Австралия Украинаға 49 Abrams танкісінің басым бөлігін жеткізді

Австралия үкіметі Украинаға уәде етілген 49 M1A1 Abrams танкісінің басым бөлігін жеткізді. Бұл туралы Австралия Қорғаныс министрлігі хабарлады.
M1A1 Abrams үлгісіндегі ауыр танкілер АҚШ-та өндірілген, ал оларды Австралия 2007 жылы сатып алған болатын. Бұл танкілер ешқашан соғыс алаңында қолданылмаған және ел ішінде тек жаттығу мақсатында пайдаланылған. Қазір Канберра оларды жаңа M1A2 модельдеріне ауыстырып жатыр.
Жеткізу бірнеше рет кешіктірілген
Танктерді Украинаға жеткізу туралы шешім алғаш рет 2024 жылы жарияланған. Бірақ түрлі саяси және техникалық себептерге байланысты тасымалдау бірнеше рет кейінге шегерілді. 2025 жылғы сәуірде австралиялық ABC телеарнасы АҚШ тарапы Австралияның бұл танкілерді Украинаға беруіне рұқсат бермей отырғанын хабарлаған. Себебі, танктың дрон шабуылдарына осалдығы оны қазіргі замандағы соғыс жағдайында тиімсіз етуі мүмкін деген күдік болған.
Алайда 2025 жылғы мамырда АҚШ үкіметі бұл шектеуді алып тастап, Канберраға жеткізуге рұқсат берді.
Жалпы құны — 160 миллион доллар
Австралия Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, танктердің жалпы құны шамамен 160 миллион долларды құрайды. Қалған бөлігі жақын айларда жеткізіледі деп жоспарланып отыр.
Сонымен бірге, Канберра Украинаға соғыс басталғалы бері барлығы 980 миллион доллар көлемінде әскери және гуманитарлық көмек көрсеткенін мәлімдеді.
Сарапшылар Abrams танкілері Украина Қарулы күштерінің техникалық әлеуетін арттыруы мүмкін екенін айтады.