Axios: АҚШ алғаш рет Украинаға НАТО-ның 5-бабы үлгісіндегі қауіпсіздік кепілдіктерін ұсынды
АҚШ президенті Дональд Трамп Киевке тарихи сипаттағы жаңа ұсыныс жасауға дайын: Украинаға қарсы кез келген шабуылды бүкіл трансатлантикалық қауымдастыққа жасалған шабуыл деп қарастыру.
Бұл туралы Axios порталы 21 қараша күні қолына түскен құжат жобасына сүйеніп хабарлады.
Трамптың бейбіт жоспары Украинаға НАТО деңгейіндегі кепілдік беруді көздейді
Axios-тың жазуынша, Трамп әкімшілігі Украина үшін дайындаған бейбіт жоспарға НАТО Шартының 5-бабы үлгісінде жасалған қауіпсіздік кепілдіктері енгізілген.
Бұл кепілдік АҚШ пен Еуропа елдерін Украинаға жасалған шабуылды барлық одақтастарға жасалған шабуыл ретінде қарауға міндеттейді.
Жаңа құжат 20 қарашада АҚШ Құрлық әскерлері министрі Дэниел Дрисколл тарапынан Зеленскийге берілген 28 тармақтан тұратын жоспарды толықтырады.
Axios мәліметінше, құжат Украинадан «құрбандықтарды» талап етеді, бірақ сонымен бірге уәде де ұсынады. Зеленскийдің басты мақсаты саналатын АҚШ пен Еуропадан нақты қауіпсіздік кепілдіктерін алу мүмкіндігі беріледі.
Қандай кепілдіктер ұсынылған?
Axios көрген жаңа жобада Ресейдің Украинаға жасайтын кез келген әдейі, ұзақ мерзімді қарулы шабуылы тұтас трансатлантикалық қауымдастықтың тыныштығы мен қауіпсіздігіне жасалған қауіп ретінде бағаланатыны жазылған.
Мұндай жағдайда АҚШ және оның одақтастары әскери күш қолдануды да қоса отырып, жауап беруге дайын екені көрсетілген.
Кепілдіктердің мерзімі – 10 жыл, кейін тараптардың келісімімен ұзартылуы мүмкін.
Axios дереккөзі бұл ұсыныс әлі Еуропа елдерімен талқыланып, өзгерістер енгізілуі мүмкін екенін айтады.
Жаңа құжатта Украина, АҚШ, ЕО, НАТО және Ресей қол қоятын арнайы жолдар қарастырылған. АҚШ-тың жоғары лауазымды өкілі Ресейдің бұл ұсыныстан хабардар екенін айтқанымен, Путиннің қол қоюы қажет пе – белгісіз.
Кремль өкілі Дмитрий Песков 21 қарашада Зеленскийдің бейбіт жоспар бойынша келіссөзге дайын екені туралы ақпарат Мәскеуге түспегенін мәлімдеді.
Трамп әкімшілігі мұны Украина үшін «ірі жетістік» деп санайды
Axios сұхбат берген дереккөздің айтуынша, Трамп командасы бұл ұсынысты Украина мен Зеленский үшін ұзақ мерзімді қауіпсіздік саласындағы үлкен жеңіс деп бағалайды.
28 тармақты жоспарды әзірлеуді президенттің арнайы елшісі Стивен Уиткофф басқарған. Ол 15-16 қараша күндері Украина ҰҚК хатшысы Рустем Умеровпен қауіпсіздік кепілдіктерін талқылаған.
20 қарашада кепілдіктер Зеленскийге жазбаша түрде берілген.
Жоспардың басқа тармақтары қандай?
AFP бұған дейін хабарлағандай, Трамп жоспары Украинаға белгілі бір территориясынан бас тартуды қарастырады:
-
Қырым, Донецк және Луганск де-факто Ресей аумағы ретінде танылады;
-
Херсон мен Запорожье қазіргі фронт сызығы бойынша бөлінеді;
-
Екі тарап шекараларды күш қолдану арқылы өзгертпеуге міндеттеледі;
-
НАТО әскері Украина аумағына орналастырылмайды.
Жоспарға сәйкес:
-
Украинаны қалпына келтіруді АҚШ пен Еуропа қаржыландырады;
-
Осы мақсатқа Ресейдің 100 млрд доллар мұздатылған активі жұмсалады;
-
Ресейге салынған халықаралық санкциялар кезең-кезеңімен алынуы тиіс;
-
Мәскеу мен Вашингтон ұзақ мерзімді экономикалық ынтымақтастық туралы келісім жасайды.
Трамп жоспары сонымен бірге:
-
бейбіт келісімге қол қойылғаннан кейін дереу оқ атуды тоқтатуды,
-
әскери тұтқындарды «бәріне бәрі» формуласы бойынша алмастыруды
қарастырады.
AFP дерегінше, келісімнің орындалуын Дональд Трамп басқаратын «бейбітшілік кеңесі» бақылауы тиіс.
Бұл құжат ресми түрде жарияланбағанымен, ол халықаралық саясаттағы ең даулы және ықпалды жоспарлардың бірі ретінде талқыланып жатыр.