Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
07:34, 01 Наурыз 2023

Ауыз судың жыры қашан бітеді?

None
None

Мамлют ауданына қарасты Покровка ауылы тұрғындарын алаңдатып отырған өзекті мәселелер аз емес.

Ауылдықтар біресе «Еңбек» бағдарламасы бойынша салынған үйлердің сапасыздығына шағымданса, енді бірде ауыз судың әлі күнге дейін шешімін таппай, сиырқұймышақтанып бара жатқанына наразы.

Покровка ауылының тұрғыны Мақпал есімді азаматша хабарласып, ауылдың кіре берісіндегі күнделікті су сататын жалғыз пункттің су тазалайтын сүзгісі істен шыққанын, сол себепті тұрғындар тұзды су ішіп отырғанын, су желісін жүргізу мақсатында қазылған терең шұңқырлардың беті әлі жабылмағанын, оған мал да, адам да құлап кетуі әбден мүмкін екенін жеткізді.  

Қаланың іргесінде орналасқан ауылға 30 жылдан бері су тартылмағанын айтсақ ешкім сене қоймас. Тұрғындар есік алдындағы жер құдықты мал суару мен кір-қоң жууға пайдаланса, ішетін суды сатып алады. Су мәселесі тек 2021 жылдың соңына қарай құжат жүзінде рәсімделіп, жұмыс келесі жылы көктемде басталатын болған. Мамлют ауданы әкімдігінің сәулет, құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің экс-маманы Ғали Абдрашев: «Покровка ауылына су құбырын тарту және тарату желілерінің құрылысы бойынша ашық тендерді «Дәнекер» ЖШС жеңіп алғанын, бұл шаруа сәуір-шілде аралығында қолға алынатынын айтқан. Жоспарды жағдай бұзды ма, әлде жағдайды жоспар бұзды ма? Ол жағы қазірге белгісіз,  әйтеуір сәуірде басталып, шілдеде аяқталады деген жұмыс сол күйі аяқсыз қалды. Кейін бұл жұмыс басқа фирмаға табысталып, олар тамыз-қараша айларында толық аяқтаймыз деп кеудесін ұрған. Алайда олар да бұл жұмысты межелі уақытында біте алмады. Айтқан сөзінде тұра алмағанын көшедегі қазылып, беті жабылмай қалған терең шұңқырлардан анық аңғаруға болатындай. Осы жұмысқа жауапты маман Шыңғыс Жүнісов ауыл тұрғындарына судың 2023 жылы жүзеге асатынын айтыпты. Қарашаны көзбен ұзатып салған покровкалықтардың енді көктемді күтуден басқа амалы жоқ. Сонда су тарту жұмысына жауапты мамандардың «ауыл батпақты жерде орналасқандықтан, жердің қатқанын күтуге тура келеді» дегені жалған болғаны ма? Қара жердің нағыз қатқан кезі қаңтар мен ақпан емес пе? Ал покровкалықтар ауыл ешқандай батпақты жерде орналаспаған дейді. Жұмыстың кейінге созылғанын батпаққа жапқандарға не дейміз?

Біз бұл мәселенің ақ-қарасын ажырату үшін Покровканы бетке алдық. Шынымен де тұрғындары айтса айтқандай жол бойында самсаған шұңқырлардың бірде біреуінің беті жабылмапты. Ал жердің қатқанын пайдаланып, техникамен жұмыс істеп жатқан ешкімді көзіміз шалмады.  

Ауыл әкімі Мұрат Қарабалаев Покровка ауылында су құбыры және тарату желілерінің құрылысы жүргізіліп жатқанын жеткізді.

– Мамлютка қаласынан жеткізілетін ауыз су желісінің жұмысы жоспар бойынша үстіміздегі жылдың тамыз айында бітеді. Ал аптасына 5 күн тұрақты жұмыс істейтін таза ауыз су пунктінің сүзгісі толғандықтан, жылдам ауыстыруды қажет етеді. Осындай кезде тұрғындардың барынша сабырлы болуын сұраймыз. Сүзгіні бір-екі күнде ауыстыруға тырысамыз, – деп уәде бірді ауыл әкімі.

