Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:24, 31 Қазан 2022

Ауыз судан тарылған ауылдың болашағы жоқ

None
None

Қарағанды облысының елді мекендерінде халықты ауыз сумен қамтамасыз ету деңгейі әрқилы.

Шалғай ауылдардағы тіршілік нәрі келетін жүйелердің кетеуі кеткен. Мемлекеттен жеткілікті қаржы бөлінбей, жұрт бұл қиындықтан өз күшімен шықпасы анық.

Мәселен, 500-ге жуық тұрғыны бар Қарқаралы ауданың  Абай селолық округіндегі ауыз су құбырының тозығы жетіп тұр.

-Ауылдағы су құбырының жөнделгеніне   17 жылдан асты. Тұрғындар өзек жалғап отырған  құбыр бүгінде ескірген. Жұрт малын ауыл шетіндегі екі құбырға апарып суарады. Жекеменшіктің төрт түлігі табиғаттың үш мезгілінде ауыл маңындағы бұлақтар мен шағын көлдердің суын ішеді. Тұщы су келетін көне құбырдың ақауы  дер кезінде қалыпқа келмесе,  ауыл адамдарына ауыртпашылық әкелетіні анық.  Біз өз тарапымыздан аудандық құрылыс бөліміне ауыл ішіндегі құбырды күрделі жөндеуден өткізуге қаржы бөлу жөнінде хат жолдадық. Аудан сметалық құжат әзірлеуге қаржы бөлсе, республикалық бюджеттің қаражатына құбырымыз жаңарады деген үміттеміз,-округтің әкімі Рүстем Тақтанов.

Шет ауданына қарасты,  Ақшатау кентінде тұратын қараша   көптен бері ауыз судың зардабын тартып келеді.

-Ақшатауда су ұңғымасын бұрғылау көзжұмбайлықпен жүріп жатыр. Қырдағы таяз ұңғымалар зерттеусіз қазылу үстінде.  Негізі, кез келген геологиялық-барлаулар жұмысы  «Казнедраның» зерттеуі аясында атқарылуы керек. Бірақ жағдай басқаша бағыт алған.  Халықтың айтуынша, ауыл тұрғындарының күнделікті тұтынуына небары 25 шаршы метр су керек екен. Елді мекеннің  ішіндегі су жүйесі қалыпты жағдайда. Бүгінде қорда 500-ден 1000 шаршы метр су бар. Тек,  локальді жүйе қалыпқа келсе болды. Ал, айдалада беті ашық жатқан құдық суына радиация таралуы мүмкін, сондықтан оны пайдалану халыққа аса қауіпті.  Кенттегі 35 шақырым қашықтықтағы су жүйесін орталыққа тартудың шығыны көп, оны жөндеген күннің өзінде, тарифтің құны қымбаттап, тұрғындардың қалтасын қағады. Егер кенішке  келешекте ірі инвестор келсе, бұл істі өз күшімен еңсеруі ықтимал,-дейді облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі Ниқанбай Омарханов.

Былтырғы жылдың  мәліметіне сүйенсек, аймақтағы 75 мың адамға тұщы су тапшы. Өңірде  тоғыз қала бар десек, соның төртуінде су жеткіліксіз. Қарағанды, Теміртау, Балқаш және Қаражалға қосымша су құбырының желілерін салу керек.  Кейбір  ақауы шыққан құбырларды  жөнге келтіру міндеті тұр. Былтыр әкімдік облыстағы су тапшылығын шешу үшін «КазЦинк» АҚ-мен 15 шақырымдық пластик құбырын тасмалдау жайында уағдаластыққа отырды. 2023 жылға қарай, өңіріндегі барлық қалаларды орталықтандырылған су желісімен қамтамасыз ету көзделген. Мамандардың айтуынша, осы межеге сәйкес 2023-жылы шаhарларда тұрғындарды  тіршілік нәрімен қамту бойынша  кедергілер жойылады. Аталған қызмет аясында өткен жылы  90 жоба игеріліп, 25 жаңа нысан салынды. Келесі жаңалық, жақын уақытта елді мекендерде ұзындығы 295 шақырым су құбырының  кәріз желілері салынып, ескілері жаңартылады. Осылайша,  облыс аумағындағы су құбырының тозуы 67 пайызға, кәріз жүйелеріндегі ақауы 78 пайызға кемейді.  Мұнымен қатар,  11 нысан пайдалануға берілді.  Мұның сыртында, жүзден астам тұрғыны бар ауылдарға ауыз суды болок-модуль арқылы тазарту кешені қойылады. Пайдалануға жеңіл, құрастыруы оңай құралды қажеттілік туындаған жағдайда, бір жерден екінші жерге  ауыстыру оңай.  Аймақта жаңа ұңғымалар салу үшін жерасты суларына барлау жүргізілмек.  Ал, Абай және Қарабаста кәріздік сорғы станциясы аяқталады. Қарқаралы ауданының Қарағайлы кентінде және  Ақтоғай ауылында су станциясы салынады.

-Әйткенмен, жерді суландыру шарасы жақын арада аяқталатын түрі көрінбейді. Ендігі мәселе, су қоры бар жерлерге құдық шығарып, құбырлар салу арқылы алқаптарды пайдаға жарату қажет-ақ. Олай істемесек, жасаған жұмыстар зая етеді,-дейді Топар кентінде тұратын Моңғолияның  ауыл шаруашылық саласының ардагері Зарықхан Бағлатұлы.

Тегтер: