Автобустар зираты: Алматы әкімдігі жүрмейтін көліктер туралы пікір білдірді
Алматы әкімдігі көлік тұрағында жүрмейтін автобустар бойынша пікір білдірді.
Алматы қаласы Мәслихатының кезектен тыс VII сессиясында депутат, қоғам қайраткері, эколог Тимур Елеусізов «автобустар зираты» мәселесін көтерді.
Қазір әлеуметтік желіде 600 автобус пен 100 троллейбус жайлы «автобус зираты» мәселесі көтеріліп жатыр.
Оған Қалалық мобильділік басқармасының басшысы Сағындық Телібаев жауап берді. Оның сөзінше, бұл тұрақта 823 автобус бар, оның 651-і сенім басқаруы негізінде «Green Bus» ЖШС жұмыс істеген.
«Бұл автобустар 2010-2013 жылдары шығарылған. Қазір олардың тозығы жеткендіктен жөндеу мүмкін болмай емес. Ал қалған 157 автобусты Алматы облысының балансына бердік. Жалпы саны 15 болатын 18 метрлік ЛиАЗ автобустары сақтауда тұр. Қазір олардың бөлшектері сатып алынуда және де биыл бұл 15 автобусты жөндеуді жоспарлап отырмыз», — дейді ол.
Еске салайық, бұған дейін алматылық Алматы облысындағы Жетіген ауылындағы автобустар «зиратын» көрсеткен болатын.
Кейін Алматы облысының әкімдігі Алматы маңында автобустар «зираты» қалай пайда болғанын айтып берді.