Су беру пунктіне жауапты Анарбай Қалдаровтың айтуынша, шағын темір үйдегі тазалағыш құрылғы тіршілік көзін 30 метр тереңдіктен сорады екен. Су алдымен үлкен пластик бөшкеге құйылып, одан кейін қатарынан 5 сүзгіден өткеннен кейін барып тұтынушыларға беріледі. Бастапқы екі сүзгіні күнделікті қолмен тазалап отырмаса құм мен тұз қалдықтары толып қалады. Сүзгі тоза бастағанда судың дәмі сәл тұздылау болады, «NURSUPLUS» ЖШС-ның мамандары айына бір рет келіп судың тазалығын тексереді. Тұрғындар судың бір литрін бір теңгеге сатып алады.

Ендігі мәселе – беті ашық жатқан шұңқырлардың қашан жабылатынында. Терең ұраларға байқаусызда түсіп кетсе, мал мен адамның мертігетіні айдан анық. Ауыл әкімі оқыс оқиғаның алдын алу үшін тиісті шаралар жасалатынын айтты.  

Покровкалықтар ауыз сумен қоса облыс орталығына қатынайтын автобустың жайын да көлденең тартты. Олар Петропавлға жету үшін бағасы қымбат такси қызметін пайдалануға мәжбүр. Өйткені ауылдың іргесіне келіп тоқтайтын жалғыз автобус осыдан біраз күн бұрын жұмысын тоқтатыпты. Себеп, жолаушылар саны аз, үкіметтен субсидия алмағаннан кейін бензин ақысын ақтамайды. Ал Петропавлдан Майбалық, Айтуар, Катанай, Пресновка, Казанка, Чистое бағытында жүретін автобус бағыттарының барлығы Покровкаға бұрылмай күре жолмен тура тартатын көрінеді.

Біз мәселенің мәнісін білу үшін Мамлют ауданының әкіміне жолығуды жөн көрдік. Біз барғанда әкімшілік ғимаратының алдына біраз тұрғын жиналып үлгеріпті. Әрқайсысының өз уәждері бар көрінеді. Алайда аудан басшысымен жүздесудің сәті бұйырмады. Дегенмен де аудан әкімінің бірінші орынбасары Айсұлу Тайменова, аппарат басшысы Ғабит Мүсірепов, Мамлютка қаласының әкімі Еркін Самарханұлы  тұрғындардың мұң-мұқтажын жылдам шешудің жолын қарастыратынын жеткізді.

– Аудан мен облыс орталығына төте қатынайтын жалғыз автобус әкімдік иелігіндегі  мүлік емес. Сондықтан бұл шаруа бүгін-ертең шешілмейді. Біз осы жайтты көтеріп, Петропавл қаласының әкімдігіне хат жаздық,  – деді Мамлютка қаласының әкімі Еркін Самарханұлы.

Тұрғындар қала әкімінен аудан орталығындағы көше автобусының жұмысы қашан жолға қойылатынын сұрады. Бұрын қаланың бір шеті мен екінші басына 80 теңге төлеп жететін олар қазіргі уақытта такси жүргізушілеріне 800-1000 теңге төлеуге мәжбүр.  

– Мен Петропавлға бару үшін Жұмысшы кентінен орталыққа дейін 800 теңге төлеп,  таксимен жетуім керек. Одан кейін автобусқа 360 теңге төлеймін. Ал аудан орталығына жаяу жүріп жетуге кемінде жарты сағат уақыт жұмсайсыз. Ал бала-шағалы, қарт адамдар қайтпек? Мұндай болғанда автобуспен емес, бірден таксиге отырып кеткен дұрыс емес пе? – дейді Жұмысшы кентінің тұрғыны Эльмира Жәдік.

Көше автобусы індет белең алған тұста, адам санының азайғаны себепті өз жұмысын тоқтатыпты. Ал қазір шектеулер алынса да қоғамдық көлік жүргізуге асығар емес.  Жергілікті биліктің айтуынша, бұл мәселені шешу үшін конкурс жарияланған. Оған  қатысушылар табылса, бір автобус үш мезгіл тұрғындарды тасымалдаумен айналыспақ.

Тегтер: