Axios: АҚШ пен Ресей Украина бойынша құпия жоспар әзірлеп жатыр
АҚШ пен Ресей билігі Украинадағы соғысты тоқтатуға бағытталған жаңа, құпия келісім жобасын дайындап жатыр.
Axios порталының хабарлауынша, Вашингтон әкімшілігі әзірлеген бұл жоспар 28 тармақтан тұрады және төрт негізгі бағытты қамтиды: Украинадағы бейбітшілік, қауіпсіздік кепілдіктері, Еуропа қауіпсіздігі және Вашингтон–Мәскеу–Киев қарым-қатынастарының болашағы.
Құпия келіссөздер қалай өтіп жатыр?
Axios мәліметіне сүйенсек, АҚШ президенті Дональд Трамптың әкімшілігі Ресей билігімен жабық форматта келіссөздер жүргізуде. Бұл туралы 19 қарашада АҚШ пен Ресей үкіметіндегі дереккөздерге сілтеме жасай отырып хабарланды.
Жобаның мазмұны толық ашылмағанымен, басылым оны Трамптың Газадағы қақтығысты реттеу бойынша сәтті бастамаларынан шабыт алған жоспар деп сипаттайды.
Уиткофф пен Дмитриев арасындағы кездесулер
АҚШ президентінің арнайы өкілі Стивен Уиткофф құжатты әзірлеумен айналысып жатыр және оны Ресей президентінің арнайы өкілі Кирилл Дмитриевпен егжей-тегжейлі талқылағаны айтылды.
Дмитриев 24-26 қазан аралығында Майами қаласында болып, Уиткоффпен және Трамп командасының басқа мүшелерімен үш күндік келіссөздер өткізгенін мәлімдеген.
Ол X әлеуметтік желісінде:
«АҚШ-та Уиткоффпен өте өнімді үш күндік кездесулер өткіздік – Украинадағы бейбітшілік, сауда және экономикалық ынтымақтастық жолдарын талқыладық. Жақын уақытта алға жылжу болады деп үміттенемін», – деп жазған.
Жоспардың мазмұны әзірге жария емес
Axios тараптардың Украинадағы территориялық мәселелер бойынша ұстанымын немесе жоспарды қандай екенін нақты ашып жазбаған. Бір ғана белгілі жайт – келіссөздер жалғасып жатыр және тараптар бірқатар қосымша бастамаларды да талқылауда.
18 қараша күні Кирилл Дмитриев Ресей мен АҚШ тұтқындар алмасудың жаңа мүмкіндігін де қарастырғанын айтқан.