Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:28, 21 Қыркүйек 2021

«...Аузы жаман елді былғайды»

None
None

        Өткен  аптада  елордада XVII Еуразиялық медиафорум  болып  өтті. Әрине,  қазіргі пандемия  жағдайына  байланысты  бұл  жиын онлайн және офлайн   форматта болды.

Айта кетейік, форумға  25  елден  келген  халықаралық   сарапшылар,  саясаткерлер  және  өз  еліміздің  БАҚ  өкілдері, ғалымдар мен қоғам, мәдениет  қайраткерлері  қатысты.  Жөн-ақ. Бұл жолғы  басқосуда да  сарапқа  салар  мәселе  көп  болды. Өйткені форумның үш  күнге созылуының  өзі  біраз  нәрсені  аңғартса керек-ті. Медиафорумға  президент құттықтау  жолдап, биліктегі өңкей ығай мен сығай  қатысқаны белгілі.

       Еске  сала кетер  бір  жайт,  бұл  Еуразиялық  медиафорум 2002 жылдан бері өтіп келеді. Кей  жылдары бұл  алқалы  жиынға ұзын  саны 500-ден кем емес сарапшылар  бас  қосқан  кез де  болған. Ал форумның  алға  қойған  мақсаты – әлемде  өзара  түсіністікпен  диалогты  арттыру.  Дұрыс-ақ.  Айтқымыз келгені бұл  емес.  «Ораза,  намаз  тоқтықта»  демекші,  дәл  қазір  халыққа   көк  тиындық  пайда әкелмейтін  осындай  форумды  өткізу  қаншалықты  қажеттіліктен туындап  отыр? Осыдан біраз  бұрын  ел  президенті  Тоқаев  «қажеті  жоқ  түрлі  басқосуларды  шектеу  керек»  деген  тақілеттес   әңгіме айтқан.  Қуанып  қалып  едік.  Өйткені  тәуелсіздік алғалы  бері  Қазақстан  қажетті,  қажетті емес  түрлі  басқосудың  алаңына арналып кеткендей  еді. Түрлі  деңгейдегі  экономикалық  форумдар, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының  съезі,  медиажиындар т.б.

       «Күлтөбенің  басында күнде жиын» дегендей, осы алқалы  басқосулар Қазақстанға  не берді? Халықтың тұрмысын көтеретіндей, сөз  бостандығы  қанат  жаятындай  қылаудай  пайда әкелді  ме? Қайдам...  Аста-төк  шашылыс.  Жүз  миллиондап желге  ұшқан  ақша (өкініштісі,  өткізіліп  жатқан  медиафорумға  кеткен  қаржы еш  жерде көрсетілмейді). Сарапшылар келеді,  кетеді.  Тіпті  келген  жерден ас  ішкен  соң,  кейбірі  «Қазақстан  анадай,  мынадай»  деген  секілді мақтауларды  да аямайды. Өйткені билік  олардың  алдында  жайылып  жастық,  иіліп төсек  болып жүрсе,  келер-кетер  жолын, тұратын  орнын,  ішер асын  төлеп  жатса кімге  жаман?! Аузына келіп  қалған  бір-екі  жылы сөзді айта  салары  хақ. Оған  біздің билік бөркін  аспанға атып мәз. Мұндай  даңғойлық, бос мақтан, бөспелік  қажет пе бізге? Тіпті  осы  медиафорумда  Қазақстанда қалыптасқан  қиын  жағдай тілге тиек етілді  ме? 

       Әрине, жоқ. «Шамның жарығы  түбіне түспейді»  демекші, айтылар  нәрсе көп еді. Елдегі  қуаңшылық, пандемияға байланысты  орта  және  шағын  кәсіпкерліктегі қиын  жағдай, экология, әскери қоймалардағы  жарылыстар,  әлсін-әлсін  қайталанып отыратын  ұлтаралық қақтығыстар, көпбалалы  отбасылардың ауыр  тұрмысы  т.б.  Мұндай тақырыптарды  шетелдік қонақтар  алдында көтеруді  біздің билік һәм осы форумды  ұйымдастырып отырғандар ар-ұят көретін секілді. «Аяғы  жаман  төрді  былғайды, Аузы  жаман  елді  былғайды»  демекші, ары-беріден соң,  Қазақстанға  оң  көзбен қарамайтын  ресейлік сарапшыларды,  оның ішінде  Ксения Собчак  секілді бейпіл ауыздарды шақыру  қаншалықты қажеттілік  болды? Собчак  байламды  ой  айтады  деудің өзі күлкілі. Жалпы,  елде індет ушығып, қаралы хабарлар  күнде естіліп  жатқан  кезде  форумды ұйымдастырушылар нені  ойлады? Халықтың  наразылығын арттырып  аламыз  демеді ме екен? Белгісіз. Жалпы, мемлекетке, халыққа ешқандай  пайда әкелмейтін басқосуларды қысқартатын кез келді.

Тегтер: