Ауыр дертке шалдыққан Нұртасқа 1 млрд тұратын екпе қажет (видео)
Әлеуметтік желіде жарияланған видео көпшіліктің назарын аударды. Онда әскери киім киген ер адам төтенше жағдай салдарынан 20 күн үйінде болмай, елдегі әбігер біткен соң ғана жанұясына енді оралып жатқаны көрініс тапқан.
Алматы облысындағы әскери бөлімдердің бірінде қызмет ететін аға сержант ел басына күн туған сол бір күндерде қаңтар айының 3 мен 23 і аралығында әскери бөлімді күзетіп жиырма күн бойына үйіне келуге мүмкіндігі болмаған көрінеді.
Бүгінде 845 мың қаралымға ие болған видеода ұзақ уақыт әкелерін көрмеген балалар мәз мейрам болып, әкесінің шешінуіне де мүмкіндік бермей құшақтап алған. Сол қарбаласта балалардың біреуі «әке жаңа нәски алғансың ба» деп қайта қайта сұрауы елдің назарын аударып отыр. Үш жасар Нұртас Ерболұлының әлеуметтік желісінде жарияланған видеоның астына пікір қалдырған оқырмандарын балалардың нақ осы сөзі таң қалдырған көрінеді. Оған балалардың анасы Гаухар Қадырбекова: «Біз тапқан таянғанымызды азық-түлік пен дәрі дәрмекке жұмсаймыз. Сондықтан үйге жаңа нәрсе, киім алуға мүмкіндігіміз бола бермейді. Балалар жаңа нәрсені тез байқап, әкелерінің жаңа нәскиіне таңырқап жатқаны содан» деп оқырмандардың таңырқауына орай түсініктеме берген.
Атап өтер жайт видеоның соңында басқа балалардың соңынан ересектеу баланың жамбасымен жылжып әкесіне қарай жетуге талпынып келе жатқаны байқалады. Нұртастың ауыр генетикалық ауруға шалдығуы жанұясының әлеуметтік жағдайына айтарлықтай әсер етіп отырған көрінеді. Жұлын бұлшықет атрофиясы деген ауруға шалдыққан Нұртасқа құны бір миллиард тұратын екпе қажет.
Науқас баланың анасыГауһар Қадырбекова «Дәрігерлер бізге бұл өте ауыр дерт екенін, Қазақстанда емделмейтінін айтты. Американың Золгенсма деген препараты бар екенін білдік. Бұл сәбиіміздің өмірін сақтап қалуы мүмкін, бірақ оның құны миллиард теңгеге жуықтайды. Нұртас аз да болса бәрін түсінеді. Аулаға шығарғанымызда: «Әке, мен неге басқалар сияқты жүре алмаймын?» деп сұрайды. Оған қарау өте ауыр. Сондықтан Қазақстан халқынан көмек сұрауға мәжбүрміз», – дейді.
Ал Денсаулық сақтау министрлігі препараттың Қазақстанда әлі тіркелмегенін, аурудың өзі ресми тізімге жақында ғана енгізілгенін айтады.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, осы уақытқа дейін 120 қазақстандық сәбиге омыртқа бұлшықетінің атрофиясы деген диагноз қойылған көрінеді. Бүгінгі күні олар қымбат препаратқа зәру. Сондықтан көпшіліктің көңілін толқытқан жазбадағыдай қаншама отбасы бір нәски алуды жағдайы көтерместен ауыр жағдайда өмір сүруде...