осы кісілердің ақ батасымен көгердік қой.
– Әңгімеңізге рақмет, аға. Аман болыңыз!
ƏКЕ ҚАБІРІН ІЗДЕУ
Қабіріңді мен сенің таба алмадым,
Қанатынан қайрылды-ау тағы арманым.
Алыс-жақын маңайға жаутаң қағып,
Жас ірікті кірпікке жанарларым.
Қабіріңді мен сенің таба алмадым,
Енді маған кім айтар не амал барын?
Жамыратып жасымды қозыдайын
Алыс-жақын жерлерге алаңдадым.
Алыс-жақын жерлерді шалды көзім.
Жадау-жүдеу жапанда – жалғыз өзім.
Батар күннің қанқызыл жалқынына
Жабағы бұлт көнетоз малды бөзін...
Алыс-жақын маңайдың бəрі – ғайып!
Қорымжайдың қойыны – жарық, ойық.
Жан əкейдің қабірін таппаған соң,
Жапан түзде жыламай неғылайық.
Жапан түзде жыладым ебіл-дебіл,
Орындалмай ойдағым, көңілдегім.
Тиянақсыз, тынымсыз тіршіліктен
Жерінгенім бұл, бəлкім, жеңілгенім...
Қоңыр желең жамылып кеш келеді.
Қоңырайып төңірек сестенеді.
Жер көрпесін жамылып жатыр үнсіз,
Төмпешіктер елемей ештеңені.
Қорымжайда кім қалар түнемелге?
Түңілгенде не дермін түмен елге?
«Əкесі жоқ жетім, – деп, – жер бетінде»
Мойныма, ей, тағдыр, міне берме!..