Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
15:37, 10 Маусым 2022

Автомобиль үйіндісін төгетін алаң...

None
None

Біреудің қаңсығы, қарағандылықтарға таңсық болып тұр. 90-жылдары  шаhар көшелерінде немістің кетеуі кеткен жеңіл көліктері қаптап кетті.

Бұл күнде солардың алғашқы легінің жұмыр жерде жұрнағы қалмады. «Ауру қалса да, әдет қалмайды» деген мәтелді кенді өңірдің автоәуесқойларына телісек болады. Германияның темір тұлпарынан құтылдық дегенде, енді өңірді Ресей мен Армениядан әкелген сұрықсыз көліктер жаулап алды. Соған қарағанда, біздің аймақта автомобиль үйіндісін төгетін алаң ашылатын түрі бар. 

МАИ көрмегенді, халық аңғарады

— Түнеу күні, көрші жігіт «100 мың теңгеге машина алдым» деп қуанып келді. Айтуынша, Армениядан әкелінген екен. Көлігін көріп, «әбден тозығы жеткен екен» деп айтқым келді. Бірақ көңіліне келер деп үндемедім. Ол машинасын тіркеуге қоюға асықпайтынын, техникалық сараптамадан өтпейтінін, салық төлемейтінін, кеден төлемдері алынбайтынын тізбектеп, үлкен олжаға теліді. Қалада осындай қауіпті машинамен таксист болып жүргендер бар. Бәрінен бұрын, жолаушылардың өміріне қатты алаңдаймын. Әлде, олар тексеруші құрылымдарға пара беру үшін қажет пе?, – деген сын айтты қала тұрғыны Әбеу ақсақал.

— Ресей мен армениялық машиналардың арасында пайдалану мерзімі 30 жылға жеткендері бар. Мұндайлардан «Еуро-5» сертификатын талап етудің өзі артық. Біз үнемі үлгі ететін Еуропада МАИ инспекторлары осындай көлікті көрсе, бірден тәркілейді, бүтіндей жаңартпай жолға шығу рұқсат бермейді. Ал біздегі полицейлер марғау, – деді  Зәуре Айтбай.

«Жартасқа бардым, күнде айғай салдым...» Абайдың сарынымен келеміз

Отандық сарапшылар бұған дейін  де, халыққа  ЕЭО елдерден әкелген көліктердің 90 пайызы ескі екенін ертеден ескерткен. Әкімшілік полиция халыққа әу бастан, пайдаланудан шығып қалған машиналардың арасында Ресейдің өзінде тіркеуге алынбаған, сот санкциясы салынған автокөліктер бар екенін мәлімдеген. Бұл аз десеңіз, Қазақстанда «кез келген елден әкелінген көлік тұрақты тіркеуге қойылуы керек» деген заң бар. Жеңіл ойлы жүргізушілер тәртіпке бағынбай келеді. Демек, бізде заңның орындалысы күмән тудырады. Облыстық прокуратураның ресми өкілі Бәтима Таукенова «Жоғарыдағы елдерден әкелінген кілтипаны көп көліктерге тексеріс жүргізу – жол полициясының міндеті», – деп сырғытпа жауап қайтарды. Ал облыстық полиция департаментінің баспасөз хатшысы Бақытжан Құдияров төмендегідей  уәж айтты:

  • Өткен аптада, облыс орталығында, ресейлік нөмірлі екі автокөліктің иесі ұсталып, көліктері тұраққа қойылды. Сол күні, Жезқазған қаласында осындайқұқық бұзушылық фактісі бойынша екі көлік тәркіленді. Ол машиналарды тексергенімізде, бұған дейін де 3 миллионға жуық айып арқалағанболып шықты, – дейді ведомство өкілі.

 Сонымен, майлы жіліктің басын ұстаған МАИ қызметкерлері «Ресей мен Армения аумағынан келген төрт бірдей автомашинаны құрықтадық» деп маңғазданып отыр. Қарапайым тұрғындар аулаларында күнара қаздай тізіліп тұратын осындай көліктерінің бірнешеуін қиналмай-ақ, көрсетер еді. Қалай болғанда, бұл міндет – жол инспекторларының жоспарына кірмей қалған  жүктеме болар. Бізді алаңдататыны, ресми тіркеуге тұрмаған машинаны айдаушылардың арасында қылмыскерлер болуы әбден мүмкін. Мұндай қандықол қарақшылардың қауіп-қатерінен алдын ала қорғауға полицейлер де пәрменсіз.  

Бұдан шығатын қорытынды:

Ойымыз өркениетті елдің қатарына ену, ісіміз оған дес бермей тұр. Сонда, дамудың даңғыл жолына қашан жетеміз?

Тегтер